Мирас Асан. Тұлғаға айнала алмай тұғыры емен

Oinet.kz 14-08-2020 633

***

Тұлғаға айнала алмай тұғыры емен,

Өтуде күндер зулап ғұмыр ерен...

Кете алмай өз ұлтымды айналсоқтап,

Жете алмай өз жүрегім түбіне мен...

Келемін елдік туын ұстамай тік,

Жүремін берген жолмен дұшпан айтып...

Жөңкуде жылы жаққа жылпос, жақұт,

Кететін жыл құсындай қыста қайтып...

Кездігін тамағыма таман кенеп,

Ездігін ерлік қылды жаман кенет!

Тортасын солар жепті қазынаның,

Малтасын мен езіппін, маған не жоқ?

Жоқ қазір бұл қазақтай тегін тұтқын,

Кененің дегенім бос кегін тұттым...

Қазанның даусына да мен телмеңдеп,

Азанның дауысына да мен үркіппін...

Біздікі кейде мақтан бақас қылық,

Қаншықпен бұралқы ойым отасты ұлып...

Ұлдан құл ұпайы асса – менің кінәм,

Ұлт қамын ұрт қамымен шатастырып...

Мирас Асан. Тағы әдепкі кездесу жайша қысқа
Мирас Асан. Оқырман әлеміне болып аңыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу