Мұқағали Мақатаев. «Отыздан асып барамын»

Oinet.kz 02-09-2019 1371

Сұқтанып тұрып жанарың,

Сұрыма неге қарадың?

Солай да, солай, қарағым,

Отыздан асып барамын.

Шашымның санап әр ағын,

Таңырқай берме, қарағым.

Санаулы басқан әр адым,

Отыздан асып барамын.

Белгісі тұр ма ағаның,

Бетіме неге қарадың?

Бақытым тілеп баланың,

Отыздан асып барамын.

Қуанып кейде қаламын,

Қуарып кейде қаламын.

Аттанған ата-ананың

Артынан қуып барамын.

Әзілің қайда, қарағым,

Әжімге несін қарадың?

Артымда қалып аларым,

Отыздан асып барамын.

Солай да, солай, қарағым,

Көңілдің таппай қалауын.

Жастықтың жықпай жалауын,

Отыздан асып барамын.

Мұқағали Мақатаев. «Аттандырып тым тәтті сәттерімді»
Мұқағали Мақатаев. «Сағым боп аққан сан жылдар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу