Таксист ағайды есінен тандырып қоя жаздаған келін

Oinet.kz 17-05-2023 6240

Тіршілікте күтпеген жайттар орын ала береді екен. Ілгеріректе бір мекемеде жұмыс істеп кейін қысқартудың себебімен такси жүргізушісі болып кеткен Мереке атты інім көкейде жүрген сырын ақтарды.

Screenshot_2.jpg

– Таксист болсаң танымайтын адамың некен-саяқ екен. Өйткені қайнап жатқан қара базарға келмейтін жан сирек. Мұнда жүргесін үлкеннің де кішінің де, бай мен кедейдің, басшының да қосшының мұқтажына жарай бересің. Көлігі бар қызметтегі адамдардың өзі ақшасын төлеп, шаруасын сеніп тапсырып кете береді, – деді ол.

Мырзабек есімді інімнің үй ішімен жақынындай араласып кеткенмін. Өзі де, келіншегі Гүлсім де қызметте, мектеп жасындағы балалары, сырқат қарт әкесі бар.

2005 жылдың 31 желтоқсан күні түс ауа майдалап басталған жаңбыр түнімен жауды да, соңы қарға ұласып таңертең мұз болып қата қалды. Артынша аяз басталды. Ұмытқаным жоқ, қаңтардың төрті күні үйінде бір жағдай болып қалғанын айтып, Мырзабек сол кезде көпшілік енді қолдана бастаған ескілеу қалта телефоныма хабарласты. Бір жағы кәсібім, әрі сенімді клиентім болған соң кідірмей тез жеттім. Жүрек талмасы жиі ұстайтын әкесі кеше түстен кейін қайтыс болып, соның қамымен абыр-сабыр болып жатыр екен.

Үйге кіріп көңіл айтып, жылдам сыртқа шықтым. Менің міндетім белгілі, базардан азық-түлік, керек жарақ жеткізу. Гүлсім келінді көлігіме отырғызып базарға келіп арнайы арбакеш алып, қажетті заттарды түгендеп боламын дегенше екі сағаттай уақыт өтті. Көліктің жүксалғышын толтырып болған Гүлсім: «Аға, осыны бір жеткізіп түсіріп келіңіз, дәл осы жерге тағы жинап қояйын, алып кетерсіз» – деді. Біршама жылдамдықпен жүріп отырып үйге жетіп заттарды түсіріп жатсам, жаңа ғана базарда қалған Гүлсім келін қолында ожауы қазан-ошақ жақтан үйге қарай бара жатыр екен. Киімінің сыртындағы қалың қызыл халатын да өзгертіп үлгеріпті. «Ау келін, қалай тездеткенсің, жаңағы маңға барып заттарды алып келейін бе?» – дедім сасып қалып. Ол да басын изеп күліп өте шықты.

Сәл таңқалдым да базарға қайта келсем, жаңағы үйде жүрген Гүлсімім әдепкі қызыл халаты үстінде манағы заттар қойылған тұста тұр екен. Таңқалғанның көкесі енді болды. «Келінжан-ау, жаңа ғана үйде жүрген едің, енді базардан бір шығыпсың, бұл қалай?» дедім таң қалып.

«Аға осымен болды, шалттатып алып кете беріңіз, мен бір қажетті бұйымды алып қайнымның көлігімен жетемін» деді жүзіне күлкі үйіріліп. Көп ұзамай үйге жетсем, о тоба, Гүлсім келін қазан-ошақтың басында жүр. Одан бетер таңқалып: «Ау келін-ау, анда барсам анда, мында келсем мында құстай ұшып жүргеніңді түсінбей қалдым?» – десем, ол тағы да күліп, басын изегеннен арыға бармады. Іле-шала ашық тұрған дарбазадан кіріп келген Гүлсім келінді көргенде аузымды ашып қалдым. Екі жаққа кезек-кезек қарай берген маған қасымызға жақындаған Мырзабек пен бір-бірінен тамшы судай аумай қалған екі келіншек қосыла күліп бермесі бар ма?! Бәрін енді ғана түсіне бастаған мен де оларға қосылдым. Сөйтсем үйде жүрген келіншек Гүлсім келіннен жағдайды ести сала, Ақтөбеден таңертең келіп жеткен егіздің сыңары екен. Жүре берсең, көре бересің деген осы екен-ау, – деп әңгімесін аяқтады Мереке.

Әлімжан ӘЛКЕБАЙҰЛЫ

Qazaly.kz

Темекінің үш қасиеті
Қорыл адам өліміне әкелуі мүмкін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу