Түйенің мойны неге қисық? (аңыз)

Oinet.kz 15-01-2018 1047

ТҮЙЕ.jpg

Мәлике: Түйенің мойны неге қисық?

Әбілда: Ыбырайым пайғамбар үйіне қонақ келмесе, ас іше алмайды екен. Үш мезгіл дастарқанында мейманмен бірге отырып, сұхбат құрып тамақ жейді екен. Ешкім келмесе, қақпаның алдына шығып, кім көрінсе, соны шақырып, ауқатымен бөлісетін. Бір күні таңғы асын бөлісейін десе, ешкім келмепті. Сыртқа шықса, бір түйе мінген қария келе жатыр екен.

Пайғамбар оны қонақ қылмақ болды. Оны құрақ ұшып қарсы алып, төрге шығарды. Бірақ қарияның діні бөтен екенін көріп:

– Әттең, сені қонақ қылайын деп едім. Бірақ дінің басқа екен. Беті-қолыңды жуып, сақал мен мұртыңды менікіндей етіп ал! Менің дініме кір! Сосын бірге отырып ас ішейік, – деді. Қария ренжіп:

– Мені дініңе мәжбүрлеу үшін шақырдың ба? – деп түйеге мініп, кетіп қалды.

Сол кезде Құдайдан Ыбырайымға әуез келді:

– Ей, Ыбырайым, Мен жер бетіндегі бүкіл халықты дініне, түріне қарап алаламай, ырзық-несібесін тең беремін. Менен неге үлгі алмайсың? Таңғы ас – Тәңірден деген. Оның несібесін сенің дастарқаныңнан бұйыртып едім. Сен оны қуып жібердің. Қария байғұс аш кетті, – деді.

Ыбырайым қатесін түсінді. Үйінен шыға салып, қарияның ізінен қуды. Одан кешірім сұрап, жалынып-жалпайып, үйіне қайта шақырады. Ренжіген қария оның сөзін тыңдамай, әрі қарай кете берді. Ыбырайым түйенің мойнына қос қолымен асылып, оны тоқтатуға тырысты. Әуелде түйенің мойны оқтай түзу болған екен. Ыбырайым тартқылаған соң иір-иір болып қалыпты. Түйе сол сәтте қиналып кетіп, кіші дәретін жіберіп қойды. Дәреті шашырап, Ыбырайымның аяғын былғайды. Пайғамбар «Қап, дәретімді бұзды-ау» деп түйенің қасасын артына қайырып жібереді. Осыдан бастап түйе сідігін арт жағынан шаптырады екен.

Бір кезде қарияның жүрегі жылиды. Өкпесі тарқап, түйесінен түседі де, Ыбырайымның үйіне қонақ болады.

«Отбасы хрестоматиясы»

Жағалтай неліктен жағал-жағал (қисса)
Қой неден жаралды? (аңыз)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу