Наурыз – мерекелердің төресі!

Oinet.kz 22-03-2022 668

Көптеген түркі халықтары үшін  Наурыз – мерекелердің төресі саналады. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ күн мен түннің теңелген уақытын адамзат 300 мың жыл бұрын тойлаған.  Ал бүгінде бұл мерекені 300 милионнан артық адам атап өтеді.   Наурыз 2009 жылы UNESCO-да материалды емес мәдени мұра ретінде тіркеліп, нәтижесінде наурыздың 21 халықаралық мереке деп аталды. «Наурыз мейрамының жағырапиялық аумағы» деген ұғымды естуіңіз бар шығар. Бұл дегеніміз осы мерекені жыл сайын  кең көлемде тойлайтын UNESCO ұйымында ортақ талпыныспен тіркеген он екі ел. Олар:  Иран, Әзірбайжан, Ауғанстан, Үндістан, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан. 

Screenshot_17.jpg

Наурыздың сонау ықылым заманнан бері бүгінге дейін ұмытылмай, маңыздылығын жоймай, өміршең, жалпыхалықтық мәдени мерекеге айналуының сыры неде?

Өкінішке қарай, адамзат Наурызды қай заманнан, қалай тойлай бастағаны туралы тарихи деректер жоқ. Кеңінен тараған мәлімет бойынша, Наурыз парсы халқынан шыққан. Бұрын қазақ ақсақалдары бұл мейрамды "Қызылбастың наурызы" деп бекер атамаған болуы керек. Себебі Қызылбас деп қазақтар Парсы елін айтқан. Наурыз мейрамы біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда зороастризм кезеңінен бастап тойланады дейтін деректер бар. 

Бегілі тарихшы Жамбыл Артықбаев Наурыз мейрамының тарихы  – кемі он мың жыл болатынын айтады. Керек болса, наурыз мейрамы бертінге дейін (17-18 ғасырларға дейін) грекия, рим, англия секілді еуропа елдерінде де аталып өтілген дерек деректер де кездеседі. Тіптен ежелгі Русьтің өзінде 1700 жылға дейін Наурыз мейрамы маңызы зор мерекелердің бірі ретінде тойланып келген екен.  Орыс халқы жаңа жыл мерекесін Наурыз айында атап өтіпті. Тек І Петр бұл мерекені өзгертіп, 1-қаңтарға ауыстырады. 

Көктем мерекесі туралы мәліметтер антикалық және орта ғасырлық жазушылардың еңбектерінде кездеседі. Шығыс жыл санағы бойынша, мереке ирандықтардың жаңа жылы Наврузбен жанасады. Наурыз мерекесін түркі тілдес халықтар тойлайды. Тәжік халқы бұл мерекені "Бәйшешек", "Гүлгардон" не "Гүлнавруз", татарлар "Нардуган", бирмалықтар "Су мейрамы", хорезмдіктер "Наусарджи", буряттар "Сагаан сара", армяндар "Навасарди", чуваштар "Норис ояхе" деп атаған.

Шын мәніндісінде Наурыз мейрамы ешқандай да діни немесе ғұрыптық салт емес табиғат мейрамы саналады. Шығыс күнтізбесі бойынша бұл күн жылдың басы, көктемнің алғашқы айы болып есептеледі. Наурызда күн мен түн теңеледі, жұлдыздар теңеседі, яғни Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары бір түзудің бойында тізіле орналасады. Есепшілер жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуін байқайды. Халықтың ежелгі наным-сенімінде бұл күні жер-көкті жарып ерекше дыбыс (гуіл) естіледі. Мұны тек қана жұмақтан шыққан қой, сол арқылы оны бағып жүрген қойшы ғана еститін көрінеді. Осы күні бүкіл табиғатта, тіршілік иесінде, өсімдік, жан-жануарда ерекше сезім оянып, айрықша күш-қуат, рахман нұры құйылады. Соны білген халқымыз «Әз болмай, мәз болмайды» деп Наурызды асыға күткен. Көктемнің алғашқы айын қазақ  үт айы деп  атаған.  Тілімізде үт деген сөздің тағы бір мағынасы бар. Ол жер үйдің терезесінен, киіз үйдің шаңырағы мен туырлығындағы тесіктерден түсетін күн сәулесімен көрініп тұратын тозаң. Бір ғажабы, күн сәулесі қыс айларында да терезеден түскенімен ұсак тозаң көрінбейді. Ол тек наурыз айынан бастап қана үй ішінде сәулелі жолақ жасап тұрады. Бұл жолақ сәулені көргенде көне көз қариялар «Е, жарықтық үт те туды-ау!» - деп көңіл демдеп отырады. Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Наурыз күн мен түннің теңелген күні. Көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түні болды. Осы уақыттан бастап күн ұзарып, түн қысқарады.Наурыздың өміршеңдігі – осы табиғилығында болса керек.

Наурыздың өміршеңдігін сақтап қалғандығының тағы бір белгісі - ынтымақтастық пен бірлік, татулықты, бауырластықты көздейтіндігі.  Наурыз мейрамы отбасы мен туған-туыстың ынтымақтастығын, бірлігі мен байланысын нығайтуды, көрші-қолаңның татулығы мен достығын қолдайды. Наурыз мерекесінің елімізде «Көрісу» күнінен басталады. Жастардың үлкендерге сәлем беруі, бір-бірімен қол алысып, төс қағысуы, әйелдердің құшақтасуы, дастархан жайып, бас асып, қарияларға құрмет білдіруі адамдар арасындағы бауырластық, сыйластық мәдениетін арттырып, туыстық сезімді нығайтады. Оның үстіне кешіру, кектен арылып, көңілдегі кірбіңді жою адамдардың рухани саулығына себеп болады. Кейбір рауаяттарда адамдар бір-бірімен қол алысқан кезде ағаш жапырақтарының жерге түсетіні сияқты олардың күнәлары да азая түсетіні айтылған. Ауыл ақсақалдары араздасып қалған бауырлас ел, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып табыстырған, жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Қараусыз қалған кембағал жандарды жақын туыстарының қарауына берген. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген.

Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда "жаңа күн" деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқы Наурыз мейрамын күн мен түн теңесетін, жаңа жылдың басталар шағында тойлаған. Ұлыстың ұлы күнін "Армысың, Әз Наурыз" деп қарсы алған.

Қазақ халқы, басқа да түркі халықтары секілді, Наурызды өзгерістер өзегі деп түсінген. Мейрамның қамын қамдау бірнеше апта бұрын қолға алынатын: барлығы ең өңді киім-кешегін дайындап, үй-жайын жақсартып, аула-қорасын реттеген. Әз Наурыз келген күннен қалың бұқара жиналып, ән шырқап, би билеп, мол дастархан жайылып, шат-шадыман той тойланған. Наурыз мейрамында қолданатын көп сөздің бірі, яғни, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қуанышқа толы болсын» деген ақ жарма тілектер айтылып, ізгі лебіздерін білдіреді. Осы «Ұлыс» сөзінің түпкі мағынасы қандай? Ұлыс сөзі түрік-моңғол тілдес елдерде «ұлыс» деп мемлекетті айтады. Яғни, бұл кішкене ғана сөз тіркесі «Нау¬¬рыз» мейрамды мемлекеттің ең бас¬ты мерекесі дегенді білдіреді. Ұлыстың өзі мемлекет дегенді білдіретінін ескерсек, «Ұлыстың ұлы күні» – мемлекеттің ұлы мерекесі деген сөз. Наурыз қазақстандағы ең бас¬ты мемлекеттік мейрам болғандықтан, тәуелсіздіктен бері Ұлыс мейрамына ерекше мән беріле бастады. Елімізде бұл мейрамды мемлекеттік деңгейде тойлануы үшін үш күн демалыс мәртебесі де беріліп келеді.

Өзіміз байқап отырғандай, “Наурыз”, “Невруз”, “Ноуруз”, “Невруз Байрамы” мерекесінің тойлануы мен уақытының өзгеше болуы әр елде түрліше болса да, мақсаты тек - бір болған. Яғни, көптен күткен көктем мен тіршіліктің қайта жандануы, денсаулық пен ырыстың, бақыт пен қуаныштың символына айналған. Мейрам қарсаңында міндеті түрде үйге тазалық жасап, ескі-құсқы заттарды тастаған. Ал, мерекеде бір-біріне тілектер тілеп, кешірімде болып мұқтаж жандарға қол ұшын беретінін байқауға болады. Ең бастысы - дастархан сәнін келтірген. Барлық халықтарда, бай дастархан – келе жатқан жаңа жылда молшылық пен ырысты алып келеді деп сенгенін пайымдауға болады.

Наурыз қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатса да, Кеңес үкіметі бұл мерекені "діни мейрам" деп танып, 1926 жылы ресми түрде тойлауға үзілді-кесілді тыйым салды. Көктемнің шуақты мейрамы салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ отбасыларында ғана жасырын түрде аталып өтті. Осылайша қазақ жерінде 62 жыл бойы ұмыт болған Наурыз мейрамы 1988 жылы қайта жаңғырып, ұрпаққа жетті.

Мүшел жас неге қатерлі саналады?
Мұсылманша түс жору. Түс жори білесіз бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу