Туған балаңды сату қай салтыңда бар еді...

Screenshot_17.jpg

Естіген адамның жағасын ұстататын, аса ауыр қылмыстар көбейіп бара жатыр. Сұмдығы сол, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық тәрбиені айрандай ұйытып отыр деп әспеттелетін Оңтүстікте апта сайын, ай сайын елді дүрліктіретін оқиғалар орын алып тұратын болды. Бұл нені білдіреді? 

...Сайрам ауданында жаңадан отау құрған жігіт әйелін, туған қарындасын пышақтап өлтіріп, артынша өгей әкесін ауыр соққыға жыққан. Шымкентте күйеуімен ажырасып кеткеніне налыған келіншек 2 және 4 жастағы қыздарын ұрып-соғып, нәтижесінде кішісі оқиға орнында есін жимастан қайтыс болса, үлкені ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Облыс орталығындағы «Қайтпас» мөлтекауданында 22 жастағы жігіт түн ішінде алдымен әкесін буындырып, артынша оны балталап өлтірген. Ара түспек болған анасын да балтамен басына ұрып жантәсілім еткен. Созақ ауданында жұмыссыз жүрген жас  жігіт екі бірдей баласын қойша бауыздап өлтіріп, артынша өзінің тамырын қиып, өмірімен қош айтыспақ болған... Бұл тек соңғы 1-1,5 жылдың көлемінде, боямасы жоқ, нақты өмірде болып жатқан оқиғалар. Арғы жағын тізе берсең, бұдан да сорақылары бар. Оңтүстікте кейінгі жылдары өз-өзіне қол салушылардың саны да артып кеткен. Мұндай жұмбақ жайттың сырын мамандардың өздері де түсіндіріп бере алмай дал. Өңірде соңғы жылдары жиілей бастаған келеңсіз жәйттің бірі бала сату. Иә, ащы болса да шындық туған перзентін саудаға салу Оңтүстікте қып-қызыл бизнеске айналып тұр. 

Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері жуырда осындай бір қылмыстың бетін ашты. 9 шілдеде Сайрам аудандық ішкі істер басқармасына 1994 жылы туылған, Ақсукент ауылында уақытша тұрып жатқан  Өзбекстан азаматшасы хабарласады. Ол 5 шілдеде босанып, ұл тапқанын, перзентханадан шыққаннан кейін өзімен бірге бір пәтерде тұратын құрбысының әртүрлі қитұрқылықтарды жасай отырып, сәбиін белгісіз бір әйелге беріп жібергенін айтады. Жаңа босанған ана Ақсукентте көші-қон талаптарын бұзып, заңсыз тұрып келген екен. Әлгі құрбысы егер баланы бермесе, Қазақстанда заңсыз жүргенін полицияға айтып қоямын деп қорқытқан көрінеді.

 Шұғыл іздестіру шараларының нәтижесінде періште сәбидің сатылып кеткені белгілі болған. Оны сатқан азаматша да Өзбекстанның тұрғыны болып шықты. Оның қалтасынан айғақтық зат ретінде 25 мың теңге алыныпты. Тергеу кезінде анықталғаны ол сәбиді қазіргі уақытта декреттік демалыста жүрген аудандық аурухананың гинеколог-дәрігер арқылы саудалаған. Сатып алушыны осы дәрігер тауып берген.  Ал сәбидің құны 75 мың теңгеге балағаныпты. Қазіргі уақытта сәби анасына қайтарылды. Күдікті деген үш адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде бала сатқыш өзбекстандық азаматша қамауда отыр. Оның басқа да адам саудасымен байланысты қылмыстырға қатысы болуы әбден мүмкін көрінеді. Кім біледі, тергеу кезінде мұндай жайттар анықталып жатса таңқалуға болмайды. 

Дәл осындай жағдай жыл басында Сарыағаш ауданында орын алған. Тапа-тал түсте сатылып кеткен сәбиге қатысты тексеру амалдарын жүргізген құзырлы органдар бір отбасыдағы төрт баланың саудаланып кеткенін әшкерлеген еді. 

   Жергілікті прокуратураға бір тұрғын арыз беріп, өзінің келінінің бала туа алмаған соң Дияс есімді 5 жастағы баланы асырап алғанын хабарлаған. Арызданушы келінінің баланы ешкіммен ақылдаспастан өз бетінше асырап алғаны, бір жылдан бері оның құжаттарын рәсімдей алмай жүргені ашындырған көрінеді. Тексеру барысында әлгі  келіннің 5 жастағы Диясты ауыл емханасындағы фельдшер-акушер арқылы асырап алғаны белгілі болады. Оның арғы жағынан сұмдық жәйттар саулап қоя береді... 28 жастағы сарыағаштық ана баланы тек сатып, пайда табу үшін дүниеге әкелген сияқты. Ол алдымен 7 жастағы қызы Қалипаны 30 мың теңгеге, одан кейін 4 және 5 жастағы ұлдары Шалқар мен Диясты 30-40 мың теңгеге сатқан. Ал екі жастағы Кәусарды бұдан гөрі қымбаттау — 120 мың теңгеге бағалапты. Күндердің күнінде Қалипаны сатып алған отбасы өздерінің ниеттерінен айнып, қызды кері қайтарып береді. Оң-солын танып қалған қызды анасы бұрынғы күйеуінің туыстарына беріп жіберген. Сатылып кеткен ұл балалардың бірі де осындай жолмен үйіне қайта оралады. Бұл жолы  анасы оны туыстарына емес, жоғарыдағы акушер арқылы екінші қайтара саудаға салып, 60 мың теңгеге пұлдапты. 

Жуырда осы қылмыстық істі қараған облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған соты өзінің бауыр еті балаларын сатқан  ананы және осы іске делдалдық жасаған 47 жастағы акушерді 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүліктерін тәркілеу жөнінде үкім шығарды. Ал баланы сатып алған үш ата-ана 7 жылға шартты жазаға кесілді. Қазіргі уақытта сатылып кеткен 2 бала бұрынғысынша сатып алған отбасының асырауында қалып отыр. Оларды кейінгі тағдырын жергілікті әкімдік шешеді. 

Бала сатқан ана өзінің бұл әрекетін тұрмыс тауқыметімен байланыстырады. Бұған сену-сенбеу өз еркіңізде. Бірақ мынаны қараңыз, Сайрам ауданындағы бала сатқан азаматша өзінің арам ойын аудандық аурухананың дәрігер-гинкологы арқылы жүзеге асырған. Ал Сарығаштағы саудагер-ана сәбилерін жергілікті акушер арқылы сатқан. Бала саудасы неге ақ халатты абзал жандардың қолымен жасалады?  Бұл жерде қандай гәптің бар екенін ептеп ішіміз сезеді. Ең бастысы ол емес, егер бала саудасына қатысты күмәнді жайттар бойынша құзырлы органдарға біреу-міреу арызданып, ақпарат бермесе бәрі де жабулы қазан жабулы күйінде қала берер ме еді?  Перзентханаларда, ауруханаларда ың-шыңсыз сатылып жатқан періштелер қаншама?

Мұрағаттан: 26.06.2014


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақтың жауы Ресей де, Қытай да, Бұхар да емес...
  • Неге шошқа етін жеуге болмайды?
  • «Телефон бар, телефон... Арзан бағада телефон»
  • Суицид статистикасы
  • «Мұғалім болу үшін директорға кемі 1000 доллар бересің»
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика