«Халуа жауған күн» ертегісі

Oinet.kz 29-07-2019 888

Screenshot_8.jpg

Бір ауылда ағайынды үш ұл мен қыз өмір сүреді. Олар ынталы жұмыс істейді, соған сәйкес ауқатты тұрады. Ағайынды жігіттер егін алқабында жұмыс істесе, қыз үй шаруасын дөңгелетіп, кенеп, шұға тоқумен, басқа да киімдер тігумен айналысады. Тұрмыстары жақсы болса да ағайындыларды бір нәрсе мұңайтып жүреді. Ол — кіші ұлдың делқұлылау болғандығы екен.

 Бір күні жер жыртып жүргенде, кіші ұл есінеп келе жатып, түреннің тісін тым тереңге салып жібереді. Түрен бір нәрсеге тіреліп, тоқтап қалады да, жер астынан күміс құмыраны алып шығады. Ашып қараса, құмыра толы алтын екен!

 Үйге қайтып келе жатқанда ұлдар: Әпкеміз қалай қуанады десеңші! Оған енді түнімен кенеп тоқудың қажеті жоқ, бәрін де сатып аламыз. Мына алтынға өзімізге керектің бәрін сатып алуға болады! — деп қуанады. Кенже ұл олардың сөзін бөліп: Мұны тапқан мен! Мен! Жұрттың бәріне солай деп айтам! Білсін ауылдың бәрі менің қандай жолы болғыш екенімді! — деп мақтанады. Оның сөзін естіп, ағалары мұңайып қалады, жүздеріне әлгі қуаныштың ізі қалмайды. Өйткені мұның сыры белгілі еді. Бұлардың қазына тауып алғанын жұрт білетін болса, ертең ханның да құлағына шалынады, Хан келеді де, бұл олжаны тартып алады. Ал мына делқұлыға құпияны сақта деп айтудың тіпті де жөні жоқ. Бәрібір бір күні мылжыңдап айтып қояды. Ұлдар үйлеріне келеді. Кіші ұл әпкесіне: Біз қазына тауып алдық! 

Алтын толы құмыраны мен таптым! Оны мен таптым! Енді ауылда бізден бай ешкім жоқ! — деп мақтана жөнеледі. 

Ағалары мұңайып үндемейді. Әпкесі бәрін түсінеді. 

Ол кіші інісіне: Сен жуын, аулада дем ал. Мен кешкі ас әзірлейін, — дейді. 

Қыз үйге кіріп, жылдам халуа әзірлей бастайды. Үйде қалған ұнның, майдың, қанттың, жаңғақтың бәрін салып, халуа пісіреді. Содан кейін оны үлкен табаққа салып, үлкен ұлға шатырға апарып қоюды тапсырады. Қыз өз ойын үлкен ұлдарға айтқанда, олар бұған ынтамен кіріседі. Ортаншы ұл кіші ұлды үйге алып кіріп, біраздан кейін шығып, жылдам қайта кіреді. 

Аспаннан ыстық халуа жауып жатыр! Ып-ыстық жаңбыр! — деп айқайлайды ол кірген бойда. Ортаншы ұл шатырдан үлкен ұл лақтырып тұрған, басына, иығына тиген халуаны ұстап алып тұрады. Мұны көрген кіші ұл: Мен де халуа жеймін! Ыстық жаңбырға барам! — деп айқайлайды. Әпкесі оны құшақтап: Бұл өте ыстық жаңбыр, күйіп қаласың! Одан да есіктің аузында отырып, қасыңа келіп түскен халуаны теріп алып отыр, — дейді. Сөйтіп, делқұлы байғұс есіктің алдында шатырдан үлкен ағасы лақтырып тұрған халуаны теріп алып, жеп отырады. 

Келесі күні ағалары кіші ұлды егіс алқабына алып кетеді, ертеңіне де сөйтеді. Үйден шығармау үшін кешкісін ертегі айтып береді. Төртінші күні делқұлы үйден сытылып шығып, кешкісін халық жиналатын алаңға бәрібір барады. Дүниедегі ең жолы болғышпын! Мен бір құмыра алтын тауып алдым! — деп жар салады. Адамдар оның сөзін естіп тыныштала қалады, кіші ұлға үдірейе қарайды: Оны қашан тауып алып жүрсің? — дейді бір қарт келіп.   Аспаннан халуа жауған күні,- дейді делқұлы. 

— Естеріңде ме, сол күні ып-ыстық жаңбыр жауып еді ғой? Адамдар қарқылдай күледі. Енді оның тауып алған алтыны туралы ешкім де сұрамайды. Делқұлы алтын тауып алғанын қайта-қайта айта береді, бірақ адамдар енді оның сөзіне құлақ аспайды. Ал үш ұл мен қыздың сол күннен бастап дәулеті артып, тұрмыстары бұрынғыдан да жақсарады. Қалаған нәрселерін сатып ала бастайды. Қыз енді түнімен кенеп тоқуды тоқтатады.

Изагураның кебісі (ертегі)
Шалқан ертегісі (ертегі)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу