Ашық сабақ: Абай –дана, Абай- дара қазақта

Oinet.kz 07-09-2020 961

Ұйымдастырушылар: ФМБ кафедрасының оқытушылары – Джанабекова Г.К., Жылкышыбаева М.М., Джунусова Р.Ж., Байтақова З.Е., Онгаркулова А.Е., Шамеева У.Г.

Сабақтың мақсаты:  Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, шығармаларына шолу жасау, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп айтқызу. Сөз өнерінің қыр – сырымен таныстыру.Көркем сөйлеуге , өз бетімен іздене білуге , шығармашылықпен жұмыс істеуге көмектесу. Оқушыларды туған жерге деген сүйіспеншілікке, Отан тыныштығын қорғауға, адамгершілікке, табиғат әсемдігін түсінуге, қасиетті нәрселерді қадір тұтуға тәрбиелеу. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, эстетикалық тәрбие беру.

Сабақтың әдіс- тәсілі: Сұрақ- жауап, баяндау, түсіндіру, өлең оқу, ән айту, көрініс көрсету

Сабақтың  көрнектілігі:  Абай портреті,  кітаптар, шығармалары, қанатты сөздер, слайд.   

 1 жүргізуші:  Құрметті ұстаздар , оқушылар! Бүгінгі « Абай- дана, Абай- дара қазақта»  атты әдеби кешіміз қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналады.  Бұл кеште Абайдың өлеңдері, әндері мен шығармаларының үзінділерімен танысасыздар. Абай философ ,заңгер ,ақын, аудармашы,сазгер,дара ойшыл,кемеңгер. Абай жазба әдебиетінің негізін салушы ,гуманист , қоғам қайраткері, әділ би, ағартушы-ұстаз. Абай қазақ тіліне А. С. Пушкиннің, Ю. М. Лермонтовтың, Л. Н Толстойдың, Салтыков –Шедриннің, Гетенің  шығармаларын қазақшаға   аударды.

 

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес.

Ол бірақ қайтіп келіп ойнап – күлмес.

Мені мен, менікінің айырылғанын,

“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы.

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған – дегендей бүгін біз артында өлмейтұғын сөз қалдырған ұлы ақын атамыз – Абай Құнанбайұлы туралы сөз қозғамақпыз.

 

 2 жүргізуші: Ал енді ноутбукқа назар аударайық. Абай Құнанбаевтың өмірбаяны туралы видиосюжетті тамашалайық.

( 5 минуттық видео)

 

1-студент: Бақыткелді

 Абай – Ибраһим.

Абай 1845 жылы жылан жылында туылып, 1904 жылы 60 жасында Семей уезінің Шыңғыс болысында дүниеден қайқан. Негізгі аты – Ибраһим болса да, «Абай» деп жас Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп атаған. Содан бері бұл есіммен Абай тарихқа енді.

Абайдың бар өмірі өзі туып өскен Шыңғыс болысы, қазіргі Абай ауданы, бұрынғы Семей облысында өтті.

2-студент: Жасмин

Абай әке жағынан алғанда Тобықтының белгілі шонжары мен батыр биінен тарайды. Оның бабасы Тобықтының биі болған. Абайдың әкесі Құнанбай Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған. Ал, шешесі Ұлжан Бошан руынан тарайды.

3-студент: Нұрдос

Әкесі - тілге шешен, ақылға бай, қатыгез, ал шешесі керісінше ағайын-туысқа қайырымды, мінезі жұмсақ, тілге бай адам болған.Міне, сәби шағынан-ақ Абай от пен судай екі ұдай, кереғар мінезді адамдар ортасында өмір кешті. Аяулы әжесі Зере мен анасы Ұлжанның жас бала қиялы мен санасының, мінез-құлқының қалыптасуына әсері мол болды. Ол екеуі айтқан ертегі, аңыз-әңгіме, күлдіргі, мысқыл, ел басынан өткен тарихи оқиғалар зерделі бала-Абайдың санасына біртіндеп сіңе берді. Осылайша, бала Абай өз халқының рухани ой қазынасына қанығып өсті.

4-студент: Елнур

Абай 10-12 жасында мұсылманша оқып, хат таниды. Ал, 12 жасында Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға түседі. Медреседе жүргенде 14 жасында 3ай орыстың «приходская школында» орысша сабақ оқыды.

5-студент: Жомарт

Осы 4 жылдық медреседегі және 3 айлық орыс мектептеріндегі оқуды аяқталып, 15 жасында үлкендерден білімі артып, ел ішіндегі жұртты өзіне қаратып, әкесіне көп көмегін тигізеді. Ел-жұрт оны би етіп сайлайды.

 

6 студент: Алтынай

20 жасында ол от тілді шешен, халық өмірі мен әдетін, билік туралы істі көп білген көсем болған. Мақал, ертегі, нақыл сөздерді тез меңгерген. Жаңа заманның ретімен Абай білімге ден қойып, Араб, парсы, түркі тілдерін үйренді.

Абай 14 жасынан өлең шығарған. Ол жастар арасында кең таралғанымен, оған онша мән бермейді. Абайдың өнерге бет бұруына себепкер орыс достары Грось пен Михаэлис болды.

Абай орыстың ақын-жазушылары – Пушкиннің, Лермонтов, Крылов, Толстой, Тургеневтің еңбектерін оқыған. Олардың шығармаларын оқи отырып, оөық ойлы Абай орыс мәдениетін, өнерін, білімін үлгі еткен. Бұл да Абайдың даналығы.

Абай кестелі сұлу сөздің иесі, көркем әдебиеттің темірқазығы, өшпейтін жарық жұлдызы. Абай шығармаларын қазақ балалары кімнің алдында болса да, ұялмай мақтанышпен айта алады.

7-студент: Лаура

 Абай – ақын.

- Ұлы ақынның туған жері – табиғаты тамаша Семей жері, Шыңғыс тауының етегі. Осы туған жердің табиғаты, туған отбасы, заманы –барлығы Абайдың сезіміне, жүрегіне әсер етіп, оның ақындығына ықпал етті. Енді өзіміз білетін Абай атамыздың өлеңдеріне кезек берелік.

 

 «Қыс» - Санжар          «Жігіт сөзі» – Ұлан

 «Жазғытұры» - Нұрдос      «Жаз» - Жомарт     

  «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» – Алтынбек

 «Күз» - Нұржан         «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» - Елнұр

 «Ғылым таппай мақтанба» - Бейбарыс  «Біреуден біреу артылса» – Лаура

«Қажымас дос халықта жоқ» -  Алтынай

«Жастықтың оты жалындап» – Жасмин

 

2 жүргізуші: Көріп отырғандарыңыздай ақын өз өлеңдерінде қараңғылық, надандық, кертартпалықпен күрескен, халық қамын ойлаған, жастарды білімге, еңбекке, өнерге шақырған.

  Абай – сазгер.

- Абай қазақтың ән-күйін сүйіп тыңдаған. Жаяу Мұса, Біржан сал, Ақан сері, Тәттімбет сияқты халық сазгерлерін ерекше бағалаған. Өзі де бірнеше ән шығарған.

• Тәңір қосқан жар едің сен

• Сегіз аяқ

• Көзімнің қарасы

• Қор болды жаным

• Бойы бұлғаң

• Айттым сәлем, Қаламқас

• Біреуден біреу артылса

• Көңіл құсы құйқылжытар шартарапқа

• Сен мені не етесің?

• Ата-анама көз қуаныш

• Сүйсіне алмадым сүймедім

• Желсіз түнде жарық ай

• Көзімнің қарасы

 

Ендігі кезекті әнге берсек.

«Көзімнің қарасы» әні Оразалыұлы Алтынбектің орындауында қабыл алыңыздар.

1 жүргізіші: Абай – ойшыл.

- Абай-ойшыл дегенде біздің есімізге оның қара сөздері түседі.

Қара сөздері терең ой мен күрделі пікірге құрылған.

Жақсы мен жаман туралы баяндайды, халқын алға ұмтылуға шақырады. Абайдың 45 қара сөзі бар. Олай болса сол қара сөздерінен үзінді тыңдайық

.(Елнұр - 12 қара сөз; Нұрдос - 14 қара сөз; Ұлан – 24 қара сөз )

2 жүргізуші: Абай – аудармашы.

- Абай орыс ақыны А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан үзінділер, М.Ю.Лермонтовтың, И.Гетенің шығармаларын сүйіп оқып, аударған. Біз оқыған «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын да И.А.Крыловтан аударған Абай атамыз екен.

1 жүргізуші: Абай Құнанбайұлы туралы ұлы ақындардың, жазушылардың ой-пікірлері қаншама. Соларды қысқаша айтып кетсек.

Мұхтар Әуезов атамыз былай деп айтып кеткен екен:

-Поэзияда, музыкада, қоғамдық- азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес  шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Ол өз халқының ғасырлар бойғы мәдениетінің таңдаулы нәрін алды және бұл қазынаны орыстың және Батыс Еуропа мәдениетінің игі әсерімен молықтырды. Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы- заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қаосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр.

2 жүргізуші:  Міржақып Дулатов:

-Біз бүгін ардақты ақынымыз марқұм Абайдың рухына дұға қылып қараңғы заманда шырақ жаққан басшымыздың есімі, құрметі, терең мағыналы асыл сөздері атадан балаға, немереден шөбереге үзілмеу сақталуын тілейміз. Бірінші ақынымыз деп қадірін халқы жиі-жиі зиарат етер, халықпенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндері біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар.

 

1жүргізуші:

Бүгінгі сабағымызды Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына өлеңімен аяқтағым келеді.

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Адамдықты көздесең,

Жаттап, тоқы көңілге.

Қамшының сабындай ғана қысқа өмірінде артына өшпес із, өлмес өсиет қалдырып кетуді ақын сөзімен айтсақ:

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған...

 

2 жүргізуші: Қасиетті қара сөздерден ғибрат алып қана қоймай, өмірлік нұсқау алдық. Қазақ сөзінің киесі қонған бұл қара сөздер кез келгенімізге өмірлік бағыт-бағдар, ақыл қосушы. Сондықтан да, біз Абай атаны жадымызда ұстаймыз!

Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірі мен шығармашылығы
Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Сәбит Мұқанов өмірі мен шығармашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу