Сығанның сиқыры басымды айналдырып қойды

Oinet.kz 10-06-2022 2490

  Ол кезде мен де студент едім. Бір топтың старостасымын. Қызықты студенттік күндер өтіп жатқан. Бір күні сабақтан шығып кітапханаға бардым. Бірақ, мазам болмай көп отыра алмадым. Алған кітаптарымды өткізіп, оқу залынан шықтым. Жолда деканатқа соғып топтастарымның степендиясын алдым. Өзім тұратын жатақханаға келіп бөлме есігін аша беріп едім, іле-шала артымнан астында вахтада отырған кезекші қыз келіп, мені ауылдан телефонға шақырып жатқандығын айтты. Ол кезде ұялы телефон деген атымен жоқ. Анда-санда ауылдан осылай жатақхана вахтасының телефонына шақыратыны бар. Онда да вахтада отыратын кезекші апайлардың көңіл-күйіне байланысты.

Screenshot_4.jpg

       Жүгіріп астына түстім. Телефоннан хабарласып тұрған әкемнің бірге туған қарындасы екен. Анамды аяқ астынан қан қысымы көтеріліп, ауруханаға алып кетіпті. Жағдайы нашар көрінеді. Жаман жаңалықты естіп, көңілім бұзылып, бөлмеме келдім. Сағат кешкі жетілер шамасы. Апыл-ғұпыл киініп, такси ұстап орталықтағы сөйлесу пунктіне жол тарттым.

         Сөйлесу пункітіне кіріп, үйімнің үй телефонына тапсырыс тапсырыс беріп, күтіп отырдым. Қорқыныштан жүрегім жарылардай болып не істерімді білмей, екі құлағым кезекшінің айтып жатқан хабарламасында. Бір уақытта менің де тапсырысымның уақыты келді. Өзіме белгіленген кабинкаға кіріп туысқандарыммен сөйлесе бастадым. Әкем анамның қасында ауруханада. "Не болса да күту керек, бәрі жақсы болады",- деп жұбатып жатыр туысқандарым. Ауылым облыс орталығынан 600 шақырым жерде орналасқан.

       Дел-салым шығып есеңгіреп, көзім жасқа толып сөйлесу пункітінен шықтым. Бір Алладан анамның саулығын тілеп келемін. Бір уақытта қайдан шыққаны белгісіз, алдымнан бір сығанның әйелі шыға келді. Сөйлесу пункіті орталық саябақтың қасында орналасқандықтан, күндіз осы саябақ маңында сығандар қаптап жүретін еді. Солардың бірі шығар деп қасынан өте шықтым. Сығанның әйелі маған қарап:

    - Білемін, сеземін, сен қатты қиналып келе жатырсың! Ауруға шалдыққан анаңа мен ғана көмек бере аламын,-деді.

    Шынымен де сығанның айтқаны рас. Анамның ауырып жатқанын қайдан біліп қойды деп, мен сығанға жақындай түстім. Анамның жағдайын айтып жатырмын. Сыған әйелі:

      - Менің дұғам сонау мың шақырым жерлерге дейін жетеді, ақшаңды төлесең мен көмектесемін,- деді.

      Ондай кезде ойланып тұратын уақыт емес еді. Менде басқа шара да жоқ. Сөмекемнен біраз ақша беріп едім, сыған әйелі азыңқырап, анаңнан артық па дегендей кейіп танытты. Есіме сөмкемде жүрген топтастарымның степендиясы түсті. Іле -шала сөмкемде жатқан оны да бердім. Біраздан соң сыған әйелі тағы бірдемелер айтып, есімде жоқ, біраздан соң мен құлағымдағы алтын сырғам мен қолымдағы алтын жүзігімді шешіп бердім. Қалай келістім қазір білмеймін, бірақ барлығын өз қолыммен сыған әйелге ұстата бердім. Ол әйелді ертең көрем бе жоқ па шынымен де ол менің анамды аман алып қала ма ойланып жатпадым.

      Осылайша барлық бағалы затым мен бар ақшамды сығанның әйеліне ұстатып жатақханаға келдім. Жатақханаға кіре бергенде вахтадағы апай мені телефонға шақырды. Суыт хабар. Анам қайтыс болыпты.

      Міне, қазір сол уақыттан бері қаншама уақыт өтті. Сол көше кезіп елді арбау мен алдауға машықтанған сыған "ханымдар" өздерінің кәсіптерін қазір де тоқтатпаған сияқты. Сол уақытта анамның ауыр жағдайын сыған әйелі қайдан біліп қойды екен деп ойлаймын. Әлде мен телефонмен сөйлесіп жатқанда кабинкадан сөзімізді естіді ме екен? Бірақ, ол жерде сыған әйелін байқамаған сияқтымын. Немесе менің мұңды көзіммен, жабырқаған түрімнен байқап қойды ма? Қараңғыда қалай байқап үлгерді деп те ойлаймын. Мен үшін ол қазір де беймәлім.

      Көшедегі сығындардың арбауына түскен жалғыз біз емес сияқтымыз. Сондықтан қиналған жандарды көзінен байқап, алдап өз қолдарына түсіретін сығандардан сақ болайық ағайын!

el24kz

Адамдар өлер алдында қандай түс көреді?
Түрменің құлпын бұзбай қашатын қашқын - Сарымолда әулие
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу