«Атаманның ақыры» фильмінің астарында қандай шындық бар?

Oinet.kz 19-12-2019

Осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын түсірілген «Атаманның ақыры» уақтысында одақтағы ең танымал фильмдердің бірі болды. Бұл туынды қазір  қазақ киноөнеріндегі жаухар дүниелердің қатарына жатады. Фильм көркемдік жағынан ғана емес, оқиға желісінің шынайы өмірден алынғандығымен де құнды. Иә, ЧК-ның ұйымдастырған арнайы операциясының нәтижесінде атаман Дутовтың 1921 жылы ақпанда жендет-чекисттің оғынан қаза тапқаны тарихи шындық. Алайда кино мен шынайы өмірдегі шындықтың арасы қаншалықты жақын? Біз білетін Дутов кім еді, ал Қасымхан Шадияров өмірде болған ба? 

20160910103250.jpg

Дутов 

Атаман Александр Дутов туралы бір жақты пікір айту қиын. Бүгінде большевиктерге қарсы күрескен Колчак, Врангель сияқты қолбасшылар Ресей үшін жанын қиған батыр ретінде аталып жүр. Атаман Дутовты да осылардың қатарына қосып жүргендер бар. Бірақ қалай десек те, Дутов біз үшін отаршыл Ресейдің сойылын соққан, Ақ патшаның қолшоқпары болудан аса алмаған әпербақан ғана.   Оның әкесі Илья Дутов та қазақ жерін отарлауға қатысқан қарашекпенділердің бірі еді. Александр Дутов әкесінің жорық жасап жүрген кезінде,  1879 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген.  Орынбордағы кадет корпусын бітірген. Бұдан кейінгі жылдары әскери білімін Санкт-Петербургтегі академияда жалғастырғанымен, оны аяқтай алмайды. Жас офицер орыс-жапон соғысына аттанып кетеді. Дутов Бірінші дүниежүзілік соғысқа да қатысқан.  Бірақ майдан даласында кәнігі қолбасшы ретінде таныла қоймаған сияқты. Ұлы Қазан төңкерісінен кейінгі астан-кестен заманда 38 жастағы Дутовтың абырой-беделі күрт аспандап шыға келді. Ол генерал шенін алады, атаман атанады.  

- Біз қазір большевиктік күндерімізді бастан өткеріп жатырмыз. Біздің алдымызда Ленин бастаған арандатушы тұлғалар тұр. Ресей өліп бара жатыр. Біз оның ақырғы күрсінісіне куә болып отырмыз. Балтық теңізінен мұхитқа дейінгі, Ақ теңізден Парсы еліне дейін созылып жатқан ұлы, қаһарлы Ресей енді жоқ, - деп жазыпты осы кездерде Дутов. 

Атаман осы кездері Орынбор казак әскерінің басшылығына келді. Соңында жер қайысқан әскер болса да А.Дутов нақты нәтижеге жете алмайды. 1919 жылы қызылдар Ақтөбе қаласында Орынбор әскерінің тас-талқанын шығарып жеңеді.  Дутов қалған әскерімен Жетісу жеріне шегініп кетуге мәжбүр болады. Ол осындағы Анненковтың армиясына қосылды. Анненков Дутовты Жетісу өлкесінің генерал-губернаторы етіп тағайындады. Бірақ атаман губернаторлықтың қызығын ұзақ көре алмайды. Қызылдардың қыспағына шыдай алмай ол ақыры Қытай жеріне кетуге мәжбүр болады. Ол осындағы Суйдун қаласына келіп орнығады. Бұл 1920 жылдың мамыры еді. 

Қытайда бас сауғалап жүрген Дутов қалай болған да шетелдегі антибольшевиктік күштердің басын біріктіріп, қызылдарға қарсы ұрыс жүргізуге күш салады.  Осы мақсатта ол басмашылармен қарым-қатынас орнатып, қызыл әскер арасында түрлі арандату шараларын ұйымдастыруға көшеді. Бұл әрине, Кремльді кәдімгідей ойландыра бастаған. ВЧК төрағасы Феликс Дзержинский атаманды жай ғана өлтіріп қана қоймай оның КСРО-ға әкеліп, жұрттың көзінше жазалағысы келеді. Ол қызметкерлеріне Дутовты Қытайдан ұрлап алып келу жөнінде тапсырма береді. Алайда ұзақ талқылаудан кейін атаманды ұрлап алып келу тым қиын шаруа, сондықтан оны сол Қытайда көзін жою керек деген шешімге келеді. Чекистер енді осы тапсырманы орындайтын адамды іздей бастайды. 

Қасымхан 

Фильмдегі Қасымхан Шадияров өмірде шынайы болған адам. Оның шын есімі де Қасымхан, фамилиясы Чанышев. Тарихи құжаттарда Қасымхан Чанышевтің 1898 жылы Жаркент қаласында туылғаны, Жаркент уездік милициясының бастығы болғандығы айтылады. Алайда оның туысқаны болып келетін Ысқақ Измайлов өзінің естеліктерінде:

- Менің әкем де, Қасымхан даЖетісу өңіріне ерте кезде көшіп келген  қырым татарлары болып табылады. Қасымхан ешқашан ВКЧ, милиция, барлау орындарында қызмет еткен емес. Ол кәнігі контрабандист болған,--деп жазады. Қасымхан Қытай мен Қазақстан арасында алыпсатарлықпен айналысқан. Қазақ жерінен апиын, бұғының мүйізі сияқты өтімді таурларды Қытайға тасып, ол жақтан алтын алып келген.  Жалпы Қасымханның жеке басы, мінез-құлқы қарама қайшылыққа толы. Ол өзі жылы жүзді, өте тәрбиелі, оқыған адам болған деседі. Орыс тілін де, қытай тіліне де жетік білген. Ислам дінін қатаң ұстанған. Қазақ төңкерісіне дейін Меккеге қажылыққа барып келген. Сонымен бірге ол пайда қуған алыпсатар, ақтармен де, қызылдармен де ауыз жаласқан саудагер ретінде суреттеледі.  

1920 жылы контрабандалық тауарларды шекарадан алып өтіп бара жатқан Қасымхан мен оның адамдарын қызылдар тұтқынға алады. Соғыс кезінде заң қатал. Қасымханға атылып кету қаупі туады. Алайда Гавриловск губерниясы (қазіргі Талдықорған қаласы) ЧК бастығы оған тың ұсыныс білдіреді. Бұл ұсыныстан гөрі күштеуге, мәжбүрлеуге көбірек ұқсайды.  Тапсырма мынау болды:  Қытайға барып, атаман Дутовтың көзін жою керек.  Сол үшін Қасымханның отбасы кепілге алынады. Егер операцияны орындаудан жалтарған жағдайда немесе сәтсіздікке ұрынса, отбасы мүшелері табанда атылады. Қызылдардың ештеңеден қаймықпайтынын білетін Қасымханға ұсынысты қабылдаудан басқа амал қалмаған. Ал, чекистер іле-шала Қасымханның кәрі шешесін, әйелі мен ұлын түрмеге қамап, кепілге алған. 

Атаманның көзін жоюға Қасымхан Чанышевтің таңдап алынуы кездейсоқтық болмаса керек. Өйткені Қасымхан Дутовтың ең сенімді адамдарының бірі еді. Казактар, оның ішінде атаманның өзі де Қасымханның тұрақты клиенттерінң бірі болғанға ұқсайды. Қасымхан атаманның айналасында жүрген азаматтармен де жақын араласқан.  «Атаманның ақыры» фильміндегі полковник Абылайханов ешқандай да боямасы жоқ, өмірде шынайы болған адам. Оның Қасымханның бала кезден бірге өскен досы екендігі де шындық. Яғни, чекистер үшін атаманның қасына жақын бара алатын бірден-бір адам Қасымхан Чанышев болған. Яғни оның ойда-жоқта тұтқынға алынуы де тегін болмаса керек. 

Теракт

Өкінішке қарай, атаманға қарсы жасалған теракт (чекистер оны дәл осылай деп атаған), оның қалай жүзеге асырылғаны туралы деректер әртүрлі. Бір деректерде атаманды Қасымханның өзі атып өлтірді десе, енді бір құжаттар оны чекист, ұлты ұйғыр Махмуд Хожамяровтың (фильмдегі Шадияров деген фамилия осыдан шықса керек) өлтіргенін растайды. Қалай десек те Қасымхан Чанышев осы операцияны ұйымдастыруда басты рөлді ойнаған және ол өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай орындаған, дәлірегі жендет-чекистті атаманның қабылдауына алып кірген. М.Хожамяров осы операция туралы берген есебінде былай деп жазыпты:

- Дутовтың қабылдауына кірген соң, мен оның қолына хат бердім. Ол орындықта отырған бойда оны оқуға кірісті. Осы кезден мен  байқатпастан тапаншамды алып, оның кеудесінен атып салдым. Дутов орындығынан сұлап түсті. Осы кезде оның адьютанты маған тап берді, мен оның дәл маңдайынан атып жібердім. Ол құлап бара жатып, жанып тұрған балауыз шамды жерге түсірді. Қараңғыда мен аяғыммен түртінектеп жүріп, атаманның денесін тауып алып, оған тағы бір мәрте оқ жаудырдым.

Атаманның көзін жою жөніндегі арнайы топ   тоғыз адамнан тұрған. Олар атаманды өлтірген соң дереу атқа қонады, ал атты казактар соңдарына түскен. Із адастырып кету үшін олар шекараға қарай емес, оған қарсы беттегі Құлжа қаласына қарай қашып, құтылып кетеді. Чекистер бұдан кейін де елге қайтуға асықпайды. Өйткені оларға атаманның өлгенін растайтын айғақ қажет еді. 

Батыс Қытайда көп жыл эмигрант ретінде тұрған ресейлік Елена Софронова 1999 жылы Мәскеуде жарық көрген еңбегінде былай деп жазыпты:

- Дутовты ақтық сапарға шығарып салуға халық көп жиналды. Оның денесі Суйдун қаласына жақын жердегі зиратқа жерленді. Марқұммен қоштасу кезінде атаманның қабылдауына кірген үш азамат: Чанышев, Хожамяров және Байсамаковтың Кеңес Одағының арнайы жіберген жендеттері екендігі айтылды. Арада екі-үш күн өткенде Дутовтың сүйегін әлдебіреулердің қазып алып, марқұмның басын кесіп алып кеткені белгілі болды. Өлікті қайта жерлемеген. Жоғалған бас жендеттерге атаманның өлгенін растайтын айғақтық зат ретінде қажет болған сияқты.

Атаманның түбіне жеткен М.Хожамяров бертінде өзінің ерлігін ұйғыр тілінде шығатын газеттерге жариялапты. Осы баспасөзде жарияланған дерктерге қарағанда ол Дзержинскийдің өзінен «Атаман Дутовқа қарсы террорлық акті жасағаны үшін Хожамяровтың жеке өзіне» деген жазуы бар маузерді сыйға алған көрінеді. Бұдан бөлек оған алтын сағат табыс етілген. Операцияны сәтті аяқтағаны үшін Қасымхан Чанышев та маузермен марапатталады. 

Айтқандай, «Атаманның ақыры» Шәкен Аймановтың түсірген ең ақырғы фильмі. Осы туындының жалғасы ретінде бұдан кейінгі жылдары бірнеше фильм түсірілді. Бірақ ондағы басты кейіпкердің Қасымхан Чанышевқа қатысы жоқ. Өйткені Қасымхан Чанышев атаманның көзін жою операциясынан кейін іле-шала тұтқынға алынып, артынша атылып кеткен. Қызылдардың одан неге тезірек құтылғысы келгені белгісіз. (Кім біледі, бәлкім атылып кетті деген құжат туралап, шетелге арнайы тапсырманы орындауға аттандырып жіберді ме екен?!) Белгілісі ол тек 2000 жылы Алматы облыстық прокуратурасымен ақталған. 

Тони Блэр Төле би бола ала ма?
Біздің олақ аудармашыларды да «қазанға сап қайнатса» ғой...

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×