Келесі жылы 1 доллар 610 теңгеден асады
Halyk Finance сарапшылары жылдың аяғына дейін доллар бағамы 550-560 теңгеге дейін жетеді деп болжап отыр. Тіпті 2026 жылы 610 теңгеге дейін құлдырауы ықтимал екенін айтты.
 Ұлттық валютаның құлдырауына мұнай бағасының төмендеуі мен Ұлттық қордан шетел валютасын сату көлемінің азаюы себеп болуы мүмкін дейді сарапшылар өз есебінде.
Ұлттық валютаның құлдырауына мұнай бағасының төмендеуі мен Ұлттық қордан шетел валютасын сату көлемінің азаюы себеп болуы мүмкін дейді сарапшылар өз есебінде.
Halyk Finance компаниясының үшінші тоқсанға арналған есебі мен 2026 жылға болжамында қыркүйек айының соңында доллар бағамы 549,07 теңгеге жеткенін, яғни бір ай ішінде 1,9%-ға әлсірегені көрсетілген. Ал тоқсандық орташа бағам — 536,05 теңге болды.
Мұнай бағасы тұрақты деңгейде — баррелі шамамен 69 доллар шамасында тұрған, ал қазақстандық шикізат экспорты өсе берген. Бағамға қысымды ірі жобалардың жүзеге асуы әсер етіп, шетел валютасына сұраныс артқан. Сонымен қатар жалпы валюта нарығындағы өтімділік пен сауда көлемі төмен деңгейде қалған.
"2025 жылдың соңында доллар бағамы 550–560 теңге шамасында болады. Әлсіреуге Ұлттық қордан валюта сату көлемінің азаюы мен импорттың көбеюі себеп болуы мүмкін. Дегенмен валюта нарығын Ұлттық банк жүргізіп отырған алтын сату және сатып алу операциялары аясында стерилизация көлемінің артуы қолдайды", – дейді сарапшылар.
2026 жылы Halyk Finance сарапшылары теңгенің әлсіреп, бір доллар үшін 600–610 теңгеге дейін жетеді деген болжам жасады. Мұның басты себептері:
Әлемдік мұнай бағасының төмендеуі;
Экспорттан түсетін табыстың азаюы;
Ұлттық қордан бөлінетін валюталық трансферттердің қысқаруы.
Сарапшылардың пікірінше, бұл факторлар ішкі валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті күшейтеді.
Сондай-ақ Halyk Finance 2025 жылдың соңындағы инфляция болжамын 11,5–12,5% деңгейінде деп жаңартты. 2026 жылдың соңында инфляция қарқыны 10,5–11,5%-ға дейін төмендейді деп болжайды. Бағаның өсуіне коммуналдық тарифтердің көтерілуі, ҚҚС мөлшерлемесінің артуы және салық өзгерістері әсер етеді. 2026 жылдың екінші жартысында бұл факторлардың ықпалы әлсіреуі тиіс.
Сарапшылар 2025 жылдың соңындағы ЖІӨ өсімі жөніндегі болжамды 5,6% деңгейінде қалдырды. Алайда 2026 жылы экономика өсімі мұнай бағасының төмендеуі мен ішкі сұраныстың әлсіреуіне байланысты 4,5%-ға дейін баяулауы мүмкін деп есептейді.

 
  
  
 




