Алғашқы махаббат. Шығарма

Oinet.kz 21-12-2019 3592

Махаббат – адам жанына сәуле таратушы күн әспеттес. Қараңғы жүректі жадыратып, жаураған жанды жылытатын да махаббат. Бұл ұлы сезімнің бастауы – алғашқы махаббат. Алаң. Пәк. Риясыз. Енді ғана бүр жарып келе жатқан жеткіншектердің екеуара сезімдерінің риясыз көрінісі. Сенімді достық қарым-қатынасы уақыт өте сүйіспеншілік пен бауырмашылдыққа, соңынан риясыз махаббатқа ұласады. Бір-біріне көзінің астымен ғана ұяла қарап, нұрлы жүздеріне тамсанып, сыңғырлаған даусың естігенде жүрек, шіркін, тыпыршылап аласұратын ғажап сәттер ғой. 

1477886851_l.jpg

Бұл сезім, әдетте, мектеп шағында сыныптас, не өзге сынып оқушыларынын арасында пайда болатын шынайы махаббаттың кішкентай бір көрінісі. Алғашқы махаббаттың жасөспірім кезде пайда болып, адамның қалыптасуына өзіндік зор ықпалын тигізері анық. Мәселен, сыныптағы ең бұзық, сабақты нашар оқитын, тәртіпсіз баланы мектеп мұғалімдері ұрсып та, жәй сөзбен айтып та тәрбиелей алмай әлек делік. Енді осы сыныпқа өзге мектептен өзімен қатар сұлу әрі сабақты жақсы оқитын білімді қыз ауысып келді. Жаңағы тәртіпсіз, бұзық баланың қасына отырып, бірге достасты. Сол күннің ертесіне сабақ оқымайтын бұзық бала өзгеріп, үй тапсырмасын орындап, тақтаға шығып сабақ айтып жаңадан келген қыздың көзіне жақсы болып көріну үшін барын салады. Үсті-басын реттеп, киімдерін тазалап, бұзықтығы мен жаман сөздерін тиып, үй тапсырмасын уақытылы орындап ақылды, тәртіпті бала болып шыға келеді. Тіпті, әрқилы үйірмелерге қатысып өз өнерін көрсетуге асығады. Қаншама уақыттан бері мұғалімдер тәрбиелей алмай жүрген баланы махаббат бір сәтте-ақ өзгерте алды. Бұл махаббаттың ұланасыр күші болар. Жүректе алғашқы махаббат бүр жарған сәтте адам баласы өзгере шығады. Әрине, жақсы жаққа. Жүрегін қуаныш сезім билеп, өмірдің өзгеше әсем қырларын көруге асығып, келешекке мызғымас мақсаттар қойып, соны орындау үшін  нақты қадамдар жасай бастайды. Мұның бәрі ұлы сезім – махаббаттың әсемдігінің арқасында.

Қыс туралы мақал-мәтелдер
Кітап туралы шығарма. Кітап білім бұлағы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу