Ауған қазақтарының тарихы

Oinet.kz 26-12-2020 1332

1985 жылдың 14 қазанында Бендершедегі (Иран) Айжарық деген кісінің баласы әскерден оралып, той жасады. Сол тойда көптеген дуалы адамдармен таныстым. Ауғанстаннан келген Саламат бай, Орақ молдаларға жолығып, еңгімелестім. Олардың өтініші бойынша Түркияға жету жолымызды әңгіме еттім. 

Screenshot_7.jpg

Ауғанстандық Саламат бай, ең дәулетті, көзқарақты адам екен. Сол кісінің еңгімелеуі бойынша Ауғанстан қазақтарының көш тарихын назарларыңызға ұсынамын: 

Ауғанстан қазақтары шамамен 1865 жылда Тәжікстанға қарай жол тартқан көрінеді. Адай руының Қосай, Еміл тобы <Тесіктен өтеміз> деп, Тәжікстанның Гулаб деген жеріне келеді. Бұл адамдарды Арқадан, Кенжебек, Берістен деген кісілер бастап көшіпті. Үй саны 1000 қаралы көрінеді. Олар көшкен бойда Ауғанстанның Апқол, Бағлан, Пулқұмыр, Лочы қатарлы елді мекендеріне қоныс тебеді. Ол Шерхан патшаның заманы еді. 

Ауғанстанның мемлекет басшыларының бірі – Сұлтан Ғалифан қазақтарға басымшылық танытып, үйден кілем алдыртып, үстіне қазық қағып, атын арқандайды. 

"Қой етін жемеймін, тауық етін тауып беріңдер" деп, қиғылық сала беріпті. Бұл қорлыққа шыдай алмаған ел, қайта көшіп, Амударияға жақын келе, бір асудан асады. Сол асу күні-бүгінге дейін <Қазақ гүзар> яғни <Қазақ асу> деп аталады. Ел асудан асып, ірге теуіп орналаса берген сәтте, Сұлтан Ғалифан қарулы әскермен соңдарынан қуа шығады. Қазақтар көшті Амудариядан өткізіп қоныстандырып, жау жолына керегелерді төсеп, өздері сойылмен андып жатады. Қарулы қол керегеге сүрініп, жығылған сәтте сойылдап, нөкерлерін өлтіріп жібереді де, Сұлтан Ғалифанды ұстап алады. 

Ауғанстан өкіметі, қазақтарға "қалған дүние-мүліктеріңді қайтарайық. Сұлтан Ғалифанды тірідей қайтарыңдар" деп талап етеді. <Өліспей берісетін> халықпыз ба! . Сұлтан Ғалифанды тірідей жерге көміп, азаптап өлтіреді. 

Сонымен, қайтып кеткен ел, Тәжікстанның Гұлапстан деген жеріне орналасады. <Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған> мамыражай күндерде бұларға көз алартқан ешкім болмайды. Олар – Тәжікстан өкіметіне талап қойып

Гулапстанның шүйгінді де, құнарлы мекені болып саналатын отыз екі бұлағының бойын иеленіп, ресми түрде өз аттарына бекіттіріп алады. Жердің құнарлылығы сондай, жабайы пісте қисапсыз өседі екен. Қазақтар, сол пістелерді жинап, жылына бір рет кіре тартып, базарға апарып саудалайды. Соның нәтижесінде шектен тыс ылықсып байып алады. Осылай <көйлектері көк, тамақтары тоқ> жарты ғасырды артқа тастайды. 

1917 жылы Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл ел басына нәубет келіп, қайта босып, Ауғанстанға барлық мал-мүлкімен өтіп кетеді. Оларды Адай-Қосай тайпаларынан Бүркітбай, Тоқсаба, Ғұмар молда, Мұналдан Жарған қажы, Қырықмылтықтан 

Қожахмет бай , Табыннан Досан би қатары ел ағалары бастап алып шығады. Бірақ, Ауғанстан жерін менсіңбеген мал, түгелдей қырылып халық ашаршылыққа ұшырайды. Жан бағуды күйттеген ел азаматтары Кеңес еліне өтіп, басмашыларға қосылып, кеңес әскерімен соғысады. 

Ол кезде Түркиядан Әнуар паша барып қатысқан басмашылық, яғни ұлтьық күрес әлемге аян. Ауғаністандағы қазақтар, толассыз кеңес жеріне өтіп, комунистерге шабуыл жасап тұрды. Сол кездегі Ауғанстанның мемлекет басшысы Надыр шахқа: "Басмашыларыңды тый, немесе бізге ерік бер" деп талап қояды. 

Надыр шах: "Мен өзім қоныстандырдым. Енді тыя алмаймын" деп бас тартады. Надыр шах қазақтарға шабуыл жасауға келіспегеннен кейін, Кеңес өкіметі арнайы қарулы әскер шығарып, елді аяусыз қыра бастайды. <Қорғансыз елге қатын би> дегендей, емін-еркін сайран салып, екі айдай елді қойша қырып, аттанады. 

Қазақтар: 

– Біз Ауғанстанды <мұсылман ел> деп паналап келсек, бізді қорғамай кәпірге қырғызды, – деп Ауған елімен соғысады. Бұл қырғын бес жылға жалғасады. Екі жақ та шығынға мейлінше батады. 

Бұл аласапыран ауыр кезде, бас сауға іздеген адамдардың кейбірі Кеңес өкіметіне өтуге мәжбұр болады. Кеңес өкіметі, қашып келгендерге ерекше көңіл бөліп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, <Қалғандарды да шақырыңдар!> деп, кең пейілін көрсетеді. Арып-аршып жүрген сорлылар, <ұзын арқан, кең тұсауға> арқаланып, келе бастайды

Бұл жағдай үш жылға жалғасады. Осы кезде Кеңес одағында бір зор мереке тойланады. <Ауғаністаннан келгендерге ерекше ілтипат көрсетіледі> деп, елді емексітеді. Сөйтіп үй тігіліп, үлкен-үлкен қазандар әкелінеді. <Бұл не деген батпан құйрық, 

тегіннен-тегін жатқан құйрық> дегендей

бұл аста-төк <жақсылыққа> алданған елдің бас-аяғы осында жиналады. Бұларды тарпа бас салып, көбін ату жазасына бұйырып, итжеккенге айдайды. Сондықтан, басынан қайғы бұлты сейілмеген, тыныш ұйқы, беймарал тірліктен айрылған 2000 дей отбасы Ауғаністанға қайта ауып барады.

1935 жылы босқын ел, өгіздің терісін бітеу сойып үрлеп, сал жасап, түнде Амудариядан өтеді. Дарияның бойын күзеткен шеқара күзетшілеріне дымдарын сездірмеген қазақ босқындары бір-біріне белгі бергенде жолбарысша ырылдасып тіл қатысқан екен. Баланы жылатпауға дәрмендері жетпеген жағдайда суға да батырып жіберген. Сөйтіп, үрейден тұншыққан ел, 4 сағатта жан-дәрмен арғы жағаға өтіп тыныстапты. 

<Бірде артын, бірде алдын берген> мың құбылған заман ғой. Дәл осы тұста қазақтардың бағына қарай Надыр шах қайтыс болып, орнына таққа отырған Заһир шах, жалпы елге бейбітшілік орнату мақсатында ел арасындағы бұрынғы бүліншілікті тоқтатып, ауыр қылмыскерлердің күнәсін кешіріп жатқан екен. Соның нәтижесінде азып-тозған қазақтарға ешкім соқтықпай, баяғы мамыражай тірлікке оралғандай ғұмыр басталады. Мал бағып, егін егіп, жандарын жалдап күн көреді. 

Жарты ғасырдан асқан бұл тірлік осылай жалғаса берер ме еді. Егер де Ауғанстанда соғыс өрті тұтанып, оған кеңес өкіметі араласпағанда. Халық қайта тынышсызданды. Босқындық қайта туды басымызға. Бұл күнде Ауғанстаннан үдере көшкен ел, Иран, Пакістан мемлекеттеріне барып ірге тебуде. Түркияға да барып орналасқандар бар. 

Дегенмен бара бергеніміздің бір нәтижесі, Түркияға көшпенділер ретінде қабылдайтын болып, 530 үйдің тізімі мен суретін Анкараға жіберді. Мұнын іске асуы үшін де көп уақыт керек. 

Бұл әрине 1985 жыл екені оқырман қауымға түсінікті болар. Содан бері де 14 жыл өтті. Ауғанстан қазақтары атажұрт Қазақстанға да келе бастады. Бұл көптен бергі ізгі арманның іске асуының жарқын бір мысалы. 

1933 жылдары Қазақстаннан Ауғанстанға ауған елдің ұзын ырғасы 2000 дай отбасы болатын. Олар маңдайына бұйырған нәсібесін теріп жеп күнелтті. Бірі мал бақты, екіншісі егін екті. Кейбіреулер қолөнерді кәсіп етті. Табаны күректей жарты ғасыр ішінде амалын тауып байығандар да жеткілікті. Ептеп күн көретіндері де бар. Алайда оқу-ағартудан мақұрым көрінеді. Ішінара дини сауаттылары ғана бар. 

ҚАНАҒАТ МОЛЛАНЫҢ АЙТУЫ БОЙЫНША АУҒАНСТАНҒА ҚАЗАҚТАРДЫҢ КЕЛУІ

Орал облысын мекендейтін елдің басым көпшілігі Кіші жүздің Байұлы руынан. Николайдың <балаларыңды оқуға беріңдер> дегені, көңілдеріне секем ұялатқан ел, бұдан құтылудың жолы ауа көшу деп тауып, Ауғанстанды бетке алады. Олардың ұзын ырғасы 3000 дай үй еді. 

Абдірахман хан Ауғанстанда таққа отырған жыл. Бұл елді бастап шыққан Қалмұхаммед пен Беркін Ауғанстанға жетпей қайтыс болады. Олардан кейін елді бастаған; 1. Байбақтының Естерек биі, 2. Мұнал руының Жарған қажысы, 3. Адайдың Тоқтамысы еді. Бұлардың әрқайсысына Әбдірахман хан <мың басы> деген атақ береді. 

Ауғанстан өкіметі Баглан, Гори деген жерлерден жер-су беріп, шабындық жерлерге орналастырып, шаруалыққа бейімдейді. Сол жерді игеру үшін 3 жылдан кейін өтеңдер деп, қарызға ақша берген. Ірге теуіп, арқалары кеңи бастаған ел 3 жылдан кейін өзара жауласа бастайды. Осы алалықтың салдарынан Жарған қажы, Тоқтамысқа өкпелеп, 1500 үйімен қайтып кетеді. Тоқтамыс жергілікті өкіметке: <Берілген қарызды қайтқан ел өтемей кетті. Бізге кешірім етіңіздер> деп арызданады. Ауғанстанның өкімет басшылары, бұларға кешірім еткендерімен, төменгі шенеуніктер: "Қарызды өтеңдер, немесе жоғары орыннан кешірім етілген анықтама екеліңдер> деп, талап қояды. Тоқтамыс бұл анықтаманы жоғалтып алады да, бір бөлек елді ертіп алып, ол да кеңес еліне қашып кетеді. 

Сонымен, Ауғанстанда Есентемір руынан 200 дей отбасы қалады. Оларды жергілікті өкімет 3 айдай қамап, ақыры өз беттеріне жібереді. Осылай өсіп-өрбіген ел бүгінге жетіп отырмыз. 

Әрине Қанағат молданың бұл айтып отырған отбасылары Саламат бай айтып отырған отбасылар емес. Ауғанстанға босқан елдің екінші бір бөлегі екендігі өзінен-өзі белгілі. 

Сонымен, Ирандағы қазақтарды аралап, той, мәуліттеріне қатысып оралдым. Көрген, білгенімді қағаз бетіне түсіріп отырмын. 

ХАЛИФА АЛТАЙ "АЛТАЙДАН АУҒАН ЕЛ" 

Алматы 2000

(Сурет басмашылар) 

Абдуррахим Алтай парақшасынан алынды

«Соншалықты не жазып еді осыншама қорлайтындай?» Қарғыс атқыр Сталин мен большевиктер
Кедейдің ақ жылқысы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу