Жексенбек Еркінбеков. Бауыржан Момышұлы туралы естелігінен

Oinet.kz 01-01-1970 1368

60-шы жылдардың басында атышулы Бауыржан Момышұлы ойламаған жерден төсек жаңғыртып, жұртты біраз дүрліктірмеді ме? Сыныққа сылтау іздеген белсенділер оны әр саққа жүгіртіп, қалайда Баукеңді тұқырту үшін тұс-тұстан жамырасты. Әсіресе, доспыз деп қолтығына кіріп, жылмаңдап жүретін кейбір қарау ниет әріптестері ақилана еліріп, газет-жур­налдарда жарыса жазып, улап-шулады. 

image.png

Қарап тұрсаң, ол шіркіндер кіл моральдық жақтан тап-таза, қиғаштыққа жаны қас, ақыл айтуға шебер абыз шеттерінен. Жасаған тоқтамдары — Баукеңнің мәселесін Жазу­шылар одағының партбюро мәжілі­сінде қарап, партиядан шығарып (одақ мүше­лігінен аластау екібастан) қатаң жазалау (бопты). Одаққа бір шақырады, екі шақырады, он шақырса да, бірақ, Баукең баратын ба еді. Бармақ түгіл, хабарласқандарды жеті атасына дейін сыбап, маңына жолатпапты. Әрине, бұл жайлы ОК-ке тынымсыз жетіп жатады. Ол кезде мен сонда сектор меңгерушісі едім. Бірде Жанділдин шақырды. Қашанда қатал, сұсты көрінетін Нұрекеңнің бұл жолы өңі жылы, қабағы ашық, көздері күлім қағады.

— Солай да солай, Жазушылар одағы бізден жауап күтіп отыр, — деп мән-жайды қысқаша түсіндірді де: — Сен барып менің атымнан Баукеңмен сөйлес, жауабын тек маған айт, — деді бетіме жайраңдай қарап.

Апырай, қиын болды-ау деймін өзімше. Қалай барамын, не деп барамын, есіктен кірмей жатып қуып шықса қайтпекпін. Түсінемін, Баукеңе сөздері өтпеген одақ басшыларының ендігі үміті — Орталық комитет. Егер ОК бұйырса, Баукең жиналыс­қа келеді деп ойлайтыны анық. Амал жоқ, Баукеңе телефон соғып, "сізге барайын деп ем", — дедім. "Келе бер", — деді гүр етіп. — "Үйді таба аласың ба?" — "Табамын". Бардым. Есікті айдай сұлу жас әйел ашты. Залдан "мұнда кел" деген зілді дауыс естілді. Кірдім. Баукең креслода отыр екен. Қол беріп амандастым.

— Сен солдатсың, — деді Баукең. — Партияның солдатысың. Солдат бұйрықты орындауы керек. Келгенің дұрыс, қояр кінәм жоқ. Білемін, Жанділдин сенен жауап күтіп отыр. Ендеше, оған былай деп айтып бар: "Я наконец женился на свою жену". Дәл осы­лай деп айтты де. Болды! Кругом! Шагом марш!

Жексенбек Еркінбеков - 1976-1987 жылдар аралығында "ҚазССР мәдениет министрі" қызметін атқарды.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Рақымжан Қошқарбаев. Ғабит Мүсіреповке жазған хаты
Нәзір Төреқұлұлы. Естелігінен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу