Ұлықбек Есдәулет: «Әкемнің сағаты – оның ерлігінің көзіндей еді»

Oinet.kz 06-06-2014 1614

Ауылым қысы қатал Қытай елімен шекаралас  аймақтағы Зайсан ауданында орналасқан. Сол кішкентай ауылда төрт  ұл, төрт қыз тәрбиеленіп, қанатымыз қатайып шықты. Алаңсыз өскен қара шаңырақты еске алсам, көптеген ойлардың тұңғиығына батам. Әкем де, анам да мектепте мұғалім болған жандар. Ауыл мектебінің ауласында үлкен жайқалып тұрған бақ болатын. Сол кіші орманның әрбір ағашын әкем марқұм өз қолымен отырғызып, баптап жүруші еді.  Ағаштарды  будандастырып, небір жемістерді өсіретін. Бағбандығымен қоса кең жүректі қонақжай болатын. Ауылға ат басын бұрған ақын, жазушы, әнші, басқа да құрметті адамдардың барлығы біздің үйге соқпай кетпейтін. Әкем олардың әрбірін құшағын жайып, анам дәм-тұзын татқызып жіберетін. Ләззат Сүйіндікова, Роза Бағланова, ақын Әбдікәрім Ахметовтарды бала күнімде сол киелі шаңырақтан көргенмін. Әсіресе Рахматулла (Тоқтарбаев)  ақынның біздің үйде шәй ішіп, небір жыр-дастандарды таңға дейін жырлағаны әлі күнге дейін көз алдымда. Әкемнің  жаны жаңалыққа құмар еді. Елімізде жаңа тауар, жаңа зат шықса дереу үйге әкелетін. Патефон, теледидар алғаш шыққанда ауылда біздің үйде ғана болды десем қателеспеймін. Балаларының жан-жақты өнерлі болуын қаласа керек, үйде музыкалық аспаптың барлығы болды. Тіпті пианино, скрипкаға дейін. Бауырларымның барлығы  музыкаға жақын болып, осы аспаптарды шертіп өсті. Мұндай өнер тек маған ғана бұйырмаған. Есесіне жастайымнан сурет салдым. Түрлі байқауларға да қатысып, жүлделі орындарды иеленгем. Алайда жағдайларға байланысты сурет училищесіне түсе алмадым. Содан кейін ақындықтың соңына түсіп кеттім ғой.  

Screenshot_3.jpg

Туыстарым Ұлықбектің жолы болғыш деп жүретін. Әрине бекер емес. Әкемнің қолының ашықтығы сондай лоторея билеттерін бумасымен сатып алып, туыс, көрші-қолаңдарға, үйге келген қонақтарға таратып беретін. Мұндай үлестіру кезінде біздің де қолымызға бір-бір билеттен тиіп қалады. Бірде менің лотореямнан ұтыс шығып, пианино алғанбыз. Кейінде жолым болып бір жапырақ қағаздан шабадан ұтып алған едім. Сыйлықты аудан орталығынан барып алу керек  болатын. Бірақ мен мектеп   оқушысы болғандықтан, сыйлықты маған бермейді. Содан оны алуға Совет деген нағашы ағам мен әкем аттанып кеткен. Жол-жөнекей екеуі  ойланып, «шабаданды қайтеміз, оданда оның орнына ақшасын алайық» деп  шешімдерін өзгертеді.  Қайтар жолда ұтыстан шыққан ақшаны екеуі  жақсылап тойлатып, үйге көк тиынсыз келді.   Бірақ олар сол тірліктеріне  ылғи өкініші блідіріп отыратын. «Ақшаның көзі жоқ, ал шабадан өткен күннің естелігі болып қалар еді» дейтін әкем.   

Screenshot_9.jpg

Музыкалық аспапатар көп болғанымен, ойыншыққа жарып өстік деп айта алмаймын. Қытайдан көшіп келген туысымның менімен қатарлас баласында шекарадан әкелген фонары мен пышағы болды. Үйге қыдырып келгенде тетелесім әлгі заттарын арқалай келетін. Сонда әлгі пышаққа қатты қызықтым. Тетігін бассаң пышақ  шарт етіп ашылады. Мұндайды сол уақытқа дейін ауыл балаларынан көрмегендіктен, менің де сондай пышағым болса деп армандадым. Ал әлгінің фонары сондай жарық болатын. Бұл біздің ауыл өміріне таптырмас құрал екен деп ойладым алғаш көргенде. Бірақ арманыма жете алмадым. Ержетіп, түрлі қалаларға, шетелдерге барғанда тетігі бар пышақты талай жерден көрдім. Сөйтсем асып-тасып бара жатқан ерекшелігі жоқ, қарапайым зат екен ғой. Оның үстіне суық қаруға жатады. Көрсеқызарлықпен ынтық болған пышақты кейін ақшам жетіп тұрса да алмадым. Әй, бала көңіл нені аңсамайды десеңізші.      

Бала  үшін айналадағы оқиға, заттардың барлығы  таңсық, қызық болып көрінеді емес пе. Сол секілді үйдегі заттар да адамның дүниені танып, білуге көп әсерін тигізеді екен. Атам соғыс жылдарынан бұрын облыста егін егіп, рекорд орнатқан кісі болған. Осы еңбегі үшін 1939 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Үнемі тынымсыз жүретін атамыздың қалтасында әрдайым шақшасы жүретін. Біз балалықпен қызығып сол шақшаны ұстап көруге ынтық болдық. Атамыздың көзі кеткесін жанынан тастамайтын шақшасы мен үшін дүниедегі ең қымбат заттай көрінді. Одан кейін өмірден 24 жасында жұлдыздай аққан, өнерлі, сымбатты ағамның артында қолдарының ізі қалған баяны қалды. Ол әлі күнге дейін інімнің үйінде сақтаулы тұр. Ал әкем  соғыстан арқалап әкелген сағатын сандық түбінен анда-санда шығарып, перзенттеріне көрсетіп жүрді. Сонда сол сағатқа қарап әкемнің майдан түбінде от кешіп жүрген сәттерін ойлап, оның қажыр-қайратына таңдандым. Сол арқылы өз әкемді мақтан тұтып, үлгі етіп өстім. Майданнан естелік деп мылтық та алып келген еді үйге. Есейгенде мылтықпен аң да аулап көрдік. Қара шаңырақтың төрінен орын алған бұл заттар мен үшін алаңсыз да, кіршіксіз балалықтың куәгерлері болып қалмақ. 

Ұлымыз ұяға, қызымыз қияға қонғаннан кейін қара шаңыраққа інім Рүстем ие болып қалған еді. Өкінішке орай анамызды да, інімізді де сол үйден ақтық сапарға шығарып салдық. 

Мұрат Әбенов: «Есекті де сағынғанбыз...»
Мақсат Жәутіков: «Алғаш әнімді парталасыма шығардым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу