Вакцина адам иммунитетін арттырады

Oinet.kz 13-04-2018 657

vaccines-750x421.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде 1231 балаға ата-анасы вакцина салдырудан бас тартқан. Бұл көрсеткіш өткен жылы 1280-ді құраған. Түрлі аурулардың алдын алуға көмектесетін екпені қажетсінбей отырғандардың 64 пайызы жат ағымды ұстанушылар екен. Бұл туралы Шымкентте өткен «Сау бала – бақытты ана» көшпелі семинарында  ОҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Жұмағұл Медетов мәлімдеді. 

Қазақстанда  тұрғындарға жалпы вакцинаның 21 түрі егіледі. Осындай екпелерді салудың нәтижесінде қызылша, тұмау, гепатит В, желшешек, менингококк, сіреспе секілді аурулардың тарауы анағұрлым азайған. Инфекциялармен күрес ретінде екпенің пайдасын бүгінде бүкіл әлем мойындап отыр. Дегенмен елімізде екпеге әлі де сенімсіздікпен қарайтындар көп. Өкінішке қарай вакцина салдырудан бас тартушылардың саны жылдан жылға артып келеді дейді Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бас эксперті Нұршай Әзімбаева. 

– Республика бойынша 2016 жылы екпе салдыртпағандар 10 мыңнан аспаған болса, былтыр бұл көрсеткіш 25 пайызға артты. Зерттеулер көрсеткендей қарсылық танытқандардың 37 пайызы дәстүрлі емес діни ағымдағы жандар. Ата-аналарды вакцинадан бас тартызып отырған жағдай бұл ғана емес. Қазір адамдардың барлығы әлеуметтік желіде отырады. Ғаламторда екпені жағымсыз қырынан танытатын ақпараттар жетерлік. Қолданушылар оның дұрыс-бұрыстығына көз жеткізбестен иланып, вакцина салдырудан ат-тондарын ала қашады. Үгітшілердің айтуынша, екпеден кейін сәби сал немесе аутизм ауруына шалдығуы әбден мүмкін. Тіпті, мысал да келтіреді. Дәрігерлер мұның бәрі жай қауесет, нақты екпеден әлі ешқандай бала ауруға шалдықпағанын қанша айтса да, дәріден бас тартқан ата-аналардың саны жыл сайын артып келеді. Яғни, қарапайым тұрғындар мамандарға емес, желідегі бейтаныс адамдарға көбірек сенеді. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін, тұрғындарға екпенің тиімді әрі пайдалы екенін ұғындыру мақсатында көпшілікке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз,  – дейді Нұршай Юсунтайқызы.

Мамандардың айтуынша, екпеге салғырт қарайтын ата-аналарға интернеттен бөлек 2-3 баласы бар тәжірибелі ата-аналар да кері әсерін тигізеді екен. Олар «балаларымыздың ешқайсысы екпе алған емес. Онсыз да ауырып жүрген жоқпыз. Демек, екпе ектірудің қажеті жоқ» дейді екен. Вакцина егілмеген бала ертең ауырады деген сөз емес. Бірақ жылдар өте келе сырттан келген инфекцияға дәл осы екпеден өтпеген адамдар төтеп бере алмайды. Осылайша елде эпидемия жайылып кетуі мүмкін. Мәселен, Еуропа елдерінде – Италияда, Германияда және Болгарияда жергілікті халық екпеден бізден әлдеқайда бұрын бас тарта бастаған екен. Бірақ, екпе қабылдамаған балалар саны артқат тұста қызылша ауруы қайта өршіп, адамнан адамға тез жұға бастаған. Кейін амал жоқ, халық өз еркімен дәрігерлердің көмегіне қайта жүгініпті. Мұндай жағдай Қазақстанда да қайталанды. 2014-15 жылдары  сырттан келген қызылша дерті еліміздің бірнеше өңірінде өршіп кетті. Мамандар мұны адамдардың екпені уақытында салдыртпағандығымен байланыстырып отыр.  Өкінішке қарай, ішінара болса да ересектер арасында екпеден бас тартушылар кездеседі. Мұның ақыры жақсылыққа әкеле бермейді дейді мамандар. 

– Қайбір жылы 20 жастағы жап-жас жігітті ит тістеп алып, құтыру дертіне шалдықты. Дәрігерлер дер кезінде ауруды ауыздықтау үшін құтырмаға қарсы екпені салып жатқан кезде науқас үзілді-кесілді бас тартқан. Ақ халаттылар адамдарды мәжбүрлеп, еркінен тыс әрекет ете алмайды. Көп ұзамай әлгі жігіт көз жұмды. Науқасты құтқаруға уақыт пен мүмкіндік болды. Бірақ оның екпеге деген теріс көзқарасының ақыры қайғылы жағдайға әкелді. Бұл бір ғана мысал. Қоғам ішінде туылғаннан бері бірде-бір екпе алмаған балалардың қызылша секілді ауруды жұқтырып, шетінеп кетіп жатқандар бар. Бізге әр адамның денсаулығы, өмірі қымбат. Ал екпе әр адамның денсаулығын қорғайды, – дейді бас эксперт. 

Қазіргі таңда балалар әртүрлі 14 аурудан қорғайтын вакциналарды алады. Кейбір вакциналар бір мезетте бірнеше дозасын салуды талап ететіндіктен, балалар 2 жасына қарай 26 екпені, кей кезде бір мезетте бес екпеге дейін алады. Осыны сылтауратып, дәрі-дәрмектен қауіптенетін кейбір ата-аналар вакцинадан бас тартады. Екпелердің санының көп болуы баланың иммунитет жүйесіне қатерлі әсер етуі мүмкін деп ойлайды. Бірақ мамандар екпелердің көптігі қатерлі еместігін, сәбидің иммундық жүйесін тежемейтінін алға тартуда. Вакцина егуді кейінге қалдыру балалардың белгілі бір, әлі де жиі кездесетін ауруларға бейім болуының уақытын көбейтеді. Желшешек, көкжөтел, тұмау мен пневмококк инфекциясы әлі де жыл сайын сау балалардың аурухана төсегіне таңылуына және өліміне алып келеді. Бұрын желшешекке қарсы екпе пайда болғанға дейін жыл сайын осы аурудан шамамен 70 бала көз жұмған екен. 

Иммунолог, №8 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері Сара Оспанова Қазақстанда егілетін екпелердің сапасына күмән келтірудің қажеті жоқ дейді. 

– Еліміздің аумағына сырттан әкелінетін екпенің барлығы да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатына ие. Сондай-ақ, олар біздің елге келісімен республикалық иммунобиологиялық зертханада тексеруден өтеді, сапасы мен қауіпсіздігі тексеріледі. Олар  әлемдегі ең ірі және сенімді өндірушілерден сатып алынады. Атап айтқанда, біз екпеге қажет дәрілерді Еуропаның, Жапония мен АҚШ-тың компанияларынан сатып аламыз. Вакциналардың барлығы тығыз жабылған, бір реттік қолдануға арналған ыдыстарға құйылған және пацинеттерге арнайы шприц арқылы егіледі, – дейді ол. 

Иммундауға қарсылық танытатындар – деструктивті ағымның жетегінде кеткендер. Ел ішінде мұндай азаматтармен медицина мамандары мен қатар дін өкілдері де түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 

– Вакцинаны харам деп есептейтіндер көбінесе салафизмді ұстанушылар. Жалпы ислам діні екпеге қарсы емес. Әрине пайғамбарымыздың дәуірінде екпе болмаған. Алайда соған ұқсас нәрселер болған. Екпенің харам емес екендігіне бір ғана мысал келтірейін. Күллі мұсылман Меккеге қажылыққа барған кезде оларға менингитке қарсы екпе салады. Сондай-ақ христиан дініндегі миссионерлер де насихат жұмысы кезінде әлем араламас бұрын түрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакцинаны ектіріп алады, – дейді облыстық дін істері басқармасының маманы Дәурен Баққараев.  

Әлемде соңғы 30-40 жылда жүргізілген зерттеулер нәтижесінде вакцинация салдарынан инфекциялық аурулар азайған. Мәселен, ілгеріректе адамзаттың сырқаттануы жылына 20 миллионға жетсе, бүгінде бір жылда 100 мың науқас тіркеліпті.  Сондықтан дәрігерлер бала өміріне немқұрайлы қарамай өз денсаулықтарына да жауапкершілікпен қараса дейді. 

Туберкулезный плеврит
Жүкті әйелдерге вакцина егіле ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу