Мирас Асан. Іші пысқан қаладағы жыр

Oinet.kz 14-08-2020 824

Тағдырымды шимайлап қызыл қалам,

Тура жолдан таямын — түзу қадам…

Шексіздік бар ішімде өлшенбеген,

Шекара бар сыртымда сызылмаған.

image.png

Аттай алмай сол шектеу, сол нұсқадан,

Көнтеріге айналдым көнбіс, бодан…

Ең қиын дау сыртыңнан кескен үкім,

Ең қиын жау ішкі жау, аңдыспаған…

Шекарамнан аттап ем — шейіт  болдым,

Мен жайлы сөз жұртқа өсек, көйітті ел мың…

Қандай мазақ тірлікке кіріптармын,

Қандай ғажап тіркеске кейіпкермін.

Сор сүрлеуге бейсана түсем бұғып,

Өмір құйған ащы уды ішем күліп…

Шындығымды ішімде шырылдаған,

Шығармайды сыртымда кісен-құлып.

Сөздер мүсін ішімде, ойлар оба,

Жақын жүздер айналды қайманаға.

Дым қызықсыз боп барам өзіме-өзім,

Тым құлықсыз боп барам айналама…

***

Жолықтық бақ үшін бе, мұң үшін бе?

Білмеймін, кімбіз екеу, тірі сүлде…

Жария оқырмансың жұрт алдында,

Жасырын кейіпкерсің жыр ішінде…

Сені еске салады әсем әрбір әуен,

Сені ойлап атады аппақ таң дұғамен!

Білмеймін, тұтас ғұмыр жатыр бәлкім,

Біз кешкен жалқы сәтте мөлдір әлем.

Білмеймін, маған кімсің расында сен,

Жолықтық, кез болғандай жасынға сең…

Бейдауа дертсің жалғыз ішімдегі,

Бейтаныс бойжеткенсің қасымда әсем.

Шайырдың шаттығы орта, күлкісі кем,

Тағдырдың  келем үшкір түрпісімен…

Тауып ап мен өзіңді жалғыздықтан,

Танымай өте шығам жұрт ішінен…

Сел құйып жатса да ұзақ ар биігі,

Шөл қысып қаталайды жан күйігі.

Мен бұған үйренгенмін – ең қызығы,

Мен бұған үйренгенмін – ең қиыны.

***

Сендік мұңның тұтқынымын,

Сендік ойға зынданмын.

Сендік сөздің түкпірімін,

Сендік жырға құрбанмын.

Сені іздемеу – ғұмыр кешпеу,

Сені аңсамау – жоқ болу.

Сені ән қылмау — күлімдеспеу,

Сені сүймеу — текке өлу.

Сенсіз тағдыр бос сағыныш,

Сенсіз бақыт бос үміт.

Сенсіз жылдар рас сабылыс,

Сенсіз  мән жоқ, осыны ұқ.

Сендік іңкәр — бағыт, үлгі,

Сен деп қана айтам ән.

Сенен алған шабытымды,

Саған жыр ғып қайтарам.

Сенсің менің өмір заңым,

Сенсің менің сор, бағым.

Сенің құрбан жолыңдамын,

Сен қайдасың, сондамын.

Жасаурайды жанар ылғи,

Санамда атың жаңғырып…

Сені қимау – ең ауыр күй,

Сені күту – мәңгілік.

Сенсіз қызық өткердім кем,

Сенсіз солғын сән күздік.

Сен алыстап кеткен күннен,

Жақындапты жалғыздық.

Сол жалғыздық мәңгі жырым,

Жырлай алсын болса өзге ер….

Менің ақын бар ғұмырым —

Сенің атың бар сөздер.

***

Ештеңе болмағандай,

Ештеңе өтпегендей.

Ештеңе қалмағандай,

Ештеңе етпегендей.

Зіл батпан талып иін,

Арада зарық өмір.

Сеніңше бәрі қиын,

Меніңше бәрі жеңіл…

Ешкім де сүймегендей,

Ешкім де жек көрмеген.

Ешкім де күймегендей,

Ешкім де кектенбеген.

Жылдармен жоғалу ма?

Тағдырмен астасу ма?

Болмайды қол алуға,

Болмайды қоштасуға…

Сезімдер өлмегендей,

Сенімдер шектегендей.

Ешкім де келмегендей,

Ешкім де кетпегендей.

Жетпейді әлі миым,

Махаббат мәні ме өмір?

Меніңше бәрі қиын,

Сеніңше бәрі жеңіл.

Ешкім де сағынбаған,

Ешкім де дерт ембеген.

Ешбір сөз жаңылмаған,

Ешбір ой өртенбеген.

Бір жарық тергейтіндей,

Бір жарық өп дейтіндей.

Жақындап келмейтіндей,

Алыстап кетпейтіндей.

***

Сіздегі жырлау бақыт меңді ғажап,

Сол бақыт және өтеді жанды қажап…

Қуанып келген хаттар – сіздің шаттық,

Қуарып барған хаттар – мендік азап.

Түсетін соқпақтар көп ізге көнбей,

Сол жолдар жалт бұрылды бізге келмей…

Хат жазбай отырмын ба мен де сіздей,

Хат күтіп отырсыз ба сіз де мендей?

Тағдырға таппай айла тағат талған,

Қарамай самғаушы ең ғой қанатқа, арман.

Лаулаймын сізден келген сұрақтардан,

Жаурайсыз менен барған жауаптардан.

Әредік тоқтай қалса ақпар легі,

Азынай соғады ұзақ  ақпан желі.

Оқимын мың қайталап хаттарды ескі,

Жоқ, мүмкін оқитындай хаттар мені.

Сіз десем қол созым жер – аспан алда,

Сіз десем мұхит – тамшы, тас та – қорда.

«Тас жолдар жабық» деген хат келіп тұр,

Мәселе – сізге апарар басқа жолда…

***

Сақтап, қорғап сезімімнің шырағын,

Өшпесін деп өкпек сөзден тығамын.

Сіркіреген ақ жауында шала мас,

Сіз бақытты болса екен деп тұрамын.

Бұл не сезім ұлы тасқын, ұлы ағын,

Айтуға кеп оқталам да, тынамын.

Сары ала күз сағынышпен аралас,

Сіз бақытты болса екен деп тұрамын.

Сіз деп айтып күллі әлемінің жыр-әнін,

Іздеп шыққан мұңлық менмін сыңарын.

Алай-дүлей ақ түтекте жалаңаш,

Сіз бақытты болса екен деп тұрамын.

Баса алмаған дегбірінің бұлағын,

Аша алмаған жанмын жанның жұмағын.

Гүл аңқыған көшеде көз тола жас,

Сіз бақытты болса екен деп тұрамын.

Мирас Асан. Сүйесің жүрек сүйесің
Мирас Асан. Ұлым Жалғасқа
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу