Мейіргер – медицинаның жаңа моделі

Oinet.kz 14-12-2017 3124

Қазіргі таңда әлемдік білім беру үрдісіндегі қарқынды жүріп жатқан өзгерістерге сай бәсекеге қабілетті болу үшін Қазақстанның білім беру бағыттары мен саясаты қайта қарастырылып, медициналық оқу орындарында шетелдердің озық тәжірибелері кеңінен қолданылуда.

Screenshot_1.jpg

Дамыған шет елдерде мейіргер ісінің түрлі модельдері қалыптасқан. Атап айтқанда мейіргерлердің өкілеттілігі алғашқы медико-санитарлық көмектен бастап госпитальдық сектор деңгейіне дейін кеңінен қарастырылған. Мейіргерлер қызмет шекарасының кеңеюі медициналық көмек көрсету сапасының жақсаруына және қол жетімділігіне, емделушілердің қанағаттануына, мейіргер мамандығының мәртебесін көтеруге мүмкіндік туғызады. 

Әлемдік озық тәжірибеге жүгінсек, мейіргер ісі бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласының дербес бөлімі. Мейіргерлер денсаулық сақтау жүйесінің бастапқы және негізгі буынын құрайды. Мысалы, Швед денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі ұдайы өсіп, емделушілерге жоғары деңгейдегі медициналық көмек көрсетілуде. Әсіресе созылмалы және күрделі ауруларға шалдыққан науқастарға мейіргерлер күтім жасап, тіпті шектелген көлемде болса да дәрі-дәрмек (қант диабеті, бронхиалды демікпе, жүрек, психикалық ауруларда) ұсынуға дейін  құқығы бар. 

Финляндияда науқастардың 80 пайызы ең бірінші мейіргерлердің қабылдауында болады, қажет болған жағдайда ғана дәрігерге жолдама алады. Ондай жағдай 20 пайызды құрайды. Скандинавия мемлекеттерінде де денсаулық сақтау орталықтарында мейіргер көшбасшы болып саналады. Нидерланды да науқастарға дәрігердің көмегіне жүгінуін мейіргер шешеді. Өз қызметінде мейіргерлер клиникалық хаттамаларды басшылыққа алады және осы хаттамалар негізінде медикаментозды терапия режимін өзгертуге құқылы. 

Англияда мейіргерлер белгілі аурулармен ауыратын науқастарға (қант диабеті немесе бронх демікпесі) жалпы практика дәрігерлерінің қызметін көрсетеді: амбулаториялық қабылдау жүргізу, медициналық және әлеуметтік сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселелері бойынша. 

АҚШ пен Германияда ауруханалық және амбулаториялық секторлар қызметі екі бағытта ұйымдастырылған. Дәрігерлер бұл елдерде көбінесе жеке тәжірибемен шұғылданады. Мейіргерлер көптеген жағдайда алғашқы тексеруді жүргізіп, дәрігерге жолдама береді. 

Дамыған еуропалық елдерде жалпы практикалық дәрігерлер үй-жағдайында науқастарды қарамайды. Бұл арнайы дайындықтан өткен мейіргерлердің құзырындағы жұмыс болып саналады. Денсаулық сақтау саласының госпитальдық секторларында да мейіргерлер көшбасшы болуда. Мысалы, Скандинавияда анестезиолог мейіргерлер созылмалы ауруға шалдыққан науқастарды қарайды және ота жасалған науқастарға күтім жасайды. Сондай-ақ АҚШ-та да дәрігерлер қызметінің 70 пайызын мейіргерлер атқаруда. Яғни, мейіргерлер дәрігерлерге қызметтерін тиімді пайдалануға, көптеген қосалқы жұмыстарға алаңдамауға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда дәрігерлердің санын азайтуға да жол ашылады. Себебі, қай мемлекетте болмасын дәрігерлерді дайындау көп шығынды, қыруар қаржыны қажет етеді. 

Бірқатар дамыған елдерде мейіргерлер ғылыми дәрежесі бар, доктор, профессор, кәсіби өсу жолы айқындалған мамандық иесі болып саналады. Мысалы, Амстердам медициналық орталығы директорының мамандығы – мейіргер. 

Финляндияда 1990 жылдары енгізілген оқу жоспары құзыреттілікке негізделген. Ол денсаулықты сақтау саласын реформалаудың табысты кепілі болды. Бұл елде денсаулықты сақтау жүйесі асқынған аурулардың алдын алу және олармен ертерек күресуге бағытталған. Бүгінде Финляндияда халықтың өмір сүру жасы ұзарып, әйелдер – 80, ер азаматтар 78 жасқа дейін өмір сүреді. 

Литвада мейіргерлер дәрігерлермен әріптес, дербес түрде медициналық қызмет көрсете алатын мүмкіндікке ие. Бұл елде мейіргер мамандығы бірнеше деңгейде даярланады: жоғарғы, орта, кіші, әрі көп салаға бағытталған. «Қағаз бастылық» деген мәселе жоқ. Мейіргер жұмысы толығымен компьютерленген. Науқас жөніндегі мәліметтер электронды базаға жинақталған. Мейіргерлер науқасты қабылдап, құзіреттілігі аясында ем-шара  тағайындайды. Қажет болған жағдайда ғана дәрігерге жүгінеді. Аталған елдердегі озық тәжірибелерді ескере отырып қазіргі таңда мейіргер мамандығына деген көзқарасты, психологияны, сайып келгенде, жалпы менталитетті өзгертуіміз қажет.

Түркістан медицина колледжінде осы бағытта көптеген іс-әрекеттер, жаңашыл ойлар іске асуда. 5 оқу-симуляциялық орталықпен қатар соңғы үлгідегі екі жаңа оқу орталығы биыл іске қосылды. Олар – оқу-реабилитациялық пен оқу паллиативтік, хоспистік көмек көрсету оқу-орталықтары. 

Біріңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында республикамыздың аумағында паллиативті көмек дамып келеді. Халықаралық деңгейде Қазақстанда мейіргерлік істегі паллиативтік көмек көрсетіліп жатқанда, біздің Түркістан медицина колледжі де тыс қалған жоқ. Мейіргер ісі мамандығы бойынша паллиативті көмекті үй және стационар жағдайларында көрсетуге арнайы сағаттар бөлінді. Сабақ «Паллиативті және хоспистік көмек көрсету» бойынша оқу орталығында өтеді. 

Орталық 2017 жылдың 14 қазанында, Халықаралық паллиативті және хоспистік көмек көрсету күніне орай салтанатты түрде ашылған болатын. Бұл оқу орталығы Мейіргерлік күтім ауруханасының үлгісі деуге де болады. Осы орталықта оқытушылар болашақ медбикелерге паллиативті көмек түсінігін, паллиативтік көмектің қажеттілігін, паллиативтік көмектің этикалық аспектілерін, хоспис және паллиативтік ем түсініктерін, мейіргердің паллиативтік емнің сапасын көтерудегі рөлін, паллиативті пациенттердің күтім жүргізу принциптерін, ауыру сезімін бәсеңдету, пациентпен, туысқандарымен, жанұя мүшелерімен, айналасындағылармен тиімді сөйлесудің маңыздылығын, медициналық сұхбаттың құпиялық принципін сақтауды айтып түсіндіреді, көрсетеді және пациентке күтім шараларын ойылудың алдын алуын және емдеуін, төсек-орын жайлылығына қойылатын талаптарды, дене биомеханикасы және эргономиканың техникалық жабдықтарын, организмнің әртүрлі қызметі бұзылған пациенттерді күту ерекшеліктерін үйретеді.

Болашақ мейіргерлердің қызметі – оңалту, яғни инсульт алған науқастардың да өміріне араша бола білу. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын әлемде 10 миллионнан астам адам инсульт және инфаркт салдарынан өмірден өтеді. Инсульттан көз жүматындар жүрек ақаулары және онкологиялық аурулардан кейінгі 3 орында. Дүниежүзінде соңғы жылдары бұл дертке шалдығатындар саны күрт көбейіп кетті.

Қазақстанда ми қанайналымының бұзылуы 1000 адамға шаққанда 2,5 - 4 науқасты құрайды. Ал, бұл әлемдегі ең үлкен көрсеткіштер қатарына жатады.

Инсульт алған науқастарға медициналық көмек көрсету – неврологиядағы маңызды мәселе болып табылады. Инсульттен кейін науқастар ұзақ уақыт мүгедектікке ұшырауына байланысты экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан да шығынға алып келеді. Инсульттан кейінгі науқастарды оңалту қазіргі таңда неврологиядағы ғылыми-тәжірибенің негізгі бағыты болып табылады.

Бұл бағыттың іске асуы 80 пайыз медбикелер қызметіне тәуелді. Осы орайда колледжімізде соңғы жылы оқу-реабилитациялық (оңалту) орталығы ашылған болатын. Аумағы 90 шаршы метрді құрайтын орталық мүгедек адамдардың әлеуметтік-мәдени және психикалық өмірге көз қарастарын түбегейлі өзгертуге бағытталған. Орталықта сенсорлық кабинет, жұмсақ бөлме, тренажерлар бөлмесі, кинезотерапия, массаж, зоотерапия, изотерапия, арттерапия, еңбектік терапия бөлімшелері бар. 

Дерті тәнімен қоса жанын меңдеп, ертеңінен үміті бұлыңғыр тартқан шақта, қасынан мамандандырылған жанашыр жандардың – мейіргерлердің табылғаны пациенттің ауруын жеңілдетпесе де жанына медет болары аян. Жалпы алғанда, мейіргерлік іс – денсаулық сақтау жүйесінің құрамдас бөлігі, ол денсаулықты күшейту қызметін, аурудың алдын алуды, физикалық және психикалық ауруы бар, тіпті еңбекке жарамсыз барлық топтағы науқастарға психосоциалдық көмек беруді қамтиды. 

Қазіргі таңда Қазақстанда қарқынды түрде өтіп жатқан мейіргер ісін реформалау, халықаралық талаптарға сай жаңа формациядағы мейіргер ісі мамандарын даярлау – бұл еліміздегі денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыруға бағытталған жүйе деп есептейміз. Себебі 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған мейіргер ісін дамытудың кешенді жоспары үлкен өзгерістерге жол ашады. Бұл жоспар іске асқан жағдайда республикамыздағы денсаулық сақтау жүйесінде мейіргер ісі мамандарының рөлі артып жаңа құзыреттер енеді, медициналық колледждер институционалды дамиды. Мейіргер ісі саласын нығайтуға ғылыми негіздеме жасалады. Күндізгі стационар, хоспистер, үйде күтім жасау, кеңес беру – диагностикалық қызметтер сияқты ауруханадан тыс көрсетілетін көмектің жаңа түрлерінде мейіргерлерді қалыптастыру аясы кеңейеді.

Ғалымжан Бимұрзаев, 

Түркістан медицина колледжінің директоры, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі

Әлемнің үздік травматологтары Шымкентте
Сәбиді аз емізу қатерлі ісікке соқтырады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу