Атырауда «ұрланғанын» 6 млрд. теңгеге Бергей Рысқалиевтың қандай қатысы бар?

Oinet.kz 22-03-2019 809

Screenshot_4.jpg 

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке қатысты жайсыз әңгіме өткен аптадан бері бүкіл республиканы шулатып жатыр. Алдымен экс-әкімнің Лондонға ұшып кеткелі тұрған жерінен тұтқынға алынғаны туралы мәлімет тарады. Артынша тұтқындалмапты, үй қамақта отыр деді. «Атырауға шұғыл түрде тергеушілер аттанды» деген ақпарат да жарияланды. «Бергейдің бауыры, мәжіліс депутаты Аманжан Рысқалиев қашып кетіпті» деген әңгіме де шыққан. Бірақ артынша Ішкі істер министрлігі  Атырау облысының атқарушы билік өкілдеріне қатысты ешқандай тұтқындау шараларын жүргізбегенін жариялады. Бергейдің бауыры да ақпарат құралдарымен сыр бөлісіп, ешқайда қашпағанын, демалып жатқанын, каникул біткен соң өзінің құтты орнына қайта оралатынын мәлім етті. «Бұрынғы әкімімізге босқа күйе жақпаңыздар, ол Атырауда жақсы жұмыс істеді» деп бір топ атыраулық азаматтар ашық хат та жариялады. Өрттей қаулаған өсек-аяң бұдан кейін аздап болса да саябырсығандай еді.

Дегенмен Ақордадағы, күштік құрылымдардағы сенімді «дереккөздеріне» сүйеніп, Бергей Рысқалиевтің Атыраудағы былық-шылығын тізбелеп жүрген кейбір интернет сайттар (www.guljan.org) экс-әкімді ішкі істер органдары емес, қаржы полициясы тұтқындаған, оның мәселесі Алматыда өткен үлкен жиында арнайы талқыланғанды, енді оның алдағы тағдырын Ақордада Елбасының өзі шешеді деген мағынадағы мәлімет таратты. 

Осы ақпарат ақыры түбі расталатын сияқты. 

Атырауға Бас прокуратура мен қаржы полициясының кәнігі тергеушілерінің суыт аттанып кеткені анық болды. Сейсебі күні Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы)  Атырау облысының әкімдігінің лауазымды тұлғаларының қолымен жасалған құқықбұзушылықтар бойынша бірнеше қылмыстық істер қозғалғанын ресми түрде жариялады. Қаржы полициясы ешкімнің аты-жөнін атаған жоқ. Бірақ әңгіме Атырауға жуырда ғана тағайындалған әкім Бақтықожа Ізмұхамбетов пен оның су жаңа кадрлары турасында емес, әрине. Мұның қандай лауазымды тұлғаларға қатысты екені бесенеден белгілі емес пе?

Қаржы полициясының таратқан ақпараттың ұзын-ырғасы мынандай: «2012 жылғы 21 тамызда қаржы полициясы органдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тексеріс материалдары бойынша Атырау облысы әкімдігінің лауазымды тұлғаларымен коммуналдық меншік объектілерін жекешелендіру туралы шешім қабылдау және оларды төмендетілген бағамен сату кезінде мемлекетке айтарлықтай залал келтірген лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. 23 және 24 тамыз күндері Атырау облысының Қызылқоға ауданында газ құбырын салуға бөлінген жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Оған қоса 28 тамызда «Атырау-Доссор» топтық су құбырын салу бойынша жобаны жүзеге асыру кезінде          2 миллиард 850 миллион теңге мөлшерінде бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істерді тергеу барысында аталған қылмыстарды жасауға Атырау облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары мен газ құбырын салу бойынша мердігерлік жұмыстарды атқарған ұйымдардың басшыларының қатыстылығы тексерілуде. Қылмыстық істер тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды».

Демек, жоғарыдағы сайттың жазғаны сайтанның сапалағы болмағаны ғой. Кешегі күні тағы да «сенімді дерекөздеріне» сүйенген сайт Бергей Рысқалиевтің Бурабайдағы курорттардың біріне үйқамақта отырғанын, Атырауға келген тергеушілердің бірінші кезекте тендерді тексеріске алғанын жария етті. Арғы жағы тіптен қорқынышты.  Бергейдің қылмыс әлімімен байланысы болған дей ме, оның адамдары Жаңаөзендегі оқиғаға қатысы бар дей ме, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған дей ме? Адам сенгісіз. 

Қаржы полициясы тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Толық мәліметтерді тергеу құпиялылығына байланысты жария алмайтынын да айтты.  Құпия ашылса, жоғарыдағы жәйттардың бәрі анықталса, Бергейдің ендігі тағдырының не боларын кім білсін? Ал, Атыраудағы жаға ұстатарлық жағдай Бергей Рысқалиевтің «қолдаушысы», Президент аппаратының жетекшісі Аслан Мусиннің позициясына қаншалықты әсер етеді? Тағы да әліптің артын бағалық.

Мұрағаттан, 30.08.2012 ж

Ашуғудың қандай пайдасы бар?
«Бизнестің түпкі мақсаты тек ақша табу болмауы тиіс»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу