Пластикалық ота. Зияны қандай?

Oinet.kz 14-12-2019 2664

Әлемде пластикалық хирургияға деген сұраныс күн санап артып барады.  Әсіресе Оңтүстік Кореядағы медициналық туризмнің осы бағыты мейлінше дамыған. Сырттан келушілерді былай қойғанда, кореялықтардың өзі де «жасарту операцияларын», бет-әлпетті өзгерту оталары жасатуға әбден әуес болып алған. Осыны пайдаланып жеңіл ақша жасағысы келетіндер де  пайда болды. Кореядағы пластикалық хирургияға орасан зор сұраныспайда болғандықтан, соңғы жылдарда осы саланы  делдалдар қаптады.  Табиғатынан берілген келбетін ұнатпай, мәселени хирургиялық үстелде шешуді жөн көрген әйелдердің саны  әлемде де күн санап артып барады. Бірақ, Кореяның өзінде бұл ерекше құбылысқа айналды. 

Screenshot_26.jpg

Сұраныс барда ұсыныс та көбейеді емес пе? Қазір Сеул көшелерінде скальпель арқылы дене бітімінің кез-келген кемшілігін түзетіп беруге шақыратын жарнамалар қаптаған. Әсіресе кілең байлар тұратын Каннамгу ауданындағы әр көше түгілі әр ғимарат ең жақын жердегі косметологиялық хирургия кабинетінің мекен-жайын жарнамалайды. Метрода, қоғамдық көлікте, көшеде, сауда орталықтарында «жүзіңізге жаңа өмір сыйлаңыз», «омырау коррекциясы», «бетті контурлау», «блефаропластика» (қабақтың пішінін өзгерту) мен «абдоминопластика» (сымбатты фигура) секілді қызмет түрлері тықпаланады. Тек әйелдер емес, ер азаматтардың арасында да пластикалық хирургияға жүгіну белең алып барады.  Әсіресе «төртбұрышты жақтарды» кішірейту оталары кеңінен таралған. 

Әйткенмен, пластикалық хирургияны екінің бірі жасай бастауы түбі теріс нәтижелерге әкеп соғатыны белгілі еді. Көп ұзамай, етек алған платикалық хирургияның құрбандары да шыға бастады.  Мәселен, бір пациент жаңбыр жауған сайын иегі ауыратынын байқапты. Ал осыдан біраз бұрын ол мұрнының пішінін өзгерту ниетімен пластикалық хирургтың көмегіне жүгініпті. Хирург болса мұрын мәселе – иектің қисықтығынан деп сендіріп, операция жасатуға көндірген. Нәтижесінде пациенттің иегі шынында да тартымды болып шыққанымен, екінші жағынан алғанда жиі ауыра бастаған. Сөйте тұра, хирургтен зардап шеккен әйел әлі де пластикалық операцияларды жалғастыруды жоспарлап отыр екен. 

Қазір Оңтүстік Кореяда ата-аналар өздерінің жасөспірім қыздарының «көздің қосарлы хирургиясы» деп аталатын операцияларын жүргізу үшін ақша беруді әдет айналдырыпты. Оның нәтижесінде көз үлкейіңкіреп, айқындау көрінеді. Былайша айтқанда, азиаттық үлгіден еуропалық келбетке жақындай түседі. Бұған медициналық орталықтардың «Көркіңізге деген сенімділік сізге  бақыт сыйлайды» деген сыңайдағы жарнамалары да үлес қосады. 

Скальпель ұстаған қасапшы

Әйткенмен, жасанды сұлулықтың жарнамасы талай жанды жарға жықты.  Мұның себебі неде? Оңтүстік Кореялық жастардың арасында сән қуу, түрлі поп-жұлдыздар мен танымал актерларға ұқсауға тырысу қатты белең алған феноменге айналды. Кореялық қыздардың арасында сахна жұлдызы атануға деген әуестік қатты асқынған. Осыны пайдаланған хирургтар қызметтері үшін жоғары баға алуға көшті. Оңай олжаның барын көрген медицинаның өзге салаларында жұмыс істейтін дәрігерлердің де араны ашылды.  Бұған дейін асқазан, ішек немесе өкпеге операция жасап келгендер енді пластикалық операция жасауға көшті. Бұл - өздері дұрыстап түсінбейтін мүлдем басқа сала екенінде олардың шаруасы болмады. 

Жұрттың сыртқы түрін өзгертуге деген жаппай ұмтылысы көптеген сот істеріне ұласты. Пластикалық хирургиядағы сот процестерінің жалғыз-ақ себебі – операцияның  пациент күткендей аяқталмауында. Ол ол ма, қолынан іс келмейтін хирургтың әрекетінен адамның бет-жүзі мүлдем ұсқынсыз, тіпті адамға қорқынышты болып шығатыны бар. Операциядан кейін айнаға қараған кейбір пациенттер «бұл  адамның емес, құбыжықтың жүзі ғой» деп те шошыған жағдайлар да болған. 

Сеулдағы сот процестерінің бірінде тіпті мынадай да оқиға қаралды. Дәрігер пациентке наркоз берген соң операциялық бөлмеден шығып кеткен. Оның орнына пышақты белгісіз біреу алған екен. Сот барысында ол кәдімгі қасапшы екені анықталды. Мұндай «хирургтың» жұмысы немен тынғанын елестете беріңіз. 

Пластикалық хирургия индустриясын жарнамалаудағы ең ұтымды тәсіл -  фотошопты кеңінен қолдану. Жұлдыздарға ұқсағысы келетіндердің есін кетіретін де осы фотошоп. Жарнамалық суреттерден жымиып тұрған тартымды әйелдердің келбеттері көбіне мықты хирургтың емес, шебер фотограф пен фотошоп маманының нәтижесі екенін жұртшылық ескере бермейді. 

Бұл саладағы жағдай тым асқынып кеткендіктен Кореяның пластикалық хирургтер қауымдастығы   дәрігерлер мен жарнама агенттіктерінің қызметін реттейтін қатал ережелерді қабылдауға әрекет жасады. Мұндай жайттар кореялық пластикалық хирургияның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін екені ескертілді. Қауымдастық осыны айтып шырылдағанымен, миллиондаған доллар айналымы бар саланы оңайлықпен беретін түрі жоқ. АҚШ пен Еуропадағы операциялардан анағұрлым арзан болған күннің өзінде, қарапайым 30 минуттық «көзді реттеу» операциясы үшін 1,7 миллион кореялық вон (1500 доллар) сұралса, бетті хирургиялық әдіспен тартудың бағасы 11000 долларға жуықтайды.

Кореядағы тұтынушылар сұранысын зерттеу жөніндегі агенттік жуырда пластикалық хирургтердің 1000 пациенті арасында сауалнама жүргізді. Нәтижесінде келесі жайттар анықталды: 

- Пациенттердің 70 пайызы пластикалық операцияны сыртқы келбетін жақсарту үшін жасағанын растады. Солардың 14,5 пайызы операцияның нәтижесіне көңілі толып, осының арқасында қызметінде жоғарылай алды деп есептейді. 

- операциялардың ең көп таралған түрі - «көздің қосарланған хирургиясы». Оған респонденттердің 67 пайызы жүгінген. 

- сұралғандардың үштен бір бөлігі операцияның нәтижелеріне көңілі толмайтынын жеткізді. 

Кореяның косметологиялық хирургиясы қызметтеріне соңғы жылдарда әсіресе қытайлықтар көбірек жүгіне бастады. Сырттан келіп, пластикалық ота жасайтын шетелдіктердің 60 пайызын аспан асты елінің азаматтары құрайды екен.  Кейбір операциялардың сәттілігі сондай, шекарашылар пациентті Қытайға кері өткізуден бас тартатын, себебі ол адамның түрі төлқұжаттағы суретке мүлдем ұқсамайтын. 

Эстетикалық хирургия нарығы өсу үстінде
Хирург және ұйқы дефициті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу