Жанар Әбсадық. «Серт»

Oinet.kz 26-09-2018 851

Біз екеуміз көлеңкеге ұқсаймыз,

Қара түсте болмайтын,

Күндіз жиі, түнде сирек орнайтын,

Азаймайтын, толықпайтын,

Бір айрылсақ жолықпайтын.

Жақын келсек жазатайым

Өртенуден қорықпайтын.

Ерімейтін жалынға,

суықтарға тоңбайтын.

Бірікпейтін, бөлінбейтін,

Бұлт бүргенде көрінбейтін,

Көлбең қағып би билеуден,

Елестеуден ерінбейтін.

Көлеңкеміз екеуміз –

Жарық барда тойлайтын,

Жүйесі жоқ ережемен ойнайтын.

Қорқынышты… сосын мәңгі

Бір нүктеде бірге қалып қоймайтын.

Сөйте тұра,

Екеуара ынтықпыз,

екеуара бөлекпіз,

Екеуара қарсымыз,

екеуара керекпіз.

Құштар-қарсы қалпымызбен соңында

Жоғалармыз дерексіз…

Түн. Қабырға. Қараңдап

мың көлеңке құбылар,

Елесінде үрейлі арғы жақтың үні бар.

Қорқынышқа меңіреу,

тілсіз отқа жұтылып,

дір ете алмай жатамын,

дәрменім жоқ жылынар.

Әр түн сайын осылай –

мұңды мылқау қойылым,

Біздерге ұқсас көлеңкелер ойыны…

Жанар Әбсадық. «Біз кейіпкер...»
Жанар Әбсадық. «Басқа өлең»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу