Реферат: Кеңес Одағының құрылуы мен күйреуінің тарихи сабақтары

Oinet.kz 08-09-2020 1821

1917 жылдың 24–25 қазанында Ресейде большевиктер партиясы басқарған төңкеріс болып, Уақытша үкіметі құлатылды. Қысқа мерзімде большевиктер Петроград, Мəскеу, Иваново- Вознесенск, Төменгі Новгород, Тверь, Ярославль, Екатеринбург жəне тағы басқа өнеркəсіп орталықтарында жаңа Кеңес өкіметін орната бастады. Төңкеріс кезінде жұмыс істеген Кеңестердің Бүкілресейлік II cъезінде большевиктердің ықпалымен Жер жəне Бейбітшілік туралы тарихи Декреттер қабылданып, В.И.Ленин басқарған бірінші Кеңес үкіметі Халық Комиссарлар Кеңесі құрылды [1]. Сонымен қатар Кеңестердің съездер аралығында елдегі өкіметтің жоғарғы органы болып Бүкілресей Орталық Атқару Комитеті сайланды [2]. Дəл осы кезеңде алдағы аталған Декреттермен   қатар,   большевиктер   үкіметі   «Ресей   халықтары   құқықтарының   декларациясы»,


«Еңбекші жəне қаналушы халық құқықтарының декларациясы» атты маңызды құжаттарын, Ресей Федеративтік Республикасын құру туралы қаулысын жариялады жəне социалистік құрлыстың негізгі кезеңдерін белгіледі [3].


Большевиктер билікке келсімен оларға қарсы бағытталған «ақтар қозғалысы» қарулы күрес бастап, Ресейде азамат соғысының оқиғалары орын алды. Кеңес өкіметі жаңа орнығып жатқан кезде көпұлтты Ресейде ыдырау үрдістері басталды, соған байланысты Финляндия, Польша, Əзербайжан, Армения, Грузия, Эстония, Латвия жəне Литва өздерінің тəуелсіздіктерін жариялады [4]. Сонымен қатар Украинада Орталық Рада [5], Қазақстанда «Алаш Орда» [6], Түркістанда Қоқан автономиясының үкіметтері құрылды, олар жергілікті халықтардың мүддесін қорғайтын саяси күштер болды [7].


Бірақ Қазан төңкерісіне дейін Ресейді «халықтар түрмесі» деп олардың бостандығын жақтаған В.Ленин, И.Сталин жəне тағы басқа большевиктердің көсемдері өздері билікке келгеннен кейін, «ұлы державалық» пиғылдарын анық көрсете бастады. 1918–1919 жылдары большевиктер басшылығы, Қызыл Армияның күшімен, Украинадағы, Қазақстандағы жəне Түркістандағы ұлттық үкіметтерді талқандап, құғынға ұшыратты, олардың орнына аталған аймақтарда Кеңес өкіметі орнатыла бастады.


Бөлініп кеткен территорияларды қайта қосып алу саясатын Кеңес үкіметі жалғастыра берді. Польшаның тəуелсіздігін таныса да, қалай да осы елді қайта қосып алу амалын Кеңестік Ресей басшылары   іске  асыруға  кірісті.   Сондықтан   большевиктер  осы  кезде  поляктармен   жүргізілген келіссөздерге немқұрайлы қарап, екі мемлекеттің арасындағы қатынастарды одан сайын шиеленістіруі, ең соңында Кеңестік Ресей мен Польшаның арасындағы соғысқа əкеп соқты. 1920 жылы кеңес-поляк соғысы кезінде Варшава түбінде Қызыл Армияны талқандаған поляк халқы өз тəуелсіздігін сақтап қалды [8].


Большевиктердің Ресей халықтарының тəуелсіздігіне қарсы болғанын Теріскей Кавказ жеріндегі оқиғалардан байқауға болады. Осында өздерінің тəуелсіздігін жариялаған Армения,  Əзербайжан жəне Грузияға Кеңестік Ресейдің басшылары ашықтан ашық қоқан-лоққы саясат жүргізіп, неше түрлі арандатушылық ұйымдастыра бастады. Осындай саясатты жүргізуде, əсіресе И.Сталин, С.Киров, С.Орджоникидзе сияқты большевиктер партиясының белгілі қайраткерлері ерекше белсенділік көрсетті. Осы мемлекеттерге «еңбекшілер ерекше қарсы болып, бізден көмек сұрады» деген сылтаумен Ресей басшылары 1920 ж. сəуір айында Қызыл Армияны жіберіп, мусаватистер үкіметін құлатып, Əзербайжанда Кеңес өкіметін орнатты. Тура осындай жолмен қараша айында дашнактар билігі жойылып, Кеңес өкіметі Арменияда орнады [9]. Ал 1921 жылдың мамыр айында Қызыл Армия тəуелсіз Грузияға басып кіріп, осындағы ұлттық үкіметті құлатып, осы жерді кеңестендіруге жол ашты [10]. Сөйтіп, большевиктердің агрессиялық саясатының нəтижесінде армян, грузин жəне əзербайжан халықтарының тəуелсіздіктері жойылды.


Əр түрлі ұйымдастырылған арандатушылықтан кейін, 1920 жылы Түркістан майданының (қолбасшысы М.Фрунзе) əскерлері патша кезінен сақталып келген Бұқар жəне Хиуа хандықтарын басып алып, осы жерлерде 1918 ж. құрылған Түркістан Автономиялық Кеңестік Республикасымен қатар «құыршақ» Бұқар жəне Хорезм Кеңестік Республикаларын жариялады. Осы уақыттан бастап, əскердің күшімен орнатылған Кеңес өкіметіне қарсы Орта Азия халықтарының 20 жылға созылған қарулы күресі басталды. Оның себептері туралы Кеңестік Ресейдің Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы С.Каменев: «...Кеңес өкіметінің шаралары, шын мəнінде, отарлаушылық саясат болды. Сондықтан ол ұлттық қозғалыстың дамуына əкеп соқты. Қызыл гвардияшылар отрядтарының сорақылық істері басмашылардың көбеюіне əсер етті», — деп көрсеткен [11]. Осыған орай бір кезде большевиктер кемсітіп, «басмашылар қозғалысы» деген соғыс, шын мəнінде Түркістанның жергілікті халықтарының Кеңес үкіметінің озбырлық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс болды. 1922 жылы Ресейдегі азамат соғысы большевиктер үкіметінің жеңісімен аяқталды. Қызыл Армия жеткен  жерлердің  көбісінде  Кеңес  өкіметі  орнатылды,  бірақ  тəуелсіздіктерін  жариялап, Ресейден Польша, Финляндия, Латвия, Эстония жəне Литва бөлініп шықты.


Атақты советолог Р.Пайпстың айтуынша, «Ленин ұлттық проблемаға оны қалай шешу үшін емес, қайта оны қалай пайдалана білу керек деп қарады» дегенімен келісуге болады [12]. Дегенмен, халықтардың сенімінен айырылып қалмау үшін, 1917 жылғы Декларациядағы уəделерін большевиктер азамат соғысының қиын кезеңінде іске асыра бастады. Сөйтіп, олар  ұлттық аймақтарды уыстарында ұстап қалғысы келді.


Өздеріне пайдалы «пролетарлық интернационализм» принципін негізге алып, большевиктер 1918–1920 жылдары Ресей құрамында бірқатар автономиялар құрды. Бұл жұмысты жүргізгенде олар орталық аппарат пен көбінесе орыстардан тұратын жергілікті партия ұйымдарына сүйенді. 1918 жылы Еділ бойындағы немістер коммунасы, ал 1919 жылы Татар-Башқұрт Автономиялары құрылды. Бірақ Татар-Башқұрт Автономиясының басшылары «пантюркизм» жолына түсті деп үріккен большевиктер бұл Автономияны екіге бөлді. Сөйтіп, 1920 жылы Башқұрт Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы, Татар Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы, Қазақ Кеңестік Автономиялық Республикасы, Дағыстан жəне Таулы Кеңестік Автономиялық Республикалары, сонымен қатар Шуаш, Карел, Удмурт, Мари, Қалмақ Автономиялық облыстары мен округтары құрылды. Ал 1921 жылы Коми, Кабарда, Қырым Автономиялары пайда болды [13].


Азамат соғысының аяғына қарай бұрынғы Ресей кеңістігінде Украин, Белорус, Əзербайжан, Армян жəне Грузин Кеңестік Социалистік республикалары жəне Қиыр Шығыс Республикасы пайда болды. Оларды большевиктер құрған үкіметтер басқарды. Орта Азияның Қызыл Армия басып алған жерлерінде «қуыршақ» Бұқар жəне Хорезм Халық Республикалары құрылды.


1920–1922 жылдары осы республикалардың көпшілігі Ресей Федерациясымен  шаруашылық жəне дипломатия салаларында одақтастық туралы келісім-шарттарға қол қойды. Ал бұл республикалардың партия ұйымдары облыстық партия комитеті ретінде РКП (б) Орталық Комитетіне тікелей бағынатын болды. Орталық Комитет ұлт аймақтарындағы жергілікті халықтардың өкілдеріне сенімсіздікпен қарап, сол жерлердің басшылығына көбінесе комиссарларды Мəскеуден жіберіп немесе   сондағы   орыс   жұмысшылары   мен   солдаттарды   қойды.   Соңғылардың   Орта Азиядағы «басқаруы» туралы партияның Орталық Комитеті 1920 жылдың маусым айында арнайы Қаулы қабылдап, онда: «Отаршылдық психологиясы дарыған орыс жұмысшыларының қолында Кеңес үкіметі 2,5 жыл болса да, келімсектер мен жергілікті Түркістан халықтарының қарым-қатынастары өзгерудің орнына одан сайын шиеленісе түсті», — деп көрсеткен [14].


Осындай жағдайға байланысты Орталықпен басқа республикалармен жəне олардың халықтарымен қарым-қатынастарды заңдастыратын мəселелер қаралып талқылана бастады. Соның нəтижесінде Грузия басшылары Махарадзе, Орахелашвили, Мдивани қарсы болса да 1922 жылдың басында РКП (б)-ң нұсқауымен Грузия, Армения жəне Əзербайжан біріктіріліп, Теріскей Кавказ Кеңестік Социалистік Федерациясы құрылды [15]. Ал 1922 жылы тамыз айында Кеңестік Республикалардың Федерация негізінде Одағын құру туралы жоспарды Сталин басқарған комиссия қарай бастады. Жалпы федерация арқылы Ресей, Украина, Белоруссия жəне Теріскей Кавказ Федерациясының бір одаққа кіру жоспарын Ленин ұсынды. Ал Сталин бұл республикалар Ресей құрамына автономиялар ретінде кіру керектігін дəлелдеді. Осы кезеңде басқа да ұсыныстар болды. Мысалы: Грузия басшылары Теріскей Кавказ Федерациясындағы республикалар əрқайсысы жаңа одаққа бөлек кіруін қалады. Осындай ұсынысты Татар, Башқұрт автономияларының басшылары да қолдады. Ал Украинаның өкілдері федерацияның орнына конфедерация құру керектігін дəлелдеді. Бірақ Сталин бұл ұсыныстарды қабылдатқызбай, өзінің автономиялық жоспарын жақтап: «Ұлттық аймақтардағы жас буын коммунистер, тəуелсіздік ойынын ойын ретінде түсінгісі келмей, бізден тəуелсіз республикалардың конституцияларын іске асыруды талап етеді», — деп большевиктердің республикалар құруын «тəуелсіздік ойынымен» салыстырады. Сөйтіп, басқарушы партияның ұлыдержавалық саясат жүргізітіндігін айқын байқатады [16].


Бірақ Ленин Сталиннің «тым асығыс» шараларын сынға алып, партияның Орталық Комитетінде өзінің жаңа одақты федерация негізінде құру туралы жоспарын қабылдатқызады. Əрине, өздерінің осы жоспарларына қарамастан, Ленин мен Сталин де құрылатын одақты болашақта біртұтас ірі коммунистік державаға айналдыру мақсаттары болғанын байқау онша қиын емес.


1922 жылдың желтоқсан айында Украинаның, Белоруссияның, Теріскей Кавказ жəне Ресей Федерациясы Кеңестерінің республикалық съездері өтті. Олар большевиктердің қысымымен республикалар   одағының   құрылуын   жақтаған   шешімдер   қабылдады   жəне   Бүкілодақ Кеңестерінің І съезіне делегаттар сайлады. Осы уақытта Қиыр Шығыс Республикасы таратылып Ресейге қосылды [17].


1922 жылдың 30 желтоқсанында Мəскеу қаласында Бүкілодақ Кеңестерінің І съезі өтті. Съезд төрт республика: Ресей, Теріскей Кавказ Федерациясы, Украина жəне Белоруссия бірігіп, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО) құрылуы туралы Қаулы шығарды жəне КСРО-ның құрылғаны туралы Декларация мен Шарт қабылдады. Онда республикалардың одақтық мемлекетке бірігуінің принциптері мен шарттары баяндалды [18]. Съезде КСРО Орталық Атқару Комитеті (ОАК) сайланып, оған төрт тең төрағалар болып М.Калинин (Ресей), Н.Нариманов (Теріскей Кавказ), Г.Петровский (Украина) жəне А.Червяков (Белоруссия) сайланды. Бірақ тең төрағалық қағаз жүзінде қалып, аз уақыттан кейін Орталық Атқару Комитеттегі билік толық М.Калининнің қолына көшті.


1923 жылы шілде айында Орталық Атқару Комитетінің ІІ сессиясы КСРО-ның Конституциясын қабылдап, оны Бүкілодақтық Кеңестерінің ІІ съезі 1924 жылдың 31 қаңтар айында бекітті. Конституция бойынша КСРО-ның жоғарғы үкімет органдарының қарауына мынандай мəселелер жататын болды: сыртқы саясат, соғыс жариялау мен бітім жасау, КСРО мен республикалардың шекаралары, КСРО құрамына қабылдау, КСРО Қарулы Күштері, көлік пен байланыс, халық шаруашылығын жоспарлау. Осыған қарағанда Конституция федерациядағы Орталықтың билігін заңдастырды. Əсіресе Конституцияның ІV-тарауы бойынша Орталық үкімет республикалардың ішкі жағдайларындағы барлық мəселелерге араласып тұруға мүмкіншілік жасады. Ал Конституциядағы республикалардың Одақтан шығу құқығы көп жылдары қағаз жүзіндегі бап болып қала берді [19].


Жаңа Конституцияның негізінде КСРО өкіметінің Жоғарғы Органы Кеңестердің Бүкілодақтық съезі болды. Ал съездің араларында жұмысты екі палаталық Орталық Атқару Комитеті жүргізетін болды, оның палаталары Одақтық Кеңес жəне Ұлттар Кеңесі деп аталды. Бүкілодақтық съезге делегаттар губерниялық съездерінде сайланды. Ал губернияларға  бөлінбеген республикаларда тікелей Кеңестердің республикалық съездерінде сайланды. Жұмысшы табының рөлін көтеру үшін сайлау кезінде 1 жұмысшының даусы 5 шаруаның даусына теңелді. КСРО-ның Орталық Атқару Комитетінің атқарушы жəне басқарушы органы — КСРО-ның Халық Комиссарлар Кеңесі құрылып, оның ішінде Халық Комиссариаттары, Мемлекеттік Банк жəне Мемлекеттік Жоспарлау Комиссиясы бекітілді [20].


Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетіне барлық республикаларда міндетті түрде орындалатын декреттер мен қаулылар шығару құқығы берілді. Сессиялар арасында жұмысты Орталық Атқару Комитетінің атынан оның Президиумы жүргізді. Президиум республикалардың қарым-қатынастарын, оларда шыққан қаулыларының Одақ Конституциясына сəйкестігін бақылайтын болды. Халық Комиссарлар Кеңесінің құрамында контрреволюция, шпионаж жəне терроризммен күресетін Ерекше Мемлекеттік Саяси Басқарма (ОГПУ) құрылды [21]. Конституция барлық республикалардың тұрғындарына бірыңғай азаматтық белгіледі.


Кеңестік федерация большевиктердің үгіт-насихат, саяси ұйымдастырушылық жұмыстары арқылы құрылған көп ұлтты держава болды. Терезесі тең болып қосылған республикалардың барлық ресурстары бір Орталыққа бағындырылды, ал саяси басқаруды Коммунистік партия өз қолына алды. Осындай жағдайда большевиктерге экономиканы дамытуға, ішкі жəне сыртқы саясатты жүргізуге толық мүмкіндік пайда болды. Ал КСРО Конституциясы, белгілі ғалым Элен Каррер д.Анкосс көрсеткендей, «Интернационализмге үйрететін мектепке» айналды [22]. Сонымен қатар Кеңестер Одағы сияқты алпауыт Коммунистік державаның құрылуы большевиктерге халықаралық аренада əр түрлі арандатушылық, «революцияны экспорттау» саясатын жүргізуге мүмкіндік берді. Кеңес Одағының пайда болуымен «Қызыл империяның негізі қалыптаса бастады».


КСРО құрылғаннан кейін Кеңес үкіметі ұлттық республикаларда көптеген саяси, экономикалық жəне мəдени шараларды іске асыруға кірісті. Республикалардағы басқару аппаратына жергілікті халықтардың өкілдері кіргізіле бастады. Бірақ оларға көбінесе сенімсіздікпен қараған Коммунистік партия ұлттық аймақтардың басшылығына өзінің өкілдерін жіберіп тұрды. Сөйтіп, Одақтық басқару жүйесінің ерекше билігі бюрократиялық орталықтандыру процесінің күшеюіне əкеп соқты.


1924–1925 жылдары Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік құрылыс жұмысы жүргізіліп, Түркістан Автономиялық Кеңестік Республикасы, Бұқар жəне Хорезм Халық Республикаларының территориясында Өзбек жəне Түркімен Кеңестік Социалистік Республикалары құрылды. 1929 жылы Тəжік Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы одақтас республикаға айналды. Осы құрылған үш республика Одақ құрамына енді. Бірақ Кеңес үкіметі республикалардың шекараларын бөлген кезде көптеген қателіктерді жіберді. Мысалы: қазақтардың бірқатар батыс жəне солтүстік жерлері Ресей Федерациясының құрамына, тəжіктердің Самарқан, Ходжент аймақтарының кей жерлері Өзбекстанның құрамына бөлініп берілді, ал Əзербайжан мен Армения араларындағы өткізілген шекара кейін шешілмейтін проблемаға айналды [23].


1923–1929 жылдары реформа бойынша Кеңес Одағында губерниялар, уездер, болыстықтар орнына облыстар, аудандар селолық жəне ауылдық кеңестер құрылды [24]. Дегенмен, Кеңес Одағы кезінде ондағы көптеген ұлттық республикалар мен аймақтар өздерінің əлеуметтік-экономикалық дамуында жəне мəдениет саласында айтулы жетістіктерге жетті. «Социалистік интернационализм» негізіндегі КСРО-ғы ұлттық республикаларда өздерінің үкіметтері, əнұрандары жəне Конституциялары болды, тіпті олардың əкімшілік шекаралары болды, сөйтіп, кеңестік негізде болса да ұлттық республикаларда мемлекеттілік қалыптасты [25].


Бірақ «халықтар достығының салтанаты» орнаған көпұлтты федерация орнына Кеңес Одағы біртіндеп əкімшілдік-əміршілдік басқару жүйесі қалыптасқан, тоталитарлық сипаты бар коммунистік империяға айналды. КСРО құрылған кезде федерацияда терезесі тең болады деген одақтас республикалар барлық жағынан Мəскеуге бағынып, онсыз бір мəселені шеше алмайтын «құыршақ» құрылымдар болып қала берді. «Социалистік интернационализм» принципі негізінде бір тілде сөйлейтін, бір идеологияға жəне бір орталыққа бағынған «кеңес халқын» құрамыз деген Одақ басшыларының əрекеті XX ғасырдың 70-жылдары сəтсіз аяқталды. Ең соңында экономикасы ішкі жəне сыртқы жағдайы, ұлттық саясаты тығырыққа тірелген Кеңес Одағы 1991 жылы ыдырап оның кеңістігінде 15 тəуелсіз мемлекет пайда болды. КСРО-ның ыдырауындағы басты себеп — ол 1986 ж. Қазақстанда басталып, Украина, Латвия, Литва, Эстония, Грузия жəне Əзербайжанда жалғасын тапқан ұлт-азаттық қозғалыс болды деп айтуға болады. Кеңес Одағының ыдырауы  тарихи заңдылыққа бағынған үрдіс, өйткені көпұлтты империялар қандай саясат жүргізсе де уақыты жеткенде ыдырауға мəжбүр болады.


Қазіргі кезде КСРО кеңістігінде пайда болған тəуелсіз республикалар əрқайсысы өзіннің шамасына қарай даму жолына түсті. Олар бұрыннан мемлекеттілік дəстүрі бар Ресеймен қатар, Қазақстан, Украина, Белоруссия, Əзербайжан жəне Өзбекстан саяси жəне əлеуметтік-экономикалық жағынан белгілі дəрежеге жетті. Бірақ екі алпауыт мемлекет Қытай мен Ресей Батыс державалары сияқты посткеңестік елдерді əр түрлі халықаралық одақтарға жəне ұйымдарға итермелеп бағуда. Əсіресе Ресейде соңғы кезде империяны аңсау пиғылдары байқалып отыр, бұл елде. Үлкен Ресейді, немесе КСРО сияқты державаны, басқа атпен болса да, қайта құру деген əр түрлі ұрандар тіпті жоспарлар дайындалып жатыр. 1994 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ұсынған Еуразиялық одақ идеясы көтерілді, ол бойынша бұл одаққа көптеген еуразиялық мемлекеттер терезесі тең болып кіруі мүмкін деген. Осы идеяны басында қолдаған Ресей басшылары бұл одақты өзінше түсінеді, олардың пайымдауы бойынша, КСРО-ның орнына Ресейдің басқаруымен Еуразиялық одақ құрылып, оған негізінен посткеңестік республикалар кіруі керек екен. Осы жоспарды іске асыру  үшін Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымы мен Беларусь, Ресей жəне Қазақстан кірген Кедендік одақ пайда болды, осы одаққа кіргізу үшін Ресей басшыларының Украина, Тəжікстан жəне Қырғызстанға əр түрлі қысым жасап отырғаны белгілі. Кейбір ТМД мемлекеттері кірген Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Қытай мен Ресейге пайдалы болып отыр, өйткені олар осы ұйым арқылы Орталық Азия мемлекеттерін өздерінің уысында ұстап қалғысы келеді.


Ал Ресейдің ықпалымен жүргізіліп жатқан Еуразиялық экономикалық кеңістікті қалыптастыру жұмысы болашақ Еуразиялық одақтың біріккен экономикасының негізі болмақ. Осыған толық сеніп отырған Ресей Президенті В.Путин: «Еуразия кеңістігіндегі аймақтық интеграциялық құрылымдардағы күштерді үйлестіру өзінінің тиімділігін көрсетті»,— деп ресми түрде жариялап отыр [26]. Кейбір ресей саясаткерлерінің конфедеративтік негізінде құралатын болашақ Еуразиялық одаққа посткеңестік мемлекеттердің көпшілігі кіруі керек деген ашық айтылып жүрген сөздері — көпшілікті алаңдататын жай. «Ресейге күшті жəне ықпалды Еуразиялық одақ неге керек?» деген сауалға, мынандай жауап беруге болады: Ресейдегі империяны аңсаушы саяси күштер ТМД мемлекеттерінің біріккен əскери- экономикалық потенциалын пайдаланып, қайтадан бір кездегі Кеңес Одағы сияқты Батысқа қарсы тұрғысы келеді, мұндай жағдайда тағы да «қырғи-қабақ соғыс» басталып кетуі мүмкін деп айтуға болады.


Осыған орай посткеңестік үлкенді-кішілі мемлекеттер (оның ішінде Қазақстан) ірі державалар құрған əр түрлі одақтарға кіруді басты мақсат деп есептемеуі керек, өйткені ондай қадамдар сол елдердің тəуелсіздігіне қауіп төндіретіні анық. 1922 жылы большевиктердің Кеңес Одағын құрудағы алдау-арбау, зорлық-зомбылық саясатына алданып қалған Украина, Белоруссия жəне Теріскей Кавказ басшыларының кейін опық жегенін ұмытпау керек сияқты. КСРО-ның құрылу оқиғаларын оқыған да, зерттеген де орынды, бірақ талай рет бодандықты бастан кешірген ТМД халықтарының тарихтан тағлым алатын уақыты жетті деуге болады. Қазіргі заманның өзінде кейбір одақтарға кірген орташа мемлекеттер, қалай болса да сол одақтардың əр түрлі шарттарының баптарымен өзін-өзі байлап алып, сол одақты құрушы ірі державаның саяси-экономикалық ықпалына түседі, сондықтан сол одақтың мүшесі ретінде əр түрлі халықаралық жанжалдар мен текетірестерге немесе мемлекетаралық саяси жəне экономикалық күреске қатысу қауіпі пайда болады. Мұндай жағдай одақтарға кірген мемлекеттердің экономикалық жəне саяси тəуелсіздіктеріне ерекше қауіп төндіреді.

Халықаралық дипломатияда екіжақты қатынастар деген қағида бар, сондықтан уақыт сынағынан өткен осы принциптер арқылы ірі державалар құратын əскери немесе экономикалық одақтарға кірмей-ақ, Достастық елдері əлемдегі барлық мемлекеттермен саяси-экономикалық, мəдени қатынастарды əржақты жəне толыққанды дамытуға барлық мүмкіншіліктері бар. Тек осындай жағдайда ішкі саяси ахуалы тұрақты, табиғи байлығы мол (Əзербайжан, Өзбекстан, Қазақстан) сияқты ортан қолды мемлекеттер империялық пиғылдары бар ірі державалардың толық ықпалына түспей, халықаралық аренада өзіне лайықты, пайдалы жəне тəуелсіз саясат жүргізе алады.


Әдебиеттер тізімі:


Sokolov А.К. Course of Soviet History. 1917–1940: Manual for universities, Мoscow: High school, 1999, р. 53.

History of USSR. Textbook for students: In 2 vol. — Vol. 2. / Eds. N.Е.Аrtyomov, Мoscow: High school, 1982, р.

History of USSR. The era of socialism / Eds. S.А.Sergeev. Tutorial for pedagogical institutes, Мoscow: Prosveschenie, 1977,р. 87.

Modern History of XX century: Textbook for universities: In 2 Vol. / Eds. А.F.Kiselev, E.М.Schagin, Мoscow: VLADOS, 1998, р. 417.

Tutorial on USSR history / Orlov А.S., Georgiyev А., Naumov N.V., Sivohina Т.А., Мoscow: High school, 1987, p. 424.

History of Kazakhstan. From ancient time till today: Essay, Almaty: Daur, 1994, p.

Tursyn М. Turkistan ult-azattyk kozgalysy zhane Turkistan Mukhtariyaty. Tarihi, sayasi zhane ylttyk aspectileri, Almaty: Nyrly alem, 2006, р. 52.

Big Soviet Encyclopedia: In 30 vol. — Vol. 3 / Eds. А.М.Prohorov, Мoscow: Sov. encycl., 1975, р.

Orlov А.S., Georgiyev А., Georgiyeva N.G., Sivohina Т.А. History of Russia: Textbook, Мoscow: Prospect, 1997, р. 374.

Soviet Historical encyclopedia / Eds. Ye.М.Zhukov. — Vol. 12, Мoscow: Sov. Encycl., 1963, p.

Adambekov B.K. Russian Empire in XX century, History of Soviet country and CIS: Tutorial, Karagandy: KSU Publ., 2005, p. 102.

Timofeev Т. Formation of USSR and international solidarity of workers. Modern and Contemporary History. — 1982, № 6, p. 27.

History of USSR. Era of socialism: Textbook for universities / Eds. Yu.S.Kukushkin, Мoscow: High school, 1985, p.

Mustafa Chokai-uly. Turkestan under the control of soviets. Articles, memoirs, Alma-Ata: Aikap, 1993, p.

Berhin I.B. History of USSR (1917–1978): Tutorial, Мoscow: High school, 1979, p.

History of nation and state building in USSR: In 2 Vol. — Vol. 1. / Eds. A.Chugaev, Mysl, 1972, p. 103.

Nikiforov P.М. Notes of DVR premier, Мoscow: Politizdat, 1974, p. 190.

History of Soviet constitution. of documents. 1917–1957 yy., Мoscow: Politizdat, 1957, p. 214.

Zuyev М.N. History of Russia. Textbook for universities, Мoscow: Prior-izdat, 2005, p.

Karr History of Soviet Russia. Book 1: Vol. 1 and 2. Bolshevist revolution.1917–1923 / Transl. from Eng.,Мoscow: Pro- gress, 1990, p. 318.

Modern Soviet History. XX century. Textbook for universities / Eds. M.Schagin, А.V.Lubkov: Book 1: In 2 vol., Мoscow: VLADOS, 2004, p. 387.

Vert History of Soviet country. 1900–1991 / Transl. from French. — 2-nd ed., Мoscow: Progress-Academy, 1995, p. 171.

Vinogradov I., Orlov G.А., Zhuchkov B.I. History of USSR in document and illustrations (1917–1971), Мoscow: Pro- sveschenie, 1973, p. 120.

History of Russia: In 2 — Vol. 2. From the beg. of XIX till the beg. of XXI century / Eds. A.N.Saharov, Мoscow: Astrel, 2006, p. 576.

of documents on history of USSR. The era of socialism: Ed 3.1933–1941 yy. / Eds. V.Z.Drobizhev, Мoscow: High school, 1980, p. 202.

Egemen Kazakhstan // 2012. — Dezember, 1, p.

Ұрпақ үні. Абай Құнанбаевқа арнау
Ашық сабақ. Музыка және табиғаттың көңіл күйі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу