«Анам ауырып жатқанда бір тиын көмектеспеді»: Туған ағама өкпелімін

Oinet.kz 10-04-2022 9998

«Біз отбасында үш ағайындымыз. Ағам, мен және сіңлім. Бәріміз үйлі-жайлы болып кеткенбіз. Әкеміз осыдан он жылдай бұрын бақилық болды. Ал анамыздың өмірден өткеніне жыл толды. Ағам мен жеңгемнің шынайы келбеттерін анам ауыра бастағаннан білдім. Білдім де түңіліп кеттім», - дейді Айсана есімді шымкенттік келіншек. Ол туған ағасының тірлігіне әбден тойдым деп отыр. Себебін ERNUR.KZ тілшісіне Айсананың өзі айтып берді. 

Screenshot_9.jpg

"Анамыз марқұм алтын адам еді. Біз дегенде жанын беруге дайын тұратын. «Балаларым өсіп, үйлі-жайлы болсын» деп бар тапқанын бізге тықпыштап отыратын. Сондай бейнетін көріп өскендіктен, тұрмысқа шығып, жұмысқа тұрып, алған алғашқы айлығымды жолдасыммен ақылдаса келе анама беремін деп шештім. Бар мәселе осыдан басталды. 

Алғашқы айлығым 120 мың теңге еді. Соны алып, ағамның балаларына тәттілерімді алып, төркінге келгенмін. «Мама, бізді өсірдіңіз, жеткіздіңіз. Ендігі сіздің жарқырап жүруіңіз біздің міндетімізде. Мынау менің алғашқы жалақым, үстіңізге өзіңіз ұнатқан көйлек-орамалды алыңызшы» деп қолына ұстаттым. Мен кетісімен ағам мен жеңгем анамды «кредит төлеу керек еді, бере тұрасыз ба» деп сұрап алыпты. Негізі өздерінің жағдайы жетеді, екеуі де мұғалім, жерге қарап тұрған жоқ. Жыным келді, бірақ анам өз еркімен беріп тұрған соң үндемедім. 

Анам соңғы жылдары қатты ауырды. Бар ауыртпалықты өз мойныма алдым. Себебі жеңгем «біз мектептеміз, апаға қарайтын адам керек, үйіңе әкетесің бе» деп қайта-қайта емеурін білдіре берді. Жолдасыма мың рахмет, «апамды үйге әкел, жұмыстан шық та, анаңа қара, табысты өзім табамын» деп қолдау білдірді. Әрі анамды емдету үшін көлігіне салып алып, талай дәрігерге апарды. Сондай кездерде жалғыз ағамның жағдай сұрап келмегені жаныма қатты батты. 

Кішкентай болса да сіңлімде жүрек бар екен, жиі келіп, анамыздың халін біліп, ақшалай жәрдемін беріп тұрды. Жеңгем жарайды, өзінің туған анасы болмаған соң, жанына батпаған шығар. Ағамды «тұңғышымыз» деп әке-шешем көкке көтерді емес пе? Тәуірін соған кигізіп, соны оқытқан болатын. «Бауырларың ғой, осы оқысын, кейін сендерге қарайласатын болады» деуші еді. Үмітті ақтамады. 

Анам ауырып жатқанда ем-домына ақша таппай біраз қиналдым. Несие алуыма тура келді. Бірақ оны сіңліме білдірмедім. Ағама айтып едім, «менде бары бес мың теңге» деп қолыма бір «жапырақты» ұстатты да кетті. 

Құдайдың бұйыртқанынан асып ештеңе істей алмайды екенсің. Анамыз қайтпас сапарға аттанды. Жерлейтін кезде тағы бір сұмдықтың шеті шықты. Ағамның беті бүлк етпестен «Сендер де баласысыңдар ғой, жаназаның шығынын бөліп көтерейік» деді. Үйде адам көп, бірдеңе деуге ұят, амал жоқ, әркімнен қарыз сұрап, дастарханға қоятын ас-ауқатты алдық. 

Қырық күндік асында «Аға, анамыздың басына тас қояйық» деп едім, «Тастың кімге қандай пайдасы бар? Темірмен қоршай салсақ болмай ма?» деп шапшып шықты. Менің де шыдамым шегіне жеткен екен. Ішімдегі ашу-ызамды, өкпемді ақтарып салдым. Сол кезде ағам мен жеңгемнің шынайы бет-бейнесін көрдім. Көгеріп-сазарып, мені үйден қуып шыққандай қайтарды. «Бізге ақыл үйрететін жасқа жеткен жоқсың, жөніңмен жүр, үйімізге келіп берекемізді кетірме» деп төтесінен қойып қалды. Өзім өскен үйден қуылып, жүрегімнің күл-паршасы шыққандай күй кешіп жүрмін. 

 Ата-анамыз «бауырмашыл болыңдар, ешбір жан жеме-жемге келгенде туғаныңдай болмайды. Бір-біріңді демеп, қайғыны да, қуанышты бірге бөлісіңдер» деп айтып отырушы еді. Бірақ жалғыз ағамның қарындастарына деген мейірімі жоқ екен. Жалғыз бауырым ғой, кейде сағынамын. Бірақ істеген қателіктерін ойласам «мұндай бауырдың барынан жоғы жақсы» деймін іштей"

«Көшеге шығарып аямай сабайды»: Қызғаншақ күйеуім шаршатты
Сіңлім бақытсыздығына мені кінәлайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу