Қан қысымы төмендемеу үшін не істеу керек?

Oinet.kz 16-05-2018 838

Қан қысымы төмен жандардың кешкен күйін оңай деуге болмайды. Олардың кейбірі (көпшілігі әйелдер) қит етсе болды естен тануға бейім. найзағай ойнап, дауыл тұрып, аптап ыстық болса немесе ауа қысымы өзгерсе де мұндай әлсіз адамдардың жағдайлары ауырлай түседі. Тіпті олар басын жастықтан көтере алмауы да мүмкін. 

Көптеген гипотониктер қан қысымы жоғары адамдармен салыстырғанда, инфаркт пен инсультқа ұшыраудан дін аман боларын сенеді. Ол шындыққа жанасады. Артериялық қысымның көтерілуі бұл  қауіпті арттырады. Бірақ  40 жастан асқан соң гипотониктер көбіне гипертоникке айналып жатады. Дәл осы себепті белгілі бір жастан кейін қан қысымын бақылауда ұстау қажет.

24381059.jpg

Бұл адамдар тыныштық күйінің өзінде ауа жетіспеушілігін сезінеді. Ал денеге түскен ауырлықтан кейін демігіп жататыны тағы бар. Көпшілігінің кешқұрым уақытта аяғы ісінеді. Аталған дерт есте сақтау қабілетінің нашарлауы, енжарлыққа алып келуі мүмкін. Кейде жыныстық құмарлықтың төмендеуіне де сеп болады. Гипотонияның салдарынан әйелдерде етеккір бұзылса, ер адамдардың еркектік қауқары төмендейді. Мұндай жағдайда өмір сүрудің өзі оңайға соқпайды. Ал тек дәрі-дәрмектің көмегіне сенім арту тиімді емес. Оның орнына өмір сүру салтын өзгерткеніңіз дұрыс емес пе? Шындығында, ол әлдеқайда тиімді. Ендеше зиянды әрекеттерден арылып, төмендегі ережені бұзбағаныңыз абзал. Сонымен...

Шылым мен ішімдіктен бас тарту. Ішімдіктің өзге де зияны баршылық. Ол қан тамырларын кеңейткенімен, артынша оларды бұрынғыдан бетер тарылтады. Бұл өз кезегінде қан қысымын одан сайын төмендетеді. Ал никотиннің қан тамырларға тигізер зиянын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Қапырықта қалмауға тырысу. Таза ауада серуендеп, бөлменің ауасын тазартып, ұйықтағанда терезені ашық қалдру қажет. Суықтан дүкенге, метроға кірген кезде алдын-ала сырт киіміңіздің алдын ашып, бас киіміңіздің шешкеніңіз дұрыс.

Қан тамырларын қысатын тар киімдер кимеңіз. Әсіресе кеудеңізге киетін киімдердің тар болмағаны абзал. Сондықтан водолазка, свитерлерді ұмытқаныңыз жөн.

Тәулігіне 7-8 сағаттан аз ұйықтамаңыз. Гипотониктер үшін ұйқы – ең жақсы дәрі. Ұйқысы қанбаған кезде олар ашуланшақ, ызақор, енжар ғана болып қоймай, естен тануға да бейім келеді. Төсектен тұрған уақытта біртіндеп, асықпай көтерілгеніңіз дұрыс. Алдымен жатқан қалпыңызда керіліп, мұнан кейін отырып, осыдан соң ғана тұру керек. Ал таңертеңгілік жаттығуды төсекте жатып-ақ жасауға болады.

Аз-аздан жиі тамақтаныңыз. Шамадан тыс тамақтану гипотония дертін қоздырады. Себебі қанның барлығы ішке қарай ағады да, бастың қан тамырларына қорек жетіспей қалады. Сондықтан күніне 5-6 рет аз-аздан ауқаттаныңыз. Ол сымбатыңыз үшін тиімді, ал денсаулығыңызға пайдалы болмақ.

Қан тамырларын нығайту. Ол үшін суық су құйынып, контрасты душ қабылдағаныңыз жөн. Бұл әрекеттерді күніне екі рет жасасаңыз, пайдасы да орасан болмақ. Суық және ыстық суды кезектестіріп жуыну денсаулықты шынықтырып, қан тамырларын дағдыландырады. Әуелі сүртінуден бастауға болады. Сонымен қатар тұрақты түрде моншаға не саунаға барудың да пайдасы зор.

Тұрақты түрде спортпен шұғылданыңыз. Гиподинамия – гипотония қатері факторы. Бұл ретте суда жүзу, жүгіру, би билеу және фитнес тиімді. Тіпті, жаяу жүруге де болады. Оған қоса ұзақ уақыт бір қалыпта тұрмауға тырысыңыз.

Күйзеліс, қобалжудан сақтаныңыз. Органикалық себептерге қаьысы жоқ созылмалы гипотония орталық жүйке жүйесі қызметінің бұзылуына байланысты пайда болады. Сондықтан психологиялық қысымнан аулақ болып, жүйке жүйеңізді нығайтудың маңызы зор.

Таңғы астан бас тартпаңыз. Қан қысымы төмен адамдарға таңертең тамақтану өте пайдалы. Гипотониктерге шәй немесе күшті кофе, тұздалған балық, сары май жағылып, ірімшігі бар қорекпен тамақтануға дәрігерлердің өздері де кеңес береді. Бірақ кофеиннің көп мөлшерінің зияны жоқ емес. Бір шыны эспрессо – пайдалы, ал 3 шынысы артық болмақ. Сондықтан калориясы көп тағамды да белгілі бір мөлшерде ғана жеген абзал.

Дина МИНБАЕВА,

№3 Шымкент қалалық емханасының жалпы тәжірбиелі дәрігері

Вот почему нельзя чистить уши ватными палочками
О медицинской пользе уразы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу