Жанар Әбсадық. «Басқа өлең»

Oinet.kz 26-09-2018 799

Мұңы қорып түндердің,

күндердің кірі қонып

жүргенімде жолықтың

көп жанның бірі болып.

Ішім жидіп,

бара жатса да түрім оңып,

көрінуге тырыстым тірі болып.

Жүрексініп көруге сендегімді,

Шер-демімді жұта сап кермегімді

Жымиямын, ал сенің көзің тұрар

тілге ермес жүрегіңнің сөзін айтып,

сезбестен өлгенімді.

Әпенді заңдылық бар сезбесің де,

Сенбей тұрып сондағы келмесіңде –

таусылғанмын тамшылап терезеден,

емхананың күңгірттеу бөлмесінде.

Жарасына өзектің көздей құлап,

Көктем шыққан түнімен төзбей жылап.

Тәнімді емдеп біреулер жан ұшырды,

Ауырғанын жанымның сезбей бірақ.

 

P.S. Жегілем деп жегі ойға азып көп күн –

Жазығы жоқ жазды да жазықты еттім.

Көрік қосып көнерген түр-түсіне,

Емхананың қызылтас кірпішіне,

Өзіңді ойлап тұрсам да өштікпенен,

Өмір жайлы басқа өлең жазып кеттім!..

Жанар Әбсадық. «Серт»
Жанар Әбсадық. «Ұмыту»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу