Тони Блэр Төле би бола ала ма?

Oinet.kz 21-02-2013

Оңтүстік Қазақстан облысы айтыскер ақындардың айы оңынан туған өңір, оның ішінде Отырар ауданы суырып салма ақындардың ордасы атанғанын жұртшылық жақсы біледі. От ауызды, орақ тілді, айтыстың дүлділдері атанған Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова,  додаға түссе әлі де жасындай жарқылдап  шыға келетін Маржан Есжанова,  Бекарыс Шойбеков, Анар Жаппарқұлова осы Отырардың топырағынан түлеп ұшқан. Тіл аузымыз тасқа дейік,  ақындар туған топырақта тұлпарлардың ізін басқан жас таланттар аз емес екен. Өткен аптада аудан орталығы Шәуілдірде ұйымдастырылған жас ақындардың айтысында бақ сынасқан 20 ақынның ішінен іріктеліп, келесі кезеңге өткен 10 ақынның басым бөлігін Отырарда кіндік кескен  жас өрендер құрағанда осындай ойға қалдық.

Screenshot_31.jpg

Күлия Айдарбекова басқаратын облыстық мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен өтіп жүрген дәстүрлі жас ақындар айтысы бұл жолы «Көмейден жырлар ағылсын» деген атпен қазақтың біртуар тұлғалары Абылай ханның 300 жылдығына және Төле бидің 350 жылдығына арналды. 

Аға мен інінің айтысы, қыз бен жігіттің айтысы, күйеу бала мен қайынағаның айтысы... сахнаға жеребеге сәйкес шыққан жас ақындар жарасымды әзілімен, ұтымды сөздерімен, әсіресе қоғамдағы келеңсіздікті өткір сынаған ой оралымдарымен көпшіліктің құлақ құрышын қандырып, есте қаларлық есті сөздерді айта білді.  Айталық, Төле би бабамыздай дара тұлғалар жау жан-жақтан анталаған аласапыран заманда «турасын айтса туғанына да жақпайтынын» біле тұра қара қылды қақ жарған әділдігінен танбай ақиқатты алға тартудан ешбір айнымаған еді. Осының арқасында «тар жол тайғақ кешуден» сүрінбей өтіп, елдігіміз сақталып қалғаны өлеңмен өрілді. Ал енді бүгінде Төле бидей төрелік айтар тұлғалардың жоқтығынан мемлекет басшысының айналасындағы адамдар сыбайлас жемқорлыққа, былық-шылыққа белшесінен батып, шетінен шетелге қашуға көшкен Виктор Храпунов, Бергей Рысқалиев жайлы жыр шумақтарын айтысқұмар қауым айызы қанып тыңдады. Президентке қазір қазақтың қамын ойлайтын Төле билердің орнына көл-көсір көп ақша төлейміз деп Англиядан арнайы кеңесшілік қызметке  Тони Блэрдің  шақырылғаны тілге тиек етілді.  Айтыскер ақын  Қажымұқан Абзалов   «Тони Блэр Төле би бола ала ма?», деген сүбелді сауалды қабырғасынан қойды. Бұған жауап ретінде көрерменнің бірауыздан дуылдата тоқтаусыз шапалақ соғуы біраз жайтты айтпай-ақ аңғартпай ма?  

Күйеу бала мен қайныағаның өзара әдемі әзілімен басталған арыстық Дәурен Полатбав пен созақтық Қалижан Білдәшов екеуінің айтысында елді де, жерді де қара қытай қаптауға көшкенін теріскейлік жас талант тамаша айтты. Қайынаға Қалижан  күйеу бала  Дәуреннің қағытып тиіскен сөздеріне «осы күйеу бала атаулыдан күйіп болдық қой, Елбасының өзін күйеу баласы миын ашытып жатыр, ол дипломат елші болмай дипломат тола ақшамен шетелге қашты»деп түйреп өтті.  Арыстық ақын Нұрлан Есенқұлов соңғы кезде сот саласына жұрттың сенімі азайғанын, Төле бидей төрелік айту жетпей жатқанын, бүгінгілер «бір қойдан екі тері сыпыруға құмартқан» жемқорлыққа салынғанын сынады. Сондай-ақ ол  телеарналарды кәріс, түрік сериалдары жаулап алғанын,  оған телміре қараған біздің елдің жас ұрпағы әрі хан, әрі батыр Абылайға емес сол сериалдардағы басты кейіпкерлерге ұқсауға еліктейтінін шымыр ұйқастармен шебер жеткізді. Абылайды дәріптейтін, даралығын дәлелдейтін киноның түсірілуін аңсайтынын айтты. 

Екі күнге созылған додада болашығынан үміт күттіретін жас айтыс ақындарының қайсыбірі де аянып қалмауға ұмтылды. Халық ақыны Әселхан Қалыбекова бастаған қазылар алқасы айтыстың тақырыбын аша білген, тапқыр теңеу мен өрелі де өрнекті өлең құрай білген бәйдібектік Біржан Байтуовты бас жүлдеге бірауыздан лайық деп таныды. Басқа тақырыптарды да тігісін жатқыза жырлай отырып Шәуілдірдің өзінде табиғаттың байлығының қызығын, рахатын көру  жергілікті тұрғындарға  емес арабтың шейхтарына   бұйырғанына дейін жалпылама жеткізбей атап-атап, көсіп-көсіп тұрып айтқан  Біржан былтыр да жас ақындардың бәсекесінде талассыз топ жарған еді. «Шын жүйрік шабысынан жаңылмайды» дейтін халық даналығы алдағы уақытта да оны жетелеп жүргей. Ақындардың жүлдеге іліккені де, ілікпегені де додадан  құр қол қайтқан жоқ. Барлығына арнайы номинациялар бойынша диплом мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. 

Шәуілдірде өткен жас ақындар айтысының жүлдегерлері  енді келесі айда облыс орталығы Шымкентте түңлігі түрілетін  дәстүрлі республикалық «Наурыз» ақындар айтысында бақтарын сынамақ. 

Валентина Куликова: «Қазіргі журналистика ақшаға, тапсырыс берушіге тәуелді»
«Атаманның ақыры» фильмінің астарында қандай шындық бар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу