Наурыз мерекесіне арналған бата

Oinet.kz 06-10-2020 997

Наурыз бата

Дәулетті бас берсін,
Бақытты ас берсін.
Ұлыстың ұлы күнінде
Ұлың оңға қонсын,
Қызың қырға қонсын.
Қыруар қалың өріске толсын.
Әумин.

***

Үлкенің мен жасыңа
Береке қонсын басыңа!
“Наурызға” келген халайық.
Жамбылдың жеткін жасына.
Ырыс, дәулет мол болсын,
Жылда осындай той болсын.

Мейрамды енді бастайық,
Ал, қанекей, жол болсын!
Әумин.

***

Жаңа жылға жете берейік,
Жақсы адам боп өте берейік.
Өміріміздің ақырына шейін
Осы бағытпен кете берейік!
Жамбылдың жасын берсін,
Махамбеттің тілін берсін,
Құрманғазының күйін берсін!
Ыбырайдың күрегін берсін,
Гагариннің жүрегін берсін!
Әумин.

***

Күніміз ұлысты болсын,
Жеріміз ырысты болсын.
Өрісіміз малға бай, дүбірлі болсын.
Келіндеріміз жанға бай,
үбірлі-шүбірлі болсын.
Ер жігіттің ту етер ар тұрағы болсын.
Қанат беріп түлетер арғымағы болсын.
Әумин.

***

Құдай жарылқасын,
Бай қылсын!
Бақ қарасын!
Қыдыр дарысын!
Аруақ жебесін!
Дастарқанға береке берсін!
Кең пейіл берсін,
Ұзақ өмір берсін!
От айнала бас берсін,
Өріс толы мал берсін!
Айдан аман сақта,
Жылдан есен сақта!
Жүз бір қатерден сақта,
Мың бір пәледен сақта!
Аузы қанды бөріден сақта!
Қолы қанды ұрыдан сақта!
Күле кіріп,
күңірене шыққаннан сақта!
Ізет, абырой, бақ-дәулет
Риза несібең арта берсін!
Әумин.


Нәрестеге арналған бата
Наурыз мерекесіне арналған бата
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу