Айға көп қарау сомнамбулизмге шалдықтырады

Oinet.kz 20-01-2020 2116

Түнгі аспанды жарық айсыз елестету мүмкін емес. Жердің айнымас серігінің сұлулығына тамсанып қарай беруге болады. Жаратқанның осынау бір жаратылысы жайлы аңыз әңгіме көп. Ғалымдар айдың тартылыс күші болады дейді және ол адамзат баласына көп жағдайда кері әсерін тигізеді екен. Ата-әжелеріміз баяғыда «айға көп қарай берме, түнде жалғыз жүргенде айға ұзақ қарама» деуші еді. Себебі сұрасаң «болмайдыдан» артық ешнәрсе түсіндірмейтін. Ғалымдар мен қариялардың тұжырымдамасы қаншалықты рас? Жерден миллиондаған қашықтықта тұрған айдың адам өміріне, денсаулығына зияны бар ма? Ендеше, ай туралы миф пен ақиқаттың аражігін ажыратып көрелік. 

Screenshot_54.jpg

Ай сәулесі адам денсаулығына зиян ба?  

Жаңа ай бұл айдың туып келе жатқан мезгілі. Айдың орағы бірінші кезекте адамның организміне кері әсерін тигізеді екен. Бұл фазада (аспан әлеміндегі ғаламшарлардың белгілі мерзім араларында өзгеруі) адам тез  ашуланып, қызуқанды болып және дел-сал күйге түсетін көрінеді. Ал жүрек-қан тамыры ауруымен есепте тұратын жандар ай жаңадан туылған кезде жүрек тұсы жиірек ауырады. Астрологтар бұл кезеңде айға көп қарамауға және түнгі ашық аспан астында көп отырмауға кеңес береді.

Айдың толықсып келе жатқан уақыты екі аяқты пендеге керісінше пайдалы екен. Ай дөңгелене бастаған кезде энергия жинайды. Қуатқа толы ай сәулесі адамға да жағымды энергетика сыйлайды. Нәтижесінде белсенділігі артып, көңіл-күйі көтеріледі. Бірақ, зерттеушілер айдың толған кезі адамға ең зиянды мерзім дейді. Себебі ай кемеріне толған кезде ауыр энергетиканы жинап алады екен. Толған айдың нұрына «шомылған» адам өзін жайсыз сезінеді. Ішкі күйзеліс күшейіп, жоқ жерден ұрыс шығаруға дайын тұрады.  

Ғалымдар ай сәулесінің ішкі организмге ғана емес сыртқы денеге де зиян екенін дәлелдеп отыр. «Түнгі шырақ» астында ұзақ отырған адамның терісі тез қартаяды екен. Әжімденуден басқа теріге безеу, бөртпелер пайда болады. Яғни, ай сұлулығымды тартып алмасын десеңіз, аспанға көп қарай бермеңіз. 

Айдың тартылыс күші айкезбелікке себеп пе? 

Бәрінен бұрын айға көп қарау адамның психикасына қатты әсер етеді екен. Дәрігерлер ай нұрына құмарлардың көбі «сомнамбулизмге» шалдығады дейді. Халық арасында оларды «айкезбе» дейді. 

Сомнамбулизм ай толған кезде көбейеді. Адамның ұйқылы-ояу төсектен тұрып, айналаны кезіп жүруіне айдың тартылыс күші ықпал етеді деген ұғым қалыптасқан. Егер адам түнде 3-4 рет оянып, төсектен тұрып кетсе немесе ұйықтап жатып үнемі сөйлеп жатса, бұл сомнамбулизмнің белгілері болып табылады.

Ғалымдардың айтуынша, жер шары тұрғындарының 2,5 пайызы айкезбе екен. Солардың 25 пайызы көзі ұйқыда жүріп, әртүрлі дене жарақаттарын алады. Кейбіреулері қателесіп есік екен деп терезеден құлайды, енді біреулері шатырға шығып кетеді, енді бірі пышақ, балта, айыр сияқты өткір құралдарға ұрынып, жарақат алады. Сомнамбулизм жағдайында автокөлікті жүргізіпті немесе ұшақты басқарыпты деген әңгімелерді де естуге болады. Алайда медицина қызметкерлері оны жоққа шығарады. Шын мәнінде, ондай күрделі әрекеттерді айкезбелердің орындауы мүмкін емес екен. Айкезбе машинаны от алдыруы мүмкін, бірақ әрі қарай жүргізуге қабілеті жетпейді. Өйткені сомнамбуланың рефлекстері ояу кезіндегідей емес, баяу жұмыс істейді. 

Сомнамбулизм, әсіресе, балалар арасында жиі кездеседі, бірақ есейе келе, одан арылады. Ғалымдардың зерттеулері бойынша балалар қатты толқығанда немесе қорқыныш сезімдері билегенде сомнамбулизмге шалдығады екен. Бірақ бұл кезде олардың психикалық жағдайы қалыпта болады. Ересектер арасындағы сомнамбулизмге адамның көңілі қатты алаңдаған кезде, психикалық соққы алғанда, кейбір кездерде эпилепсиямен ауыруы себеп болады. Көп жағдайда айкезбелік өздігінен кетеді. 

Сомнамбулизммен көбінесе туылған кезде әртүрлі жарақаттар алған немесе ана құрсағында жатқанда тұншыққан 6-12 жастың арасындағы ұлдар шалдығады екен. Психоневрологтардың айтуынша, бұл әрекеттер тарылған ақыл-ой жағдайында жасалады және олар өздерінің не істеп жүргенін бақылай алмайды. Әдетте, мұндай балалар қараңғыдан қорқады, жаман түстер көреді. Түнде ұйықтағанда айкезбенің бөлмесін ай сәулесі бетіне түспеу үшін терезені тұмшалаған дұрыс. Айкезбелерді оятудың орнына бөлмесіне қарай бағыттап, төсегіне жатқызған жөн.  

Америкалық неврология академиясының мамандары айкезбеге айдың қатысы жоқ дейді. Шын мәнінде, адам ағзасындағы айкезбеліктің дамуы кейбір гендердің спецификалық өзгеріске түсуімен байланысты болады екен. Гендердің өзгеріске түсу белсенділігі артқан жағдайда адамдар ұйқыдан оянып, бей-берекет жүріп кететін көрінеді. Мұндай жағдайды дәрігерлер «нерв жүйесінің параличімен» теңестіреді. Бірақ дәрігерлер адамдардың түнде дала кезіп кетуіне нақты қандай гендер ықпал ететіндігін әлі анықтаған жоқ. Десе де қазіргі медицина сомнамбулизмге айдың қатысы жоқтығын нық сеніммен айта алмайды. Австралиялық астроном Дэвид Ренекенің айтуынша, Жер бетінде болған кез келген табиғи апаттарды айдың жақындауымен, кометаның немесе басқа аспан денелерінің құлауымен байланыстыруға болады. Демек, психикасы тұрақты емес балалар мен кейбір ересек адамдарға айдың тартылыс күшінің әсері болуы әбден мүмкін.

Кімдер айкезбе болған? 

Отандық жұлдыздар арасында да айкезбемен зардап шегетіндер бар. Мәселен әнші, актриса Айгүл Иманбаева бір бөлмеде жалғыз жатқанды ұнатады. Себебі, ол түнде ұйқылы-ояу бөлмені кезіп кететін көрінеді.  

– Мен ұйқысырайтын адаммын. Түнде жүремін, бөлмеден шығып кетемін, басқаша айтқанда «лунатикпін». Бұл құпияны білетін менің директорым – Жазира. Сол себепті мен ешкіммен бір бөлмеде болмауға тырысамын. Өйткені мен біреуді шошытып алуым мүмкін. Бала кезімізде ұйықтаған кезде сулы шүберек төсейтінбіз. Кішкентай кезімде шығып кетсем, анам «бісімілләсін» айтып, оятпай әкеліп жатқызатын. Әлі де сондай жағдайым бар. Сол себепті қыздармен бір бөлмеде болмауға тырысамын, – дейді Айгүл. 

Сондай-ақ, әнші ұйықтар алдында үйінің кілтін қиын жерге тығып қояды екен. Өйткені ұйқысырап далаға шығып кетуден сақтанады. Айтуынша, ол бала кезінде бірнеше рет ұйықтап жатқан жерінде сыртқа шығып кететін болған. 

– Бала кезімде далаға шығып кету, қардың үстінде жүру, үйдің шарбағынан сыртқа шығып кету деген сияқты дүниелер болған. Біреуге қорқынышты көрінер, өзім үшін үйреншікті жағдай, – дейді әнші. 

Дәстүрлі әнші Айткүл Құдайбергенова да бала күнінде айкезбемен «ауырыпты». 

– Анам бертінге дейін «Айткүлдің айкезбесі мені қатты қинайтын» деп айтып жүрді. Оның айтуынша түнде ұйқылы-ояу жүріп кететінім болған екен. Қазіргі тілмен айтқанда айкезбе болдым. Түн ортасында тұрып әрлі-берлі жүріп, тіккен кестелерімді ақтарып, өзімнен өзім сөйлесіп жүретін көрінемін. Түн ұйқысын төрт бөлетін анам байғұс мені сыртқа шығып кетпесін деп есік-терезенің барлығын байлап қояды екен. Ең қиыны үйде ұйықтап жатқан  қонақтарға жастық, көрпе лақтыратын әдетім болған. Анам осындайда мені шошытып алмайын деп жәймен ғана жетектеп, талай рет орныма жатқызған. Тұрмысқа шыққасын айкезбемді өзімнен өзім қойып кеттім. Әжемнің айтатын түрлі дұғаларын оқып, дәретсіз жатпайтын болдым, – дейді әнші.  

«Профессионал пациенттер» басынып жүр. Дәрігерлерді орынсыз кінәлау қашан тыйылады?!
Қасқа татуаж жасаудың зияны бар ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу