Мүшел жас неге қатерлі саналады?

Oinet.kz 31-03-2022 2871

Адам баласы ана құрсағында тоғыз ай тоғыз күн дамып, шыр етіп жарық дүние есігін ашқан соң уақытқа тәуелді. Жылдар жылжи береді. Әр жастың өз маңыздылығы бар. Ал мүшел жас қазақ халқында ерекше саналады. 

Screenshot_13.jpg

Жыл басы қазақтарда тышқаннан және Наурыз айының 22-сінен басталып, ол он екі жыл бір айналғанда мүшел жасты құрайды. Мүшел жас тақ жылдардан қайырылады. Міне, қазақ осы есепті "мүшел қайыру" деп атайды. 

Адамның алғашқы мүшелі - 13 жас. Қазақ бала бірінші мүшел жасқа келгенде «он үште – отау иесі» атандырып ұлды бір үйге ие болатын, мал бағар жасқа жетті, қыз баланы ожау ұстар, қазан қайнатар кезге келді деп бағалаған. Баланың жақсы киімдерін таратып немесе құрбан шалып, ырым етіп, садақа беру де қазаққа тән сипат. 13 жас кейбір нәзік балалар үшін қауіпті, өйткені баланың бойындағы өзгеріс кезеңі жәйімен өтсе қауіп жоқ, ал күрт өзгерсе, кейбір балалар жүрек, жүйке ауруларына ұшырауы мүмкін деседі. Осындай мүшел есік қаққанда: «О, Құдірет, мені осы мүшелден қатерсіз өткізе гөр!»  деп Аллаға жалбарынатын.

Одан кейінгі 25 жас ақылы толысып, оң-солын ажыратып, жан-жағын бағамдай алатын шақ. Өмірдің екінші буынына жетіп, иіліміне келгенде садақа беріп, киімін, жанына жақын дүниесін үлестіріп жатады. Тіпті кейбірі жасын жасырып, бір жасқа кем, не бір жасқа артық айтады. Бұл нағыз толысып, айы оңынан туар мезгілде тіл-көз тиіп кетеді деп сақтанғандығы.  Мүшел жаста үйленуге болмайды. Сол жылды өткізіп жіберіп, не мүшел жастан бұрын үйленеді. Үйленсе, ажырасып кету, қатерге ұшырау, шаңырағы шайқалу деген сынды қауіп бар деп санаған. Өйткені мінезіндегі алып-қашпалық, мүшел жастың желігі қате қадамдарға апаруы мүмкін. 

 Қазақ есепшілері отыз жеті жасты үшінші буын өмірге жатқызады. Отыз жеті жастағы азаматтың арыстандай болған кезі, ақылы таудай болып толған кезі, айласы арнасынан асқан, десі бәрін басқан кезі. Төрт құбыласын түгел көретін, бес қаруы сай, ақылға бай кезі. Ал бұл кез келіншектердің белінен бесік исі бұрқырап, бауырында баласы шұрқырап, шұрайлана толған кезі.

Қазақ есебінде адам баласының қырық тоғыз жасы - "төртінші мүшел", "төрт буынды өмір" деп есептелінеді. 49-ға келген адам ер болсын, әйел болсын, алмастан соққан қылыштай жарқылдаған кезі. 

Ұзақ тарих, өмір тіршілігі аясынан қорытқан тәжірибесінде 49 жас, яғни төртінші мүшелі адам өмірінің аса қауіпті шағы деп есептелінеді. Неге екені белгісіз, көп пенделер осы 49 жасында ауырмай, сырқамай, тұтқиылдан дүниеден өткенін көп жұрт жақсы білген. Сондықтан төртінші мүшел өмірде көп садақа беру, сақсынып жүру, қатерлі жерлерге бармау, жылдар бойы алыс сапарға шықпау, адамдармен ренжіспеу, отбасының берекесін сақтауға көптен-көп мән беретін болған.

Қазақ есебінде адам баласының алпыс бір жасы -   "бесінші бунақ өмір" деп аталады. Алпыс бір жасқа келген  ер болсын, әйел болсын, ақылы толған, мінезі орныққан, жеңілтек сезімнен, көбелек көңіл-күйден әбден тазарған, ары жарқылдап айдай толған кезі деп қаралады.

Одан кейінгі мүшел жас 73, 85, 97 деп жалғаса береді. 109-ға келген қарт тоғызыншы мүшелін тойлайды.

Мүшел жас неге қатерлі саналады?

«Қазақ есепшілері адам баласының 100 жасын бір ғасыр ғұмыр деп есептейді. Осы жүз жастың 50 жасын «Ұйқылы өмір» немесе «барзақ ғұмыр», қалған 50 жасын «ояу тірлік» немесе «саналы ғұмыр» дейді. Ал ояу тірліктің 15 жасын ойнақтаған балалық, 75-тен асқанын жер таянған кәрілік, ортасын «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деп атайтыны содан. Адамның өмірі әр он екі жылдан бір қайырғанда қамыстың буын-бунағына ұқсайды деп қараған. Жел ұрған қамыс буынынан сынады. Өмірдің де буыны мүшел жас деп түсінген. Мүшелден мүшелге өту аралығындағы жаста адамға қауіп-қатер жуық болады деп есептеліп, тән мен жанның өзгеріске ұшырайтын тоқырау кезі, белесі деп саналды Сондықтан бұл жаста алыс сапарға жалғыз шықпаған, той жасамаған, өлімді жерлерге көп бармаған, мал бауыздамаған, адамдармен ұрыспаған. Той-томалақта көзге түсіп, көрнекті жерде отырмаған. Туылу, жұлдыздық нышанына қарай қызыл не жасыл, не жыл сыңайына байланысты жарасымды киім киіп жүрген және ең жақсы көрген затын біреуге сыйлаған.

Бір жылдың он екі айының ішінде аспандағы ай толған сайын оған қарап, «Айда аман, жылдан есен, өмірден бүтін болып келемін» – деп садақа беріп отырған.

Screenshot_14.jpg

Мархабат Байғұт, жазушы, қоғам қайраткері: Мүшел жастың маңыздылығын жас ұрпақтың санасы сіңіру керек

-Қазақ - көркем ниетті халық. Біздің ұлттық  салт-дәстүріміз, ғұрпымыз өмірдің сынына өткен, тағдырдың талқысынан өтіп, әбден іріктелген. Қазақ дәстүрдің озығын алып, тозығын ысырып отырған. Осындай ұлы дәстүрлердің бірі мүшел жасқа халқымыз ерекше мән берген. Бірінші мүшел 13 жас деп саналады. Бұл цифр өзге халықтарда бақытсыздықтың белгісі болса бізде керісінше құтты сан.  

Жастық шақта мүшел жас дегенге мән бермедім. Алғашқы, екінші, үшінші мүшелдің қалай өткенін де аңғармай қалдық. 37 жасымда ойлана бастадым. Өз-өзімді тәртіпке, сабырға  шақырып, киімдерімді туыстарыма бердім.  Қазір таныс-тамыр, туған-туыс, отбасыма мүшел жастың маңыздылығын айтып жүремін. 

Мүшел жаста сақтанып жүру керек-ақ , бірақ әсіресе 37, 49 жас «қатерлі» деп бойда қорқыныш тудырудың қажеті жоқ. Медицинаның өзінде 35 жастан  асқан соң сақтанып жүруге кеңес береді. Себебі адам албырт шақтан қайтып, ағзасында өзгерістер пайда бола бастайды. Ауру-сырқау жабыса бастайды. Қазақ халқының үшінші,  мүшел жасқа аса сақтықпен қарап, мән беруі мүмкін осыдан болар.  Ал төртінші мүшел 50-жасқа жақындаған тұс. Бұл кезеңде адам елінің, өзінің алдында есеп береді. Кемелденіп, ұрпақ тәрбиесіне алаңдайтын кез. Осылайша мүшел барған сайын қатерлі болмаса да, ауырлай бастайтыны рас. Сол себепті мүшел жас қосқан сайын барынша таза, ұқыпты жүріп, адамгершілікті биік ұстап, өміріңе жауапкершілікпен қараған дұрыс. 

Мені бір қынжылтатыны мүшел жас туралы мектеп оқулықтарында кеңірек  жазылмаған. Немеремнің кітабынан осы тақырыпта бір-екі сөйлем ғана жазылғанын көзім шалып қалды. Сондықтан мүшел жас, қазақша ай атаулары секілді айрықша салтымызды жас ұрпақтың санасы сіңіру ең алдымен ата-ананың, ұстаздың төл міндеті деп білемін.  

Screenshot_15.jpg

Жарылқасын Әзіретберген, Түркістан облыстық ардагерлер алқасының төрағасы: Мүшел жас өткен мен ертеңді ойлауға берілген уақыт

-Мүшел жас ата-бабамыздан қалған, ғұрпымызға сіңген дәстүр. Алғашқы мүшелді 13 жылға бағалайды. Себебі ананың құрсағында жатқан 9 айды да баланың өмірі деп есептейді. Одан кейінгілеріне 12 жылдан қосылып отырады. Өз басым мүшел жастарда қиындықтарға тап болғаным есімде жоқ. Себебі біздің өміріміздің басым тұсы  Кеңес дәуірінде өтті. Ал ол кезде мұндай салт-дәстүрге мән берілмейтін. Десе де қариялар, ата-анамыздың айтуы бойынша мүшел жас туралы түсінік санамызда жүрді. Мүшел жастың алтауынан өттік қой. 

Менің ойымша ата-бабамыздың мүшел жасқа мән беруі пенденің Алланы ұмытпай еске алып тұрсын дегені шығар. Кезінде әке-шешеміз әрдайым  мүшел жасқа  толғанда ақыл-ойыңды жинақтап, өз-өзіңе, Аллаға есеп беруің керек,  сақ жүруің керек деп айтып отыратын. Әсіресе 3,4,5-ші мүшелдерде міндетті түрде  ұнататын затыңды беру керек деп жатады. Ата-бабамыз мүшел жаста егер мал-мүлкі  болса тіпті жақындарыңа тай мінгізіп, қариялардың батасын алып, дұға жасаған.  Қазақ осы дәстүрі арқылы мүшел жасты тәрбие құралына айналдырған. Мүшел жас адамға  өткені мен бүгіні және ертеңін ойлауға берілген уақыт деп түсінемін. 

Мүшел жасты ата-баба дәстүрі деп қарағанымен кейінгі ұрпақ ғылыми түрде зерттеп жатса құба-құп. Өйткені ықылым заманнан бері жыл санауды білген дана халқымыздың мүшел жасқа соншалықты мән беруінің астарында ғылымның жатқаны анық.  

Screenshot_16.jpg

Қуат Қабдолда, исламтанушы: Мүшел жасты тойлатып емес, дұғамен шығарып салған дұрыс

- Ислам дінінде мүшел жас туралы нақты ештеңе айтылмаған. Себебі мүшел жас қазақ қоғамында ислам дініне дейін пайда болған жыл санау дәстүрі. Мүшел  жас туралы кеңінен талқыланған деректер жұлдызшы Бекасыл әулиенің (Биболатұлы) «Зикзал» шығармасында және Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінде кездеседі.  Десе де асыл дінімізде балиғат жасы деген бар. Яғни шариғат бойынша ұл балалар 12, қыз балалар 9 жасқа толғанда балиғат жасына келді деп саналады.  

Жалпы адам баласы тек мүшел емес  әр уақытта, әр жаста сақтануы керек. Кейбір адамдар мүшел жастан кәдімгідей үркеді. Олардың бойында мүшел жас қатерлі деген фобия болады. Сол жылы бір қасіретке душар болып қаламын ба деп зәрелері кетеді. Мұндай қорқынышты мидан алып тастау керек. Хатибтің  «Садақа 70 түрлі бәленің есігін жабады» деген хадисі бар. Сондықтан мүшел жасты қоса алғанда әр уақытта садақа беріп жүрсек бәле-жаладан аулақ боламыз. Қазір мүшел жасты тойлайтындар бар. Қазақ халқы туған күнді ешқашан дүркіретіп той жасап, атамаған. Бұл ислам дініне де жат қылық. Керісінше әр мүшел жас кірген кезде осы жастан аман-есен өтейін Құдайдан тіленіп, деп садақа беріп отырған. Сондықтан қазақ дәстүріндегі мүшел жасты тойлатып емес, дұғамен шығарып салған дұрыс.  

Дайындаған А.АСАНҚЫЗЫ

Әлемдегі ең таңғажайып аурулар
Наурыз – мерекелердің төресі!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу