Абай Құнанбайұлы. Адасқанның алды - жол , арты - соқпақ

Oinet.kz 28-08-2019 1280

images.jpg

Адасқанның алды - жол,арты - соқпақ,

Оларға жол - арамның сөзін ұқпақ.

Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп,

Әсте жоқ кеселді істен биттей қорқпақ.


Бір аршопке шапаны сондай шап-шақ,

Мүшесінен буынып, басады алшақ.

Қас алдына жымырып келемін деп,

Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.


Жаздыгүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ,

Қолында бір сабау бар, о дағы аппақ.

Керегеге сабауды шаншып қойып,

Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.


Қу шалбар қулығына болған айғақ,

Тізесін созғылайды қалталанса-ақ.

Ұстаудағы кісідей мезгілі бар,

Күні бойы шешініп, бір тяақ.


Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ,

Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ.

Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,

Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.


Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,

Бар өнері - қу борбай, сымпыс шолақ.


Олардың жоқ ойында малын бақпақ,

Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.

Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,

Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ

Абай Құнанбайұлы. Адамның кейбір кездері
Абай Құнанбайұлы. Алла деген сөз жеңіл
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу