Иттің жасы (әңгіме)

Oinet.kz 14-02-2020 568

image.png

Көктемнің күні. Шығыстан таң шапағы білінгеннен басталып, күн батысқа батқанша бір толас таппайтын тірінің тіршілігі. Әркім өз ісімен. Автобус айдайтын көршіміз Сақаң машинасының маторымен әлек. Малшы Марат өз әдетінше мал қорасында. Ауылдың ұстасы Қоқаң ыңылдап ағаш жонып отыр. Тауық қораның жанынан жапсарластыра салынған өз үйшігінің алдында кеуіп кеткен қу сүйекті қызғанғандай екі аяғының арасына ала түсіп Байғасқа жатыр. Жанынан өткен тауықтарға ырылдай қарап, қу сүйекті қармана түседі. Дымға жарамсыз оны несіне қызғанады десеңші?.. Түсінбеймін...

Қыс болсын, жаз болсын ауылдың түңгі көшесінің тірлігі біткен бе? Сондай тірліктерім кеш бітіп, жұлдыздар жарықтан жасқанып, жоғала бастаған шақта жастығыма жантайған едім. Қанша ұйықтағанымды білмеймін, әйтеуір, азанда атамның айқайы мен жамылғымды жұлқа тартқанынан жан ұшыра атып тұрдым. Көзімді уқалай күштеп ашып, қабырғадағы секунд санап соққан сары сағатқа сығырайған көзіммен сығалай қарадым да, өзімнің екі-ақ сағат ұйықтағанымды ұқтым. Амал қайсы, атамның табалдырықты торуылдап жүретін ашуына алынғым келмей төсегімнен тұрдым да, есікті есіней ашып, есенгіреген қалпы далаға шықтым. Құдық басына барып, мотордан аққан мұздай суға әбден жуынып, үйге кірсем бәрі шәй үстінде екен. Бір шетіне мен де отыра кеттім. Түнде үйге түн аспаны түріле бастағанда келіп, азанда айқаймен оянған адамды кім жақтырсын, ешкім тіл қатпады. Өзімнің қателігімді біліп мен де үнсізбін.

- Түнде қайда болдың? – азаннан бері маған қарата айтылған алғашқы сөз.

- Айдостың үйінде.

- Қайда қаңғырсаң да қатып қалған қағидамен қайталанатын бір-ақ жауап – осы.

- Сен болмасаң өледі екен де сол Айдосың! Екі туып бір қалған егізіңнің сыңары ма еді?

Осылай атам жақтан болашақ боранның басталарын білдіріп алғашқы ұшқындар ұша бастағанда, айналайын апам сөзге араласып:

- Балам, есіктің алдын жинастырып, қыстан қалған күлді шығарып тастайық. Шайыңды ішіп ал! – деп атамның алапат ашуының алдын алып үлгерді. Маған да қажеті осы, шайымды ішер-ішпестен есікке екі аттап жеттім де, далаға шығып кең тыныстадым.

Есекті ерттеп, арбаны жегіп, қыстай үйден шығарылып, төбе болып үйілген «күл төбенің» жанына келдім. Қолым мен аяғым өзімдікі емес сияқты. Ұйқының қанбағаны бар,   түнімен ауылдың шаңын балағыммен сыпырып жүргенім бар, бәрі қосылып денемді қорғасындай құрыстырып қимылдатар емес. Қалғып, мүлгіп екі күрек лақтырып, екі сағат дем алып жүріп, бір арба күлді шығарып келгеннен кейін бойым жазылып, түскі асқа шақырған жеңгемнің жағымды дауысына дейін жұмыстың біраз бөлігін еңсеріп тастадым.

Жұмыс істеген адамды кім жек көрсін? Таңғы астағыдай емес, түскі ас кезінде кәдімгідей адам қатарына қосылып қалыппын.

Түстен кейін бар күлді шығарып біттім де, енді тек майда-шүйде жұмыстар қалды деп ойлап едім, күтпеген кедергіге кез болдым.  Арбаны ағытып, есектің ерін алып жайғастырдым да, ескі ағаштарды жинастырып жатыр едім, апам:

- Досхан, бері келші, мына тоңазтқышты бастырмаға апарып қояйық, - деді. Үйге жаңа тоңазтқыш келгеннен бері абыройы түсіп, ығыса-ығыса сыртқа шығып қалған ескі тоңазтқышты не істейді екен деп, бір сәт ойланып тұрдым да, апаммен сөз таластырғым келмей қасына бардым. Істен шыққанына көп жыл өтсе де, ағам үйленіп жеңешемнің артынан жаңа тоңазтқыш келгенше, біздің үйдің бір үлкен мүлкіндей кеудесін керіп тұрған еді. Ал, қазір дымға жарамай иттің үйшігінің жанынан орын тепкен.  Ескі тоңазытқышты іштей аяп тұрдым да, апам екеуміз екі жағынан көтеріп, бастырмаға апара жатыр едік, сыртта кір жайып жүрген жеңешем шыр ете қалды.

- Ойбай, оны не істейсіздер?

- Бастырмаға апарып қоямыз.

- Неге? Істемейтін бұл иттің итаяғын қайтеміз, мама?

- Бастырмадағы заттарды салып қоюға қажет.

Апамдыкі сылтау ғана. Әйтпесе бастырмада бұған салынатын зат та жоқ. Мен әңгімеге араласпадым.

- Ой, мама, қойыңызшы тастай салайықшы. Досхан, бағана арбаға салып неге шығарып тастамадың?

- Е, неге шығарады екен? Артымнан келген дүнием. Алғашқы дүнием! Менің көзім кетпей тұрып көзін жоймақпысың? Шығармаймын!

Апамның көз алдынан жастығы жылт етіп өте шыққандай болды. Ол кісінің қартайғанын жүзіне қарап емес, төркінінен келген осы тоңазтқышқа қарап-ақ аңғаруға болар еді. Алғаш үйленген жылдары айналдырған екі бөлмелі үйде шошайып отырған екеуі және аз-маз ғана дүние-мүлкі болатын. Сол дүниенің ішінде өзіне ең ыстығы, ауылдың бәріне таңсық, үйге кіргенде бірден көзге түсетін осы тоңазтқышы еді. Осы тоңазтқышы арқылы-ақ ауылдағы әйелдердің ішінде абыройы асқақтап тұратын. Ал, бүгін жағдайы мынау. Апамның осы тоңазтқышқа қарап жастық шағы, үйленген бал шақтары есіне түсер. Артынан келген дүниеден қалғаны – осы. Басқаның бәрі быт-шыт. Дүние кезек деген осы екен-ау. Апам үшін бір кездері қол жетпес армандай еді, келіні үшін дымға жарамсыз итаяқ. Келініне жекіп ұрысып тастағы келсе де, ұрыс шығарып үйдің берекесін алғысы келмеген. Шыны керек, бұл тоңазтқышты мен де қимаймын. Бұл – менің де балалық шағымның белгісіндей. Осы тоңазытқышты көрген сайын менен 2 жас үлкендегі бар көршінің кенже қызы көз алдымда көлбеңдейтін.

Таңертеңнен кешке дейін бірге ойнап, бірде оның, бірде біздің үйге қонып қалып жүре берер едік. Бір күні біздің үйдегі кезекті ойынымызда жасырынбақ ойнап жатқанбыз. Мен – іздедім, ол – тығылды. Үй ішіндегі тығылатын тасалар таныс болып қалса да, осы ойынымыздан жалықпаймыз. Көзімді жұмып тұрып, межелі санға дейін санадым да, үйреншікті жерлерді жағалай жүріп өттім. Таппадым. Шифонердің іші, пештің арты, столдың асты... Жер жұтқандай зым-зия. Ойын заңында далаға шығу жоқ болатын. Сонда да далаға шығып кетпеді ме деп, даланы да бір шолып келіп, табалдырықтан аттай берсем, тоңазтқыш есігі өзінен-өзі ашылып, сандыққа жасырып ұстайтын қызғаншақ диюдың қызындай болып ішінен көршінің қызы қылмыңдай шығып келе жатқаны. Осынша уақыт бойы жасырынбақ ойнап жүріп, бос тұрған тоңазтқыш ішіне жасырыну ойыма да келмегеніне, аядай үйдің ішінен көршінің қызын таба алмағаныма ашуланғаным сонша, ол қызға айқайлағанымды сезбей де қалдым. Ал, ол менің айқайлағанымды елең де қылар емес. Өзін таба алмай қалғанына сонша мәз. Сәлден кейін ашуым басылып, басқа амал болмай, бұртиюға көштім. Сөйлегеніне, ойнайық деген сөзіне өзімше мән бермеген болып, ренжіген реңіммен теріс қарап отыра бердім. Қасымдағы қара қыз сол сәт үнсіз қалып, еңкейе беріп еріндерін бетіме тигізді де, бұраңдай басып есікке беттеді. Оның сүйгені қанша нәзік болғанымен, орнымнан тұра алмастай етіп шегелеп кетті. Есімді жисам – бөлмеде жалғыз отырмын.

Сол күннен бастап әншейінде есігін теуіп кіретін көршінің үйіне баруға ұялатынды шығардым. Апам жұмсаса, сыртта тұрып айқайлаймын. Екі үй де менің бұл ісіме қатты мән бермеген еді. «Балалардың сөзі жараспай қалған да!», - десіп қойған. Бірақ, біз дәл сол кезде бала ма едік? Көршінің қызын қайдам, бірақ менің балалыққа тән пәк ойыным мен ойларым сол күннен бері жалғаспады. Сол қызбен ойнауға үйден оқталып-ақ шығамын. Көршінің ауласына жете бергенде кеудемнен белгісіз бір күш итеріп тұрады. Амалсыз кері қайтам. Осылайша екі үйдің ортасында сандалып үш күн жүрдім.

Бүгін төртінші күн. Салдабасы шыққан ойыншығымды салдыратып аулада жүргенмін. Көршінің үйінің ошағынан тезектің түтіні көтеріліп жатыр екен. Анда-санда ашқылтым иісі келеді мұрынға. Шамасы, нан көміп жатыр-ау. Сәлден кейін екі үй арасындағы есік ашылды да, қолында жаңа піскен ыстық бір үзім наны бар көршінің қызы көрінді. Байқамағансып, ойыншығымды шұқылап отыра бердім теріс қарап. Арқам мұздап бара жатты. Кеудем дауыл күнгі толқыған теңіздей толқиды кеп, толқиды кеп. Адам күткен кезде уақыт жай өте ме, жоқ әлде көршінің қызы сонша сылбыр ма, жақын-ақ жерден жаныма жетуі мұң болды. Ол келгенше менің кеудемдегі теңіз кемерінен әлденеше рет тасып төгілген еді. Әйтеуір, жетті-ау қасыма... Қолындағы нанды маған ұсынып тұрып, көзіне түскен шаштарын құлағының артына қайырып тастап, сол қолымен күн сәулесінен көздерін көлегейлеп, күлімсіреп тұрды да:

- Жүр, ойнайық! – деген.

Қарсыласқан да, келіскен де жоқпын. Үнсіз артынан ере бердім. Сырттай қарағанда бәрі бұрынғыша сияқты. Бірақ тіптен олай емес. Ойынымыздың мазмұны өзгермегенімен менің басымдағы ой басқа. Мүмкін, оның да басында менікіндей шығар. Өз ойымның шетін шығарып бірге суға шомылайық деп едім, әншейінде менен бұрын суға сүңги кететін ол, мұрнын тыржитып, келіспеген сыңай танытты. Біз осылай алғаш рет бір-бірімізден ұялдық. Ол өзінің қыз екенін, мен өзімнің жігіт екенімді түсініп, тұңғыш рет бірге суға түсуден бас тарттық. Мені алғаш рет оның күлгін түсті көйлегі нендей байлықты жасырып тұрғаны қызықтырды. Бұрын талай рет бірге суға шомылсақ та көзіме түспеген, кеудесінің томпайғанын тұңғыш аңғардым. Және сол томпақ өзіне ерекше жарасатынын сезіндім. Бұл нәрселерді бізге ешкім түсіндірген жоқ. Біз өзіміз түйсіндік. Әрине, біз мұнан кейін ойнамадық емес, ойнадық. Бірақ ойын да, ойналатын орын да өзгерген...

Қысқасы бұл тоңазтқыш - өздері кейіннен көшіп кеткен, менің алғашқы махаббатым болмаса да, алғаш қыз деп таныған көршінің кенже қызынан қалған естелік пен менің балалық пәк ойларымның ең соңғы, ал апамның отбасылық өмірінің ең қадірлі мүлкі еді.

Ене деген – ескілігін аңсаушы да, жеңге – жаңалықтың жаршысы. Жаңа нәрсе тұрғызу үшін, ескіні қирату қажет. Бұл тоңазтқыш төңірегінде ене мен келіннің ғана келіспеушілігі емес еді. Екеуін де кінәлауға болмайтын шығар. Бірақ апамның айтқанын орындамағаны үшін жеңгемді сонша жек көріп тұрдым. Бұл даудың болып жатқанын көрсе де, көрмегенсіп өте шыққан, ағама, өз әйеліне «қой» деп айта алмағаны үшін ішім қыж-қыж қайнап жатты. Бірақ, апам енелігі мен жасының үлкендігін ортаға салып жүріп, тоңазтқышын қызғыштай қорып, ақыры арашалап алып қалды. Ағам екеуміз көтеріп апарып қалаған орнына қойып бердік. Келіні түскелі бері қазан-ошақтың қасына көп бара бермейтін еді. Бірақ, бүгін өзі ошаққа от жағып, су ысытып, сол сумен тоңазтқышын жуып-шайып жатты. Бастырмаға қарама-қарсы қойылған тапшан үстінде, жаңа ғана қойларды жайғап келген атам аяқ астынан пысықтығы ұстап кеткен кемпіріне көзін сығырайта күлімсіреп, қарады да отырды. Есіне не түсті екен?..

Өз жұмысымен әуестеніп кеткені сонша, апам кешкі асқа кешігіп келді. «Біссімілләсін» аузына алып, жеңгем құйған шайға қолын соза беріп:

- Сен де ене атанарсың. Иттің жасына сен де жетерсің, - деді де ренжіген сыңаймен теріс қарап алып, шайын ұрттай берді. Бетіне түскен әжімдер құлағына қарай жиі-жиі жиырылады. Күлімсіреп отыр ма? Жылап отыр ма?.. Есіне не түсті екен?..

Ауыл тынышталған. Автобус айдайтын Сақаң да, белгісіз бір әннің әуеніне салып ыңылдап ағаш жонып отыратын Қоқаң да жоқ. Тек баяғы Байғасқа ғана өз үйшігінің жанында сол баяғы қу сүйекті қармана түсіп, ауық-ауық үріп қояды.

 Дымға жарамсыз оны несіне қызғанады десеңші?..

Досхан

Abai.kz

Иіс (әңгіме)
Лу Синь. Жынды адам жазбалары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу