Семіздік серделдеңге салмасын

Oinet.kz 20-11-2019 1076

Соңғы 30 жылда салмағы артық адамдар саны 2 миллиардқа жуықтап отыр. Бұл жердегі халықтың үштен бірі. Семіздіктен жыл сайын әлемде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болады екен.  Қазіргі кезде әлемде семіздіктің таралуының қарқындылығы соншалық, ДДҰ сарапшыларының болжамына сай бұл сандар 2025 жылға таман екі еселенбек. Әр 10 жыл сайын артық дене салмағы мен семіздіктің таралуы 10% өсіп отырады. Қазақстан «семіздердің отаны» АҚШ-ты басып озатын түрі бар. Алдағы 10 жылда қазақстандқытардың 75 пайызы семіздік дертіне шалдығуы мүмкін дейді алаңдаулы мамандар. Жалпы семіздік кемістік пе, ауру ма?

e51f61ad89dca0faf1dbf4f5f09e32d2.jpg

Семіздік  - ауру дейді ақ халаттылар. Денеге артық майдың шамадан тыс жиналуының бірнеше себептері бар: тұқым қуалаушылық, эндокринды аурулар, аз қимылдау және тамақ құрамындағы майдың шамадан тыс көп болуы, мидың нақты бөлшегінiң жарақаттануы, кейбiр психикалық ауытқулар. Семiрудiң 4 дәрежесі және 2 кезеңі болады: дене салмағы үнемі өсіп тұратын үдемелі, және артық салмақ болса да, ары қарай үлкеймейтін тұрақты кезең. I дәрежелі семіздік: дененiң нақты салмағы идеал массадан 29%-ға дейін асады. II дәреже: дененің нақты салмағы идеал массадан 30-40%-ға дейін асады. III дәрежелі семіздік: 50-99% пайызға дейін асуы. IV дәреже: айырмашылық 100%-дан жоғары. Семіздік әрқашан ағзаның жұмысын тежейді: жүрек жұмысы ауырлайды, қан айналымы бұзылады, демікпе пайда болып, адам тез шаршайды, инфекциялардан қорғанысы әлсірейді. Эпидемиологиялық зерттеулердің нәтижесі бойынша, артық салмақпен ауыратындар арасында омыртқа остехондрозы және дистрофикалық алмасу полиартриті, өт қабының дикинезиясы, созылмалы холецистит және өт-тас аурулары, өкпенің қатерлі ісігі, сүт безінің, жатырдың және аналық бездің қатерлі ісігі сияқты аурулар жиі кездеседі. Семіздікке шалдыққан әйелдерде етеккір функциясының бұзылуы және бала көтере алмау жиі кездеседі.  

Егер сіз бойыңызда артық майлардың шамадан тыс жиналғанын және жоғарыда аталған белгілер бойынша өзіңізді нашар сезіне бастасаңыз өз бетіңізше әрекет етпеңіз. Түрлі жарнамаларға еріп, дәрі-дәрмек қолданып, пайдасына күмән келтіретін диеталарды ұстамаңыз. Бірден дәрігерге келіп, тексеруден өтіңіз.  Негізінен дәрігерлер семіздікті емдеудің тәжірибеде мынадай  тәсілдері барын айтады: Бірінші - дәрі-дәрмексіз тәсілдер. Калориясы төмен азыққа негізделген емдәм мен жүйелі дене жаттығулары. Барлық диеталар келесі талаптарға сай болу қажет: калорияның айқын тапшылығын қалыптастыра отырып, денсаулыққа зиянын тигізбеу үшін тиімді және үйлестірілген тағам пайдалану. Бірде-бір дәрігер өте аз уақыт ішінде салмақ тастауға көмектесетін диетаны құптамайды. Семіздіктен біртіндеп арылу қажет. Екіншісі - дәрі-дәрмекті тәсіл. Дәрігер тәбет қашыратын және құнарлы заттардың сіңірілуін азайтатын немесе гормоналды жағдайыңызды қалыпқа келтіретін препараттарды жазып беруі мүмкін. Үшіншісі - хирургиялық тәсілдер. Липосакция, яғни тері астынан артық майды алу; - асқазан көлемін кішірейту үшін кигізілетін арнайы сақиналарды асқазанға орнату операциясы; - абдоминопластика – салбырап қалған немесе тым үлкен қарынды жоятын ота.

Қомағайлық, тамақты көп жеу- семіздіктің басты себебі. Шетелдік диетолгтар жер бетінде семіздікке душар болған жандардың санының артуына фаст-фуд өнімдерінің септігі тиіп отыр дейді. Бүгінде әлем асханаларын жаулап алған фаст-фудттың денсаулыққа зияны туралы мың жерден айтылып жатса оған тәуелділер азаяр емес. Жақында швед ғалымдары гамбургер, бутерброд секілді жедел тағамдардың адам ағзасына қалай әсер ететінін тәжірибе жүзінде дәлелдеп берді. Олар бірнеше адамға 4 апта бойы фаст-фуд өнімдерін жегізіп, эксперимент жасап көрді. Нәтижесінде бір айға жетпей  қатысушылардың бауырларына артық май жиналған, белдері 7 сантиметрге дейін үлкейген, қан айналым жүйесі бұзыла бастаған. Фаст-фудтың құрамындағы еттер әдетте жоғары температурада қуырылады. Сондықтан өте майлы болып келеді. Ал тым майлы ас сіздің бауырыңызды ғана емес басқа да ағзаларыңызды «өлтіретірін» ұмытпаңыз.  

Артық салмақ қалай өлшенеді?

Артық салмақ, семіздік – дене салмағының индексі (ДСИ) бойынша есептеледі. ДСИ = Дене салмағы (кг) / Бойының ұзындығы (м2). Мәселен, салмағы 69 келі, бойының ұзындығы 169 см болса, ДСИ формуласымен есептеп көрейік. Дене салмағының көрсеткішіне бойдың ұзындығының екі еселенген мәніне (квадратына) бөледі. 69кг/(1,69м*1,69м)=69кг/2,8=24,6 нәтижесі шығады. ДСИ=24,6. Бұл денесалмағының қалыпты екендігін білдіреді. Дене салмағының қалыптан аз, қалыпты, не қалыптан артық екенін мына кестедегі мәндерден де білуге болады. Қалыпты ДСИ – 18,5-24,9 аралығы.

Дене массасы индексі   Адамның массасы мен бойының сәйкестігі

16 және одан кем         Массаның айқын дефициті

16 — 18,5                 Дене массасының жеткіліксіздігі

18,5 — 25                 Қалыпты

25 — 30                         Дене массасының артықтығы

30 — 35                         Бірінші дәрежелі семіздік

35 — 40                         Екінші дәрежелі семіздік

40 және одан көбірек Үшінші дәрежелі семіздік


Арықтаудың жолы – диета емес, дұрыс тамақтану
Ауырмаудың амалын кім айтады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу