Күйеуін әп-сәтте байытқан ақылды келіншек

Oinet.kz 22-10-2022 1943

Ертеде үш-төрт жолаушы бір ауылдың үстінен өтіп бара жатады. Күн нұрын төгіп, таңғы тіршілік басталғанымен, ауыл ояна қоймаған. Кедей ауыл екені көзге ұрып тұр:

Screenshot_10.jpg

Тозығы жеткен киіз үйлер, қорада қамаулы санаулы қозы-лақтар…

Жолаушылардың шеттегі жұпыны үйге назарлары еріксіз ауды. Үйдің айналасы жинақы. Есігінің алдында ескі болғанмен көйлегі мен орамалы тап-таза келіншек әндетіп, самаурынға шәй қойғалы жүр екен.

Жолаушылардың үйіне қарай бұрылғанын көрген келіншек иіліп сәлем берді.

— Отағасы үйде болар, сусын ішіп, оразамызды ашсақ — деп сөз бастады алдыңғы аттағы кісі.

— Ия, ия, үйге кіріңіздер — деп келіншек қонақтарға жылы лебіз білдіріп, олар аттан түскенше үйге кіріп кетті. Артынша үйден отағасы шығып, амандасып, қонақтарды үйге кіргізді.

Амандық сұрасқан соң отағасы:

— Үйдегі барыңды әкел, қонақтарға — деп дауыстады келіншегіне.

Келіншек үндемей жүріп дастархан жайып, нанын қойды. Шығып кетіп, табағы, пышағын қосып, қауын әкелді. Отағасы қауынды қолға алды. Қауынның бір жағы шіри бастаған екен. Жігіт келіншегін шақырып, басқа қауын әкелуін бұйырды.

Келіншек үндемей қауынды алып кетті де, аздан соң қауынымен қайта кірді. Отағасы қауынды қолға алып, қайта дауыстап, шақырды.

— Мына қауының да шіри бастапты. Басқасын әкел! — деп келіншегінің қолына қауынды ұстатты.

Жағдай қайталанды.

Жігіт келіншегіне ашуланды.

Келіншекте үн жоқ.

Төрде бәрін бақылап отырған қонақ:

— Жігітім, босқа ашуланба!. Келіншегің ақылды жан екен. Үйіңдегі жалғыз қауынды үш рет алып кірді. Басқасы жоқ деп қонақтардың көзінше бетіңнен алмады. Өзге әйел болса, өзің таппаған дүниені қайдан аламын деп ашуланар еді. Алла келіншегіңнің пейіліне береді. Бақытты болыңдар! — деп, шіри бастаса да дәмі тіл үйірген қауынды жеп, баталарын беріп аттанады қонақтар.

Арада бірнеше күн өткенде бір жігіт бірнеше жылқы, сиыры, қой-ешкісі бар малды айдап келіп жігітке тапсырады. Таң қалған жігітке:

— Өткенде үйіңізге қонақтар келіп еді ғой. Ол патша мен оның нөкерлері болатын. Патша сіздің жарыңызға риза болыпты. Мына малды аз жылда көбейтіп, күйеуін бақуатты етеді. Өздері өсіп-өніп, үлкен әулетке айналсын. Осындай ақылды аналардан туған ұрпаққа еліміздің болашағын сеніп тапсыруға болады деп сәлем айтты — деп, патшаның сәлемін жеткізген әлгі жігіт аттанып кетіпті.

… Ақылды әйел қашан да ерінің жанашыры ғой. Тек ынтымақтары жарасып, бір-біріне кешірімді бола білсе болғаны…

Украинада әйелдердің жетегіне ермей қойған қазақ сәйгүлігі
Төркіндеп бару дәстүрі орындалмаған әйелдің жаназасы шығарыла ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу