Біздің олақ аудармашыларды да «қазанға сап қайнатса» ғой...

Screenshot_19.jpg

Леонид Гайдайдың әйгілі «Иван Васильевич мамандығын өзгертеді» комедиясының қазақша аудармасын көріп отырып, осындай ой түйдік...

«Қазанға кірдім, ал Шпактікіне кіргенім жоқ»

Турасын айтайық, қазір бізде аудармамен кім көрінген айналысатын болды. Телеарналарға бәрібір – олар үшін тапсырыс дер кезінде орындалды, ал бұл ел аузында «50 де 50» аталып кеткен әлгі бір заң талабына сай әрекет етуге мүмкіндік береді, бітті. Оның сапасы, түпнұсқамен қалай сәйкесетіні, туындының болмысын, кейіпкердің мінезін қаншалықты ашатыны еш ойландырмайды да. «Көтере алмас шоқпарды беліне байлағыш» белсенді аудармашысымаққа да бәрібір – уақытында өткізді, енді қаламақысын алса болды, басқасына бас ауыртпайды. Басы ауыратын – байғұс көрермен ғана. Яғни, қазақ. Өйткені, тәржіменің деңгейін тексеріп отырған ешкім жоқ. 

Рас, мемлекеттік арналарда бұл мәселе дұрыс жолға қойылған. Мұны, әсіресе, «Қазақстанның» дубляжына байланысты айтуға болады. Сөйлемдер түпнұсқа мағынасын сақтай отырып, қазақ тілінің заңдылығына орай құрылуымен құлаққа жағады. Сондықтан да теледидардағы корей немесе үнді кейіпкерлері тура қазақша сөйлеп жатқандай әсер қалдырады. Ал басқа арналар өз қалауынша тәржімелеп, шикі дүниелерін эфирге тоғытып жатыр.

КТК арнасынан Л.Гайдайдың «Иван Васильевич мамандығын өзгертеді» («Иван Васильевич меняет профессию») атты комедиясы көрсетілді. Әрине, орысша. Бірақ экран етегінде қазақша субтитрі жазылып отырды. Фильмді бұрын да сан рет тамашалағандықтан, бар зейінімізбен телеэкранның төменгі жағындағы сол жазуларға үңілдік. Үңілдік те түңілдік. Себебі, қоғамның сол кездегі тынысынан хабар беретін астарлы да уытты әңгімелер кәдімгі «сен бардың, мен келдім» кейпіндегі сылбыр сөйлемдерге айналып шыға келіпті. Күллі көрермен жатқа соғатын қызық диалогтар дұрыс аударылмаған, күлкілі де тапқыр сипаттарынан жұрдай боп тоналып, жұпыны, солғын, бейшара күйге түскен.

Мәселен, осы заманға өтіп кеткен баяғы шын патшаны «қолға түсіріп», тергеп жатқанда, тәртіп сақшыларының одан «Квартиру Шпака вы брали?» («Шпактың пәтерін тонаған сіз бе?») деп сұрайтын жері бар. Сонда патша «Казань брал, Астрахань брал, Ревель брал, а Шпака... не брал» деп жауап береді. Яғни, бұрын өз билігіне қаратқан қалаларын тізе келіп, Шпак та (бас кейіпкер Шуриктің көршісінің фамилиясы) сондай шаһарлардың бірі ме деп далбасалағаны ғой... Соны тәржімешілер «Қазанға кірдім, Астраханға кірдім, Ревельге кірдім, ал Шпактікіне кіргенім жоқ» деп аударыпты! Дұрысы – «Қазанды алдым, Астраханды, Ревельді де алдым, бірақ Шпакты... алғаным жоқ» болмай ма?..

«Что это у вас, товарищ ученый? На площадке милиция дежурит...» дейтін баукеспе ұры Милославскийдің сөзін «Бұл не, ғалым жолдас? Аулада милиция жүр...» деп тәржімелепті. Ал фильмді көріп отырсаңыз, милиция аулада емес, пәленінші қабаттағы Шурик пәтерінің есігінің алдында жүр. Яғни, бұл жерде «площадка» – «лестничкая площадка» мағынасында болып тұр. Демек, «аулада» емес, «есік алдында» деу жөн болар еді.

Билеушінің әмірі емес, тамаданың өтініші сияқты...

Әрі қарай кеттік. Үй ішін ұры үптеп кеткен әлгі Шпак айта беретін «дом высокой культуры и быта» деген сөйлем «тұрмыстық деңгейі жоғары үй» деп қазақшаланыпты. Сауатты тәржімесі «Мәдениеті мен тұрмысы жоғары үй» болса керек-ті. Магнитофонды «магнитті таспа» депті. Магнитті таспа деген «магнитная лента», яғни, үн (ән) жазылған таспа емес пе? «Магнитофон» сөзін сол күйі қалдырған дұрыс еді. 

«Боярин» де, «князь» да – «ақсүйек» боп аударылыпты. Осыларды қазақшалаудың қажеті бар ма еді? Рас, екеуінің де «ақсүйек» деген ұғымға жақын екені анық, бірақ «бояр», «князь» деген байырғы атақ-шендер қазақша-орысша сөздіктердің бәрінде де сол күйі берілген ғой! «Великий государь» деген тіркес біресе «ұлы патша ағзам», біресе «ұлық патша ғұламам» боп жүр. «Ағзам» деген сөздің өзі «его величество», «великий» ұғымдарын береді, яғни, «ұлы» сөзімен екеуін бекер қабаттастырып, қабыстырған. Ал «ғұлама» деген сөз бұл жерде тіптен артық. Қазақы ұғым үшін «патша ағзам» мен «тақсыр иемнен» ыңғайлысын табу қиын-ақ.

«Не вели казнить!» те, «Пощадите его!» да – «Аяй көріңіз!» деп аударылыпты. Жарайды, бұлардың екіншісіне мұндай тәржіменің сәйкес келетініне келісейік. Ал біріншісін, әлі есімде, өзбектер баяғыда-ақ «Қасық қанымды кеше гөр!» деп аударған-ды. Қазақшаға да үйлесіп тұрған секілді.

Ал ХХ ғасырдан зу етіп сонау Иван Грозный (Қаһарлы Иван) дәуіріне топ ете түсетін, сосын сырт келбетінің ұқсастығынан таққа отыруға мәжбүр болатын жалған патшаның бүкіл ел әлі күнге дейін ойын-тойда жиі айтып жүретін «Танцуют – все!» деген «үндеуін» аудармашылар «Қане, бәріңіз билеңіздер!» деп қана қазақшалапты. Патшаның (мейлі, ол жалған болса да) аузына лайық сөз бе осы? Билеушінің әмірі емес, тойдағы тамаданың өтініші сияқты. Оның үстіне, аудармашыларымыз өзге тілдегі сөйлем қанша сөзден тұрса, қазақшасын да сонша сөзбен қысқа да нұсқа құруға мән бермей келеді. Біздіңше, әлгі сөздің қазақы ұғымға сайма-сай нұсқасы – «Жаппай – биге!».

Дастархан басына патшайым келген кезде ішімдік әсерінен батылдана түскен жалған патшаның оған шарап ұсынатын сәті бар: «Человек, челове-ек! Официант, с бочки один раз царице!». Мұндағы «бочка» – «бөшке», яғни, шарап құйылған кеспек, күбі. Яғни, бұл – «патшайымға күбіден шарап құйып әкеліңдер!» деген бұйрық. «С бочки» деген сөзді КТК тәржімешілері «почки» деп естісе керек, «патшайымға бір бүйрек әкеліңдер!» деп аударыпты! Шарапты ыдысқа емес, бүйрекке құйып әкеле ме сонда?.. 

«Баклажанная икра» «Кәді езбесі» делініпті. Бұл сөзді қанша қазақ түсінді екен, білмеймін. Сөздіктердің кейбірінде баклажан «баялды», енді бірінде, рас, «кәді» деп берілген екен. Бірақ басым көпшілігінде «баклажан» күйінде жүр. «Икраның» уылдырық екені рас, бірақ бұл жерде тағамның түріне қарасаңыз, уылдырыққа да, езбеге де ұқсамайды. «Баклажан икрасы» дей бергеннің еш сөкеттігі жоқ еді деген ойдамыз.

«Қаны ағарып кеткені» қалай?

Комедияның бұдан төрт ғасыр бұрынғы Қаһарлы Иван заманын көрсететін бөлігінде жиі айтылатын «холоп» сөзін тәржімешілер «малай» деп қолданыпты («ты чей холоп?» – «сен кімнің малайысың?»). Иә, бұл ескі сөздің «жалшы, малай, басыбайлы» деген мағынасының бары рас. Бірақ бұл жердегі контексте ол аударма сөз ұғымын дәл беріп тұрған жоқ. Патшаның «ты чьих будешь, холоп?» деп те сұрайтын тұсы бар. Мұндағы мәні «сен кімнің қолшоқпарысың?» дегенге сайып тұр. Демек, «холопты» бұл жерде «сойылсоғар», «қолшоқпар», «атқосшы» деген ұғымда пайдаланған жөн еді.

Шпактың милиция шақырып болып, «жду» дейтіні бар. Соны «тосамын» дегенше, «күтем» деп аудару әлдеқайда шынайы емес пе еді? «Истеричканы» «есірік» депті. Ал ол сөз тұтас мәтінге қосылғанда аса кірікпей қалған. Калька түрінде сөзбе-сөз аударуға тырысқандықтан, сөйлемдер мүлде жасанды шыққан. Егер «Я с ней проходил сцену, истеричка!» дегенді «Ол бір қойылымның көрінісі еді ғой, қояншық-ау!» сипатында келтірсе, әлдеқайда күлкілі де түсінікті шығар еді.

Ал «белая горячка» деген дерттің «қаны ағарып кетті» боп жүргеніне не дейсіз? Қайдағы «ағарған қан»? Бұл – ұстамалы елірме ауруы емес пе? «У моего мужа белая горячка, на людей кидается!» – демек, «күйеуім елірмесі ұстап, елдің есін шығарып жатыр!» болуы керек. 

Шуриктің әйелі шын патшаға осы заманғы спорттық киімді киіп алуды ұсынғанда, оның «тфу, бесовская одежда» деп жақтырмай тыжырынатыны бар емес пе? Соны біздің білгіштер... «мынадай да киім бола ма екен?» деп аударыпты. «Бес» – «жын-шайтан» деген сөз. Демек, қазақшасында «тфу, шайтанның шоқпыты» делінсе, ұлттық ұғыммен үндесе түспес пе еді?

«Меня терзают смутные сомнения: у Шпака магнитофон, у посла медальон...» – әлі күнге ел аузынанда жүрген әйгілі сөйлемдердің бірі. Бұл – әй жоқ, шәй жоқ, «көңілім біртүрлі маздап сала берді» деп аударылыпты! Мағынасы сәйкеспек түгілі, жуықтаса бұйырмасын! «Көкейіме көмескі күмән келеді: Шпактың магнитофоны, елшінің медальоны...» десе, мазмұндық дәлдігімен қатар көркемдік сипаты да арта түсер еді-ау...

Комедияда жалған патшаның швед елшісін қабылдайтын тұсы бар. Елші шведше ме, немісше ме, сайрап қоя бергенде, бұл жақта князь боп жүрген баяғы баукеспе Милославскийдің «надо бы переводчика...» («аудармашы болса ғой...») деген өтінішіне патша сарайының қыметшісі Феофан: «Был у нас один толмач немчий. Ему переводить, а он ни лыка не вяжет. Вот мы его в кипятке и сварили», – деп жауап береді («Тілмашымыз болған. Аудар десек, тілі күрмеліп, күмілжи береді. Ақыры қазанға сап қайнатып тындық»). Сонда ұры-князьдің «Нельзя так обращаться с переводчиками» («Аудармашыларды қазанға салғаны несі») дейтіні оқырманның есінде болар. Осы сөйлемді КТК-нің «тілмаштары»... «Аудармашыларда нелерің бар?» деп тәржімелепті!

Біздіңше, сапасыз тәржіме жасап, елге ұсынудан именбейтін, сөз қадіріне жетік қазақтың бәрінің қанын қайнататын бүгінгі осындай олақ аудармашыларын да «қазанға сап қайнатса» артық болмас еді...

Сәкен СЫБАНБАЙ

Мұрағаттан: 12.06.2014


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • ​Кіндік ашып, қылады кімді ғашық?
  • Бізден сізге не керек? Бизнес-тренерлер нені көздейді?
  • Тарихи дерек шындығы
  • Мамандықсыз жүрген мамандар
  • Дистимия деген не?
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика