«Таздың үйіне кет»

Oinet.kz 18-10-2022 4344

Бүкіл Тауелібай еліне «таз Мұрсал» деген атпен белгілі болған Керізбұлақ ауылының тұрғыны Рахметов Мұрсал от ауызды, орақ тілді кісі еді. Ешкімнің лауазымына, риясына қарамай ойына келгенді ірікпей айтып сала беретін, тік мінезді ақсақалдың әдеті бүкіл елге белгілі болатын. 

Screenshot_79.jpg

Ешкімге жалтақтамай, бетке айтып сала беретін Мұрсекең осы турашылдығы мен әділдігінің арқасында елге сыйлы болған. Екі сөйлемейтін Мұрсекең кесімді сөзін айтар кезінде серіппедей шиыршық атып, қанатын қомдаған қыран құстай түйіліп, аузынан шыққан әр сөзі мірдің оғындай болған. Оның үстіне алқалы топтың ортасында әңгіме көрігін қыздырып, жиналған көпті аузына қаратып алушы еді, жарықтық. Тентек мінезді Мұрсекеңнің боқтампаз әдетіне ауыл тұрғындарының бойы үйреніп алғандығы соншалық, бұл кісінің сөздерін ешкім көңіліне ауыр ала бермейтін. Бір қызығы, ол кісінің осы мінезі өзіне жарасып тұратын.

Ол кісінің басқалардан айрықша ерекшелігі, кез-келген күрмеуі қиын болып тұрған араздасып қалған кісілердің арасындағы келіспеушілік мәселелерді оп-оңай шешіп, әп-сәтте келістіріп жіберуші еді. Танымайтын жерге барғанда, төрге отырып, басындағы қалпағын шешіп, қызыл шақа басындағы әр жерден шыққан балапанның жүніндей үлпілдеген шашын бір қолымен сипап қойып «мен Керіз деген ауылдағы Мұрсал таз боламын",- деп таныстыратын айырықша әдеті бар еді.

Ми қайнатар шілде айының бас кезінде киіз үйдің іргесін түріп қойып, отбасымызбен дастархан басында шәй ішіп отырғанымызда ауылдың арт жағынан бір үлкен құйын келіп қалды. Шәй ішіп отырғандардың барлығы далаға жүгіре шығып, қолымыздағы ыдыспен құйынның алдынан су шашып, «таздың үйіне кет, таздың үйіне кет» айқай салып, қас қағым сәтте-ақ әлек-шәлегіміз шығып қалды. Құйын өтіп кеткен соң, дастархан басына қайтып келдік. Сол кезде шешем Дәулетиярова Бекзада екі иығы селкілдеп күліп алды да:

- Осы құйынның арқасында Керіздегі дүкенші қайнағаның алдында үлкен ұятты болып қалған едім, - деп әңгімесін бастады. - Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары осы қайнағам Керізбұлақ ауылының орталығындағы дүкенде меңгеруші болып жұмыс істейтін. Ол кездері біздер аудан орталығында тұратынбыз. Бір күні ол кісі аудандық тұтыну қоғамына айлық есеп тапсыру және дүкенге товар алып кету мақсатында ауданға келеді. Түс уақыты кезінде қайнағамыз терлеп-тепшіп біздің үйге келді. Азғана уақыт алдын шалдың адал еңбегінің арқасында өз қолымыз өз аузымызға жеткен біз жап-жаңа, ақ шаңқаң киіз үй көтеріп алғанбыз. Үйге кіріп, амандық-саулық сұрасып, жаңадан тігілген үйімізге құтты болсын айтқан ақсақал төрге жайласып, қолтығына қос құс жастықты тастап, демалуға жантая кетті. Қайнағамды төрге жайластырған соң ас үйге барып зыр жүгіре шай қойып, қонаққа ас қамдай бастадым. Ас үйде жүріп көзім түсіп кетті, ауылдың батыс жағынан екпіні қатты, үйіріле соққан дәу құйын жел тіп-тік жаңадан көтерген алты қанат ақбоз үйімізге қарай беттеп келе жатыр екен. Жаздыгүні Тәуелібай елінде киіз үйлерді оп-оңай құлатып кететін құйын желдер өте көп болады. Осындай құйындардың қауіпінен киіз үйлерді қорғау мақсатында жерге қазық қағып, киіз үйдің үстінен мықты арқан тартып бекітеді. Ал, осындай құйыннан қорғайтын қазық қағылмай, киіз үйдің бас арқаны тартылмаған үйді екпіні қатты жел немесе құйын оп-оңай төңкеріп тастайтын. Шыр айнала үйірілген дәу құйынның жақындап келе жатқанын көргенде не істерімді білмей сасып қалдым. Бір кезде «сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей қолыма су толы шелекті алып құйынның алдынан жүгіріп шықтым. Ел арасында құйынның алдынан су шашып, «таздың үйіне кет» - десең құйын бағытын өзгертіп басқа жаққа кетеді деген наным бар. Осы ырым ойыма түсіп кеткен болу керек, оның үстіне көп нәрсені түсіне қоймайтын жас келіншекпін, қолымдағы шелектегі суды құйынға қарай шашып, жан дауысым шыға: «таздың үйіне кет, таздың үйіне кет», - деп айғайлай бергенмін ғой.

Екпіні қатты құйын жел менімен әзілдесіп ойнағандай, біресе кейін шегіне серпіліп, біресе айнала ұйтқи соғып алға ұмтылады. Әйтеуір, бір уақытта жерде жатқан жеңіл заттарды әудем жерге домалатып, лақтырып тасталған құйын бағытын, өзгертіп жөніне кетті-ау. Әупірімдеп құйыннан зорға құтылып демімді бір-ақ алып, асып-сасып үйдің босағасынан аттай берген кезімде төрде жантайып жатқан қайнағам мырс етіп:

- Балам-ау, таздың үлкені өзіңнің үйіңнің төрінде жатыр. Ол құйын маған келмегенде, басқа кімге барады, оның үстіне осы кезге дейін мен өзімнің таз екенімді білмей жүретін едім, келін шырағым, сенің айтқаның да жақсы болды,- деді.

Мұны естігенде қайнағаның атақты таз екендігі ойыма сарт ете қалды да, ұялғаннан екі қолыммен бетімді басып, үйден шыға жөнелдім. «Өлімнен ұят күшті» дегендей тамақ дайын болған соң, амал жоқ, қайнағаның алдына дастархан жайып, тамақ беруге мәжбүр болдым. Бір дастархан басында отырғаны құрысын, екі көзімді жерден алмай, құр сүлдерім отырды ғой. Осыдан кейін көп уақыт бойы қайнағаны көрсем, көрінбей қашып жүретін болдым, - деп шешем күлкісін жалғастырды.

Құрманғали Адамқұлов

"Мұрсекең айтқан екен"

Күрең айғырдың шыңғырған дауысы әлі құлағымнан кетпейді
Ит құрлы болмадым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу