Смартфономания...

Oinet.kz 20-04-2019 1003

Screenshot_31.jpg

Психологтар оны  есірткіге тәуелділікпен бір қатарға қоя бастады 

 Әрине, смартфонды пайдалануға итермелейтін себептер көп. Интернетті пайдаланудың, бос уақытты өткізудің таптырмайтын құралы (мәселен, кезекте тұрғанда немесе пойызда, автобуста кетіп бара жатқанда). Бүгінде  жасы да, кәрісі де барлығы смартфонды пайдалануға дағдыланып алған. Бір ғана дерек, 2014 жылы әлемде 1 миллиард 200 миллион дана смартфон сатылған екен. Қысқасы, смартфонсыз шаруа бітпейтіндей күйге жеттік. Есесіне қарапайым телефон дефицитке айналып барады. Кейбір дүкендерде кілең сенсорлық аппараттар ғана сатылатын болды. Әлбетте, смартфонның артықшылықтары көп. Алайда, психологтар сенсорлық телефондарға тым қатты байланудың қауіптілігін ескертіп отыр. Американдық мамандар бұл бағытта тыңғылықты зерттеу жүргізе  келе, «смартфономания» атты  терминді қолданысқа енгізді. 

Зерттеу барысында анықталғаны: АҚШ-тың қарапайым тұрғыны смартфонына тәулігіне 150 рет үңіліп, телефон арқылы сөйлесуге, ойын ойнау мен түрлі интернет қосымшаларын қарауға кемі 75 минутын жұмсайды екен. Біздіңше, қазақстандық смартфон иелері бұдан асып түспесе, кем емес. Автобуста, саябақта, сабақта, жұмыс орнында төрт бұрышты аппаратқа үңілген күйі «қатып қалған» жерлестеріміздің саны күн санап өсіп барады. «Зая кеткен уақыт-ай» дегің келеді. Мәселе тек смартфонға жұмсалған уақытта да емес, пайдаланушының психологиясында болып тұр. «Қажеттілігі бар ма, жоқ па, әйтеуір телефонына қайта-қайта қарау адамның ойын шашыратып жібереді. Смартфонға үңілген кезде  істеп жатқан жұмысынан жаңылысып, артынша көптеген қателіктерді жібере бастайды», дейді американдық психолог Кеннет Орвелл.  

Телефонсыз өмір бос...

Психологтардың зерттеулерінде келесідей мысалдар келтіріледі:  

- Дәмханаға бала-шағасымен келген ата-аналардың 40 пайызы тамақты алған бойда смартфонына «кіріп» кетеді де, 40 минут ішінде перзенттеріне әрі кетсе 20-30 сөз айтумен шектеледі. Дәмханаға тамақтанудан гөрі «бізде Wi-Fi тегін» секілді жазуға бола қызығып келетіндердің үлесі басым. 

- Ұйықысынан оянған бойда адам әуелі смартфонды қолға алады.  Төсектен тұрамын дегенше аппаратты жарты сағат бойы шұқылап үлгереді. Бұл уақытты дене шынықтыруға, жуынып-шайынуға жұмсаған әлдеқайда пайдалырақ болар еді.  

- Тұрғындардың 60 пайызы теледидардағы жаңалықтарды, киноны  толық көре алмайды. Бұған  маза бермейтін «смартфон» кінәлі, әрине. 

- Американдықтардың жартысына жуығы жуынатын бөлме мен дәретханаға міндетті түрде смартфонмен кіреді екен. 

Time  журналының зерттеуі бойынша, американдықтардың 87 пайызы соңғы жылдардағы бірде-бір күнін смартфонсыз өткізбеген екен. Тұңғыш iPhone нарыққа сонау 2007 жылы жол тартқанын ескерсек, смартфонның ықпалында шамамен 6-7 жылдай уақыт кетіпті.

Смартфономанияның анық белгісі ретінде Ямайка аралына демалуға аттанған Колин атты американдық азаматтың мысалын келтірейік. Смартфонын үйде қалдырып кеткен Колин бір тәулік өтпей жатып-ақ қатты абыржи бастады. Ямайкадағы күндері демалыс құрлы болмады, ол үнемі өзінің смартфонын ойлаумен жүріпті. Мазасы кетіп, күйзеліске түскен ол ақыры көршісіне хабарласып, үйіндегі телефонын жедел  почта қызметі арқылы Ямайкаға салып жіберуін өтінді. «Сол үшін 200 доллар төледім, бірақ бастысы - смартфонды қолыма алған соң жаным жай тапты. Нағыз демалысым содан кейін басталды» деп еске түсіреді Колин.         

Смартфонның ауруына шалдыққан адамның кейбір әрекеттері ақылға қонбайды. Тағы да мысал. Бір адам бірнеше мың теңге төлеп, билет сатып алады да концертке барады. Бірақ, концерттік кештің барлығын өз көзімен емес, смартфонның экраны арқылы тамашалайды. Сондағы бар ойы, ертесіне әлеуметтік желіге видеороликті орналастырып, «қараңдар, кеше мықты концертке қатыстым» деп мақтану ғана. Ондайлар да бар арамызда.  

Смартфондардағы батареялардың  басы бөлігі бір күнге жетеді. Яғни, түнде телефоныңызды зарядкаға қоюды ұмытсаңыз немесе мүмкіндігіңіз болмаса, ертеңгі күні талай қолайсыздыққа тап боларыңыз анық.  

Америкада телефонға тәуелділікпен күрес жөніндегі қозғалыс та құрылды. Соның мүшесі Сэм Ирвинг: Денсаулық сақтау департаменті смартфономанияны алкоголизм және есірткіге тәуелділікпен теңестірмесе, көп ұзамай әрбір тұрғын телефонды шұқылауға жұмсайтын уақытын күніне 120 минутқа дейін жеткізеді.  Әрине, бұл смартфон шығарушы компаниялар үшін өте тиімді, бірақ адамның ақылға жүгінетін кезі келді деп ойлаймын» деп дабыл қағуда.  Мұндай қозғалыс бізге де қажет сияқты. 

Жастарды желіктірген facebook пен онлайн-покер

 Сонымен, смартфон адамды несімен еліктіреді? Әлбетте, бірінші себеп - әлеуметтік желілер. Газет  апта сайын жарық көріп, теледидардағы жаңалықтар күн сайын жаңаланып  тұрса, интернет әлеміндегі жаңалықтар минут, тіпті секунд сайын өзгеріп отырады. Әсіресе Twitter мен Facebook желілеріне тәуелділік күшейіп барады. Қолданушылар мыңдаған достарының не жазғандарын, қандай сурет орналастырғанын көріп, комментарий жазғысы келеді де тұрады.  Жұрт жүрген жерінде телефоны арқылы фото/видеоға түсіріп, сол сәтте интернетке «лақтыруды» да әдетке айналдырып алған.    

Смартфонның екінші тартымды күші - ойындар. Оның өзі екі түрге бөлінеді. Өз алдына жеке жүктелген ойын бағдарламалары (мәселен, Angry birds) және онлайн ойындар.  PlayStation, Xbox немесе дербес компьютердегі ойындарға қарағанда, көптеген онлайн ойындарға тәулік бойы кіріп, жетістіктерді жаңалап тұру қажет. Егер қолданушы сүйікті онлайн-ойынына тәулігіне бір-екі рет қана кірумен шектелсе, жеңіліске  ұшырады дей беріңіз. Кейбір «смартфоншылар» онлайн ойындардағы жетістіктерін (қанша ұпай жинағанын, ойындағы қандай деңгейге шыққанын) әлеуметтік желілерге жиі шығарып, ел-жұрттан сүйінші сұрайды. Әсіресе онлайн-покерге секілді құмар ойынға миллиондаған жан байланып қалған. 

 Сенсорлық ұялы телефондарды жиі қолданудың үшінші себебі - SMS-хаттар және сөйлесу. Бұл әдет «ескі» телефоннан қалған, алайда, психологтар SMS жазу үрдісі азайып келе жатқанын байқапты. 

 Төртінші себеп - қаржылық төлемдер. Бүгінгі таңда банктер  смартфон арқылы да қызмет көрсете бастады.  Яғни, кредиттік карточканы телефонға қосу арқылы, есеп-шотындағы жағдайды күнделікті бақылап тұруға, ақша аударуға толық мүмкіндік бар. 

 Бесінші себеп - бейнероликтерді тамашалау. Бұл тек youtube арнасына кіруді білдірмейді. Бұл күндері спорттық жарыстарды, жаңалықтар мен сериалдарды смартфон арқылы тамашалайтын сабаздар қаптай бастады. Мәселен, смартфонды пайдаланушы Бразилияда өткен футболдан әлем чемпионатында соғылған голдарды небәрі 2-3 минуттың ішінде тамашалауға мүмкіндік алды. 

                           Еркін өмірге қайта оралыңыз

Смартфонды пайдалануға итермелейтін пайдалы да себептер бар. Олардың қатарына тегін кітапханалар, емтиханға және тестілеуге  дайындық, салауатты өмір салтын ұстануға арналған түрлі бағдарламаларды жатқызуға болады. Алайда, оларға жұмсалатын уақыт тым мардымсыз, мамандардың есебінше 1 пайызға да жетпейді. Яғни, қолданушылардың басым бөлігі сенсорлық телефонды негізінен тек ойын-сауық мақсатында пайдаланып келеді. Осының салдарынан адамның бойында жалқаулық пен мақсатсыздық секілді жағымсыз сипаттар қалыптаса бастайды. 

Қолданушылардың смартфонға  тым қатты байлануына алаңдаған кейбір компаниялар смартфонды қолдану мерзімін шектеп, адамды еркін өмірге қайтаруға септігін тигізетін бағдарламаларды жасап шығаруды қолға алды. Алайда, бұл айтарлықтай нәтиже бере қоймасы анық. Адамның надандығы мен коммерциялық мүдде тоғысқан кезде смартфономания тек асқына берері сөзсіз. Қашанға дейін?  


Қарызға ақша сұрай берсе не істеу керек?
Жаз мезгіліне 3 лайфхак
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу