Жадыра Байбұланова. «Тағдыр деген таңғажайып шеберім»

Oinet.kz 24-09-2018 1347

Toptama-ZHadyra-Bajbulanova.jpg

Тағдыр деген таңғажайып шеберім,

Еркесіне ұсынды да ерегін –

Мен Әлемге аяқ басқан кезімнен,

Бір Сағыныш бірге жасап келеді.

 

Жағдайымды ұға алады жат қайтіп?

Өзімді-өзім түсіне алман жақпай түк!

Бәлкім, кейде сағынамын бұрымды,

Бәлкім, кейде сағынарым – ақ бантик…

 

Мен отырған әткеншекті ырғап қап,

Ұялатын ұлдар қалды ұрлап бақ.

Партамдағы сағынамын жазуды:

«Үш әріппен»  жасырылған жұмбақтап.

 

Ұстап алып, ұрысатын ағай сан,

Хаттар қайда? Суырмаңды қарай сал…

Апам оқып қоймасын деп өртегем,

Сағынышым өртенбеген қалайша?

 

Артта қалды естелікке саналып,

Сағыныш тек сол күндерден тәбәрік.

Баяу әуен қойылғанда қымсынар,

Би кештері ұрлап алған балалық…

 

Өзгешелеу өмір қазір, бөлек үн,

Тұнығыма ғұмырымды төледім.

Жүрегімде құлыптаулы Сағыныш,

Сол Сағыныш сарқылғанда өлемін!

Жадыра Байбұланова. «Жаңбыр. Күз»
Жадыра Байбұланова. «Өлмейді сөз де, үміт те»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу