Исраил Сапарбай. «Көшеде қалған итке»

Oinet.kz 30-09-2018 810

63e685261b2333a37e4ee666af126660.jpg

Құйрығыңды қысып ап қыңқылдайсың, 

Кімге налып, кімдерден құн сұрайсың? 

Əрі өткенге телміріп, бірі өткенге 

Жүрегімді аяусыз шымшылайсың. 


Көп қарауға көзіңе дəтім бармай, 

Көлге өзімді боламын батырғандай... 

Бір "қаңқ" етіп қоясың анда-санда, 

Қос бүйірің қабысып, аһ ұрғандай. 


Жібергелі қаңғытып иең сені, 

Түсіңе енер жылы орын, үй еңселі... 

Қуарып тұр түр-өңі тіршіліктің, 

Суалып тұр заманның жиі емшегі. 


Күннен күнге барады құрып əлің, 

Хал-жағдайыңды білмейсің кім ұғарын. 

Аспандағы жартыкеш айға қарап 

Жарым түнде жақпайды ұлығаның. 


Балпан-балпаң басушы ең бағаң барда 

Үй ішінде, көшеде, алаңдарда... 

Сен адамға сенуші ең өлердейін, 

Ал, адамдар... 

Адамдар... 

Адамдар ма?

Исраил Сапарбай. «Елді сүю»
Исраил Сапарбай. «Жас Қазақ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу