«Жүріп кеткім келеді...»

Oinet.kz 10-02-2018 803

Screenshot_14.jpg

Қазақтың аймаңдай ақын ұлдарының бірі, жиырма бес жасының айналасында жазым болып, арбаға таңылған аяулы қаламгер Нұртас Исабаевтың:

Тұрып кеткім келеді, тұра алмаймын, 

Жүріп кеткім келеді, жүре алмаймын, 

Қасқайып тұрып-тұрып қапастағы, 

Жай түсіп құлап қалған шынардаймын, – 

деп келетін өлең жолдары бар еді. 

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз арбаға таңылған осындай жандарға арнап құрылғы жасап жатқан компанияның белді қызметкері. 

Қазақстанда мүгедектер арбасына таңылған 100 мыңға жуық адам бар екен. Олардың әрқайсысының да көкіректерінде «жүріп кеткім келеді!» деген арманның бары белгілі. Міне, осындай жандардың жүректеріне үміт отын жағып, «жүріп кетемін» деген тілегін орындау үшін осындай экзоскелеттер жасау ісі жолға қойыла бастаған екен. 

Тағдырдың тәлкегімен түрлі жағдайға ұшырап, мүгедектер арбасына таңылған талай жанға «Viptop ехо» компаниясы арнайы құрылғы жасау ісін бастап та кеткен. Компанияның білікті қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандардың өздігінен жүріп-тұруына, қимыл-қозғалыс жасауына мүмкіндік беретін экзоскелеттердің алдыңғы легін жасап шығарып, мүгедектерге кигізіп үлгерген.

Бұл құрылғы қалай жұмыс істейді? Экзоскелетті киіп, батырманы басса болғаны, сал болып туған немесе басқа оқыс оқиғалардан кейін жер басып, жүре алмай қалған жандардың аяғы икемге келіп, қадам жасай алады. 

Бұдан арғы әңгімені компания қызметкері Нұрлан Үркімбайдың өзінің аузынан естіген дұрыс болар...

– Экзоскелет жасау идеясы қайдан туды?

–  Ең әуелі, экзоскелет дегеніміз не, соны түсіндіріп алайын. «Экзо» – грек тілінде сыртқы, «скелет» – қаңқа деген мағынаны білдіреді. Яғни, бұл құрылғыны адам сыртынан киіп алып, арнайы балдақты пульт ретінде қолданады. Аяқтың көтерілу градусын, жылдамдығын да пульт арқылы басқарып отырады. Құрылғының батареясы 2 сағат бойы жүргенге жетеді. Қозғалмай бір орында тұрсаңыз, батарея қуаты жоғалмайды. 

Енді идея туралы. Мүгедек жандарға көмектессек деген ой әрбір азаматтың басында бар деп ойлаймын. Ал бұл идеяның авторы «Viptop ехо» компаниясының негізін салушы – Әбдіразақ Жанбосынов. Ол – жеке кәсіпкер. Құрылыс саласының қыр-сырын жетік меңгерген кәсіби маман. Әбдіразақ Жанбосынов екі балдағы бар бейтаныс қыздың автобустан қиналып түсіп келе жатқанын көріп, қиындықпен дәл осылай бетпе-бет күресіп жүрген адамдарға көмектескісі келеді. Жас ғалымдар мен өнертапқыштардың басын қосып, топ жасақтайды. Түрлі жобаларды талқыға салып, бес-алты жобаның ішінен экзоскелет идеясы қатты ұнап, жасап көруге бекиді. Осылайша, экзоскелет жасау идеясына бір топ болып кірісіп кеткен едік... 

Қоғамда мүгедек жандарға аяушылық сезіммен қарау мінезі басым. Біздің мақсат – арбаға танылған адамды аяққа тұрғызып қана қоймай, оның қоғамдағы орнын айшықтауға психологиялық тұрғыда көмек беру. Өзін басқалардан оқшау сезініп өскен, жүрмеген адамдардың аяғын жерге тигізіп, алғаш қадам жасағандағы қуанышын көру, сезіну – ерекше бақыт. Біздің мақсатымыз – адамдарды тұрғызу, жүргізу. Біз сол мақсатымызға қол жеткізіп келеміз.

– Экзоскелетті негізінен аяғынан жүре алмай қалған адамдарға арнап жасайсыздар ма? Әлде қолы да икемге келмейтін мүгедектерге арналған түрлері де бар ма? 

– Қолы қимылдамай қалған адамдарға да жасауға болады. Алайда қолы істемей қалған адамды қимылдату қиындау екенін ескерген жөн. 

– Бүгінгі таңда қанша адамға экзоскелет жасадыңыздар?

– Бүгінгі күнге дейін үш экзоскелет құрастырдық. Оның біріншісі ауыр зат көтеруге арналған. Белгілі бір себептермен соңына дейін аяқталмай тұр. Болашақта ол құрылғыны толық аяқтап біткен соң, көпшілік талқысына салармыз деген жоспарымыз бар. Ал екінші экзоскелетті 11 жасар Ақмарал деген қызға сыйға тарттық. Үшіншісі де бітуге таяу, бойы 160-190 см болатын адамдарға арналған. Оны тапсырыс бойынша, құрылыста жүріп, жарақат алып, жүре алмай қалған азаматқа арнап жасадық. 

– Демек, бұл құрылғы арнайы тапсырыспен жасалатын болып тұр ғой?

– Әу баста жаппай жасаймыз деп ойлағанбыз. Жалпы, экзоскелетті құрастыру қиын емес, бағдарламасын жазу қиын. Әр адамның мүмкіндігі әртүрлі. Алайда, жүре алмайтын адамның бәрі бір типті емес екенін өзіңіз білесіз. Біреуінің бір аяғы қимылдамайды, келесі бір жанның екі аяғы да қимылсыз дегендей, әртүрлі мәселелер бар. Ал тағы біреудің екі аяғы болғанымен, әлсіз, өздігінен жүре алмайды. Сондықтан әр адамға жеке бағдарлама жазылады. Оған біраз уақыт кетеді. Сондықтан, экзоскелетті әр адамның жеке қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне орай жасаған дұрыс екен.  

– Бір экзоскелетті жасау үшін қанша уақыт, қаражат кетеді?

– Бағаны болашақта айтқанымыз дұрыс шығар. АҚШ-та бұл құрылғы 110 мың доллар, Ресейде 42 мың доллар, ал бізде 10-12 мың доллар шамасында болар деп болжап отырмыз. Мұның өзі қатып қалған баға емес. Жан-жақтан қолдау білдірсе, демеуші болар азаматтар табылса, бұл баға әлдеқайда арзандар еді. 

– Бұл экзоскелет шамамен қанша уақытқа дейін жарамды?

– Оны да әр адамның жүру, қимылдай алу мүмкіндігіне қарай болжамдай аламыз. Себебі әр құрылғыда әр адамның өзіне арналған бағдарламасы жазылады. Ал, әр құрылғыға екі жылға дейін кепілдік береміз. 

– Бір экзоскелеттің салмағы қанша? Оны адам алып жүре алуы үшін қандай да бір жаттығулар жасауы, шынығуы керек пе?

– Орта есеппен 12-17 кг тартады. Экзоскелетті көтеріп жүрмейді, ол арнайы құрылғы арқылы басқарылады. Әр экзоскелетті жасаған сайын өзгерістер енгізіп, жетілдіріп жатырмыз. Компания қызметкерлері құрылғының барынша ыңғайлы болуы үшін жетілдіріп, мүгедек жандармен пікірлесіп жұмыс істеуде. Тағы да қайталап айтамын, экзоскелет өте ыңғайлы. Арнайы құрылғы арқылы басқарылатын болғандықтан, арнайы жаттығу керек емес. 

– «Қарекет» бағдарламасында жас балалардың экзоскелетте жүріп кетуінде қиындық бар екенін айтып қалдыңыз. Ол қандай қиындық? 

– Көп нәрсе адамның сеніміне тікелей байланысты. Бала жүруі керек екенін түсінсе, тырысып, жүреді. Ересек адамдарға «жүруіңіз керек» дегенді айта аламыз. Балаға бұл жағдайда басқаша түсіндіру жұмыстарын жасау керек екен. Қиындық осы жерден келіп шығады.  

– Экзоскелет арнайы құрылғы арқылы басқарылса, денсаулыққа зияны болмағанымен, көмегі де болмай тұрғандай сияқты ма, сондай күдік бар ма?

– Экзоскелеттің денсаулыққа пайдасы орасан. Біріншіден, адамның кардиореспираторлық жүйесін жақсартады, қан қысымы қалпына келеді. Екіншіден, өкпедегі вентиляция жақсарып, бұлшықет пен сүйек тіні жұмыс істей бастайды. Үшіншіден, ағзадағы май тіні азайып, ас қорыту, несеп шығару жүйелерінің қызметі дұрысталады. Экзоскелеттің адам денсаулығына тағы бір пайдасы – қан айналым жүйесін жақсартады. Алып жатқан емі де қонады. Бұл туралы экзоскелетіміздің жұмысын бақылап көрген білікті дәрігерлер де айтып жүр. Тіпті, ұсыныс тастап, мүлдем ессіз жатқан жандарға қолданатын экзоскелет жасауымызды сұрап жатқандар да баршылық.

– Құрылғыға қажет заттарды қайдан алдыртасыздар?

– Экзоскелетке қажетті қозғалтатын редукторды ғана Жапониядан алдырып отырмыз. Ал қалған темір-терсектің бәрі Қазақстаннан шығады. Бір ғана аппаратымыз бар. Басқа жұмыстардың барлығын қолмен кесіп жасап жатырмыз. Егер инвестор табылса, темір кесетін, тағы басқа құрал-жабдықтарды сатып алатын едік. Қазір жобаны кеңейтіп, айына 10-20 экзоскелет құрастыру үшін инвестор іздеп жатырмыз.  Ол үшін 70 миллион теңге қажет.

Дүниежүзінде экзоскелеттер кең қолданысқа ие. Алайда олардың құрылымы басқа әрі бағасы өте қымбат. Компания отандық робототехниканың дамуына өзіндік үлесін қосуды, халыққа қолжетімді құрылғы жасауды басты назарға алып отыр.

Экзоскелетті алдағы уақытта өнеркәсіп, құрылыс, әскери салаларға да арнап шығару жобалары ойда жүр. Мысалы, таулы аймақтарға немесе бой көтеріп жатқан ғимараттарға үлкен техника кіре алмаса, экзоскелет арқылы ауыр зат жеткізіп, оларды ары-бері тасып, орнынан жылжытуға болады. Мұның барлығы болашақтың еншісіндегі шаруа. Әрі барлығы да инвесторларға тікелей байланысты.

Бізге көмек қолын созғысы келетін кәсіпкерлердің де баршылық екенін айта кеткіміз келеді. Алайда, айына отызшақты экзоскелет құрастырып шығара алу үшін құрылғы, бағдарламалау, тағы басқа қажеттіліктерге де көп шығын кететіні қолбайлау болып отырған жағдайы бар. 

– Әңгімеңізге көп рахмет! 

«Ақылды ойыншық» баланың ой-өрісін дамыта ма әлде...
Сахарный диабет и туберкулез
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу