Бариатрия – арықтаудың ең ұтымды әдісі

Oinet.kz 04-12-2017 1178

Бариатриялық операцияларға деген сұраныс әлемде күрт өсіп келеді. Мұның себебі де түсінікті. Мамандар «семіздік - 21-ғасырдың дерті» екеніне толық келісіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне жүгінсек, қазіргі таңда әлемдегі толық адамдардың саны 1,4 миллиардты құраса, оның ішіндегі 500 миллионға жуығы осы аурудың ең асқынған  сатысы – семіздікке ұшыраған. Медициналық технологиялар мейлінше дамыған бүгінгі таңда артық салмақпен күрестің түр-түрі ұсынылып жатқанымен,  ең тиімді әдіс - бариатриялық операция екенін статистика да, дәрігерлер де растап отыр.   

Screenshot_12.jpg

Алпауыт Азия құрлығының Тынық мұхитына қарасты аумақта бариатриялық операцияларды жасайтын санаулы ғана маман бар екен. Солардың бірі - әлемдік медицина аса жоғары бағаланатын дәрігер, Оңтүстік Кореяның әйгілі Сунчонхян университеті жанындағы Бариатриялық хирургия орталығының меңгерушісі, профессор Йонгджин Ким. Былтыр ол Оңтүстік Қазақстанға екі рет келіп кеткен болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыруға ерекше ден қойып, осы мақсатта әлемдегі үздік медицина жүйелерінің бірі ретінде мойындалған Оңтүстік Кореямен тығыз байланыс  орната білді. Шымкенттік әріптестерін жаңа медициналық әдістемеге үйретіп, жергілікті бірқатар пациентке күрделі ота жасаған Йонгджин Киммен сұхбаттасудың сәті түскен еді.  

- Әуелі қазақстандық медицина жайлы қандай пікіріңіз қалыптасты, соған тоқталып өтсеңіз? 

- Мен әлемнің көптеген елін аралағанмын. Турасын айтқанда, жарты жылым Кореяда өтсе, қалған уақытта шетелде жүремін. Америкада біраз жыл оқып, практикадан өттім. Азияның көптеген елдерінде, Ресейде де жұмыс істегенмін.  Сондықтан, түрлі медициналық жүйенің жұмысымен танысып шықтым. Мына жүйе жақсы, ал мынаусы нашар деуден аулақпын. Әр елдегі денсаулық сақтау саласының өзіндік ерекшеліктері болады.  Бір ғана айтарым, Кореяның  медицина жүйесі жаңа технологияларды өте жылдам қабылдап, іске асыруға әбден бейімделген.  Даму қарқынының жоғары болуы да содан. Яғни, Корея медицинасы белгілі бір кітаптарда жазылған қағидаларды орындауға емес, науқастарды емдеудегі жаңа әрі тиімді ғылыми әдістерді енгізуге жоғары мән береді. Біз үнемі ізденіс үстіндеміз. Сол себептен де шығар, медицинаның көптеген бағыттары бойынша Еуропа мен АҚШ-тың дәрігерлері біздің елге жиі келіп, айталық, бауыр алмастыру, асқазан обырын емдеу бойынша жаңа тәсілдерді үйренуде.  Ал Қазақстандағы медициналық жүйеге қатысты бір байқағаным, хирургиялық бөлімшелердегі операциялық кабинеттердің қажетті жабдықтармен қамтылу деңгейі Кореядағы госпитальдарға қарағанда төмендеу. Ал жоғары жетістікке жету үшін бұл олқылықтың орнын толтыру қажет. 

- Сонда елдегі медицина  жүйесін жоғары деңгейде дамыту үшін не қажет? Кореяда қандай қадамдар жасалды?

- Корея медицинасының дамуын қамтамасыз етуде сақтандыру жүйесінің атқарған рөлі зор болды. Біздің ел осы жүйеге көшкен соң денсаулық сақтау саласында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Әр адам ай сайын міндетті төлемдер жасап отырады. Аса күрделі ауруға ұшыраған жағдайда пациентті емдеуге жұмсалатын қаржының 95 пайызын  мемлекет өтейді. Ал қауіптілігі төмен ауруларды емдеу кезінде пациент тиісті соманың 60 пайызын төлеуге тиіс. Қалай болғанда да, Кореяда қаражаттың жетіспеушілігінен пациенттің емделе алмауы мүмкін емес. Қаржылық жағдайына қарамастан әр азамат жоғары сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алатынын біледі. 

- Оңтүстік Кореядағы дәрігер мамандығының беделі қандай?

- Біздің елде дәрігер - тек материалдық емес, қоғамдағы құрмет тұрғысынан да өте абыройлы мамандық. Кореяда кәсіби медицина маманы  атану қиынның қиыны. Болашақта дәрігер болуды әдетте үлгерімі ең жақсы, дарынды балалар армандайды. Алайда,  медициналық жоғары оқу орнына  түскен студенттердің тек санаулылары ғана университетті аяқтап, дәрігер атанады.  Қазақстандағы жүйенің қандай екенін білмеймін, ал бізде дәрігер атану үшін кемінде  15 жылыңды арнайсың. Емтиханын тапсыра алмай, бұдан да көп уақыт жұмсайтындар бар. Оның 8 жылы университетте оқуға жұмсалса, 7 жылы практикаға арналады. Талап өте қатаң. Тіпті 8 жыл бойы медик студенттер дұрыстап ұйықтамай дәріс оқиды десем артық айтпаймын. Тек осылайша сапалы да білікті кадр ретінде қалыптасасың. Оқу ісіне ат үсті қарап, емтиханнан өту мүмкін емес. Мемлекеттік мекемелермен қатар елімізде жекеменшік медициналық орталықтар көп, олардың барлығы дерлік жоғары деңгейлі техникамен жабдықталған. Яғни, мамандығың бойынша сапалы жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. 

- Енді бариатриялық операциялардың маңызына кеңірек тоқталсақ. Бұл операцияға қандай пациенттер мұқтаж?

- Көпшілік арасында «бариатрияға семіздіктен арылып, сымбатты болу үшін жүгінеді» деген түсінік бар. Бұл жаңсақ пікір. Мұндай отаны жасаудың басты себебі – артық салмақтың салдарынан туындайтын аурулардың, атап айтқанда, қант диабетінің асқынуы болып табылады. Сондай-ақ, артық салмаққа ие адамның ұйқы кезінде қорылдауы, тыныс алуының нашарлауы, артроз ауруының пайда болуы,  әйелдерде менструалдық циклдың бұзылуы да   бариатриалық операция жасаудың қажеттілігін білдіреді. Алайда, толық адам өзін жақсы сезінсе, оған бариатрияның ешқандай да қажеті жоқ. Мәселен, салмағы 120 келіні құрайтын спортшыға ота жасаудың не керегі бар? Соңғы жеті жылда әлемде түрлі медикаментоздық емдеу тәсілдері қолданылғанымен, артық салмақ пен семіруді емдеуде қандай-да ілгерілеушілік байқалмады. Адамның тағам мәселесіне айрықша сақтылықпен қарауы тиістігіне мына бір деректі келтіргім келеді. 2010 жылы   атышулы «Әл-Каида» ұйымы ұйымдастырған террорлық актілердің нәтижесінде бүкіл әлемде 7697 адам мерт болыпты. Ал сол жылы газдалған сусындардың кесірінен 3 миллион адам көз жұмған. 2012 жылы әлемде суицидтен 80 мыңға жуық адам қайтыс болса, 150 мыңнан астам адам артық салмақтың кесірінен о дүниелік болды. Сондықтан, дұрыс тамақтану, семіздіктен арылу мәселесіне өз деңгейінде көңіл бөлгеніміз жөн. Ал артық салмақ пен диабет ауруын емдеудегі ең тиімді жол – бариатриялық операция жасау. Семіздікті емдеудегі бұл әдістен соң пациенттердің қалайша өзгеретіні жарты жыл ішінде-ақ білінеді. Шын мәнінде өте үлкен өзгерістер болады. Мәселен,   қант диабеті асқынған толық адамдар күнделікті инсулин қабылдауға мәжбүр. Бариатриялық операциядан соң оның қажеттілігі жоқ.  

-  Шымкенттік дәрігерлермен тәжірибе алмасу қалайша жүзеге асырылуда?

-  Сунчонхян клиникасы өзіндегі озық тәжірибені әлемнің өзге елдеріне таратуды абыройлы міндет деп біледі. Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының   заманауи медициналық технологияларды енгізуге деген талпынысына сүйсіне қараймын. Бұған дейін Сунчонхян клиникасында бірнеше шымкенттік дәрігер біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды. Жалпы, қазіргі таңда Азияның Тынық мұхиты аймағында халықаралық деңгейде бариатриалық операция жасайтын бар-жоғы 14 адам бар. Сол топтың құрамына мен де кіремін.   Өзім Шымкентке осыменен екінші рет келдім. Бұл жолы 2 пациентке ота жасадым. Әрине, жетістікке бірден жету қиын. Жақсы нәтижеге жету үшін операциялық залдарды заманауи  техникамен жабдықтап, әлемдегі ең білікті мамандардан үйрену керек. Күрделі медициналық операция ісінде  асығыстық жасауға болмайды. Бір адам өз күшімен тіпті ең жеңіл операцияны да жасай алмайды, оның жанында міндетті түрде арнайы оқытылған топтың болуы шарт. Кезінде Корея мен Жапонияда бариатриялық операцияны өз күшімен жүргізуге деген талпыныстар болған, бірақ оның нәтижесі көңіл көншітпеді. Ең маңыздысы – дұрыс бағытта қадам жасау. Оңтүстікқазақстандық  дәрігерлердің шетелдік тәжірибені меңгеруге деген ұмтылысын толық қолдаймын. Олардың бұл салада үлкен жетістіктерге жетіп, озық технологияларды толық игере алатынына сенімдімін. 

- Әңгімеңізге рахмет!

Дәрігерге алданып қалмаудың жолдары
Наркоз туралы қызықты деректер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу