Отызға дейін босанбау денсаулыққа зиян ба?

Oinet.kz 10-02-2020 1192

Screenshot_12.jpg

Informburo.kz жүктілік және босану туралы таралған стереотиптердің қайсы шындық, қайсысы миф деп ара-жігін ашып көрді.

Астанадағы ана өлімі туралы соңғы суық хабарлар көкейдегі көптеген сұрақтарды қозғады. Жалпы, болашақ аналар мен олардың туыстарын жүктілік және босану туралы қалыптасқан көптеген стереотиптер алаңдатады. Олардың қайсысына сенуге болмайды, қайсысына назар аудару керектігін анықау үшін informburo.kz тілшісіне Елорданың штаттан тыс бас акушер-гинекологы Гүлназ Досмырзаева көмектесті.

Босану – қауіпті, босану процесінде болашақ ана қатты қиналады

Шындық. Гүлназ Досмырзаева бұны басынан өткерген адам ғана оның қатты ауыр екенін түсінеді дейді. Акушер-гинекологтың айтуынша, кейбір жүкті келіншектер қатты ауырсынуларға шыдамай, өзі босанудан бас тартып-кесарь тілігіне жүгінеді. Сонымен қатар, босану процесінің ұзақтығының әр түрлі болатындығын ескеру керек: кейбіреулер екі-үш сағат толғатады, біреулердің толғағы тәулікке созылуы мүмкін. Тәуекелдерге тоқталар болсақ, мамандар тіпті жүкті келіншектердің толғағы басталғанша еш жерге есепке тұрмай, тексерістен өтпеген жағдайларын да тіркеген. Акушер-гинекологтардың пікірінше, мұндай әйелдердің босану процесі күрделі өтеді.

Жүктілік кезінде әйелдердің мінез-құлықтары бұзылады

Шындық. Мамандар жүкті әйелдердің көңіл-күйі жиі өзгеретінін баса айтады, Дәрігерлер ашушаң әйелдерге ренжімейді, шамасы келгенше ондайларды жұбатуға тырысатын көрінеді. Мұндай жағдай әйелдердің гормондық жағдайының өзгеруіне ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық проблемалардағы әйелдің жауапкершіліктеріне де байланысты екен. Сондықтан, босану бөлімшелері мен перинаталдық орталықтарда бұл мақсатта психологтар жұмыс істейді. Кейбір әйелдер босанғаннан кейін психологиялық соққы алуы мүмкін: анасы баласын емізуден бас тартады, сұрақтарға жауап бермей, жылайды. Мұндайда әйелмен психолог сұхбаттасады, ол көмектеспесе, дәрігергер психиатриялық бригаданы шақырады. Гүлназ Досмырзаеваның айтуынша, кейбір әйелдер туа бітті ренжігіш болып келеді. Босану бөлімшесінен шыққаннан кейін бір әйелдің баласын емізуден бас тартып, дүкен аралап, онда баласын қалдырып кетуге тырысқан жағдайы да кездескен.

Жүктілік кезінде операция жасауға болмайды.

Жалған. Кейде ауруханаға жүкті әйелдердің іші ауырып түсетін жағдайлары болады. Кей әйелде гинекологиялық ауытқу болмағанмен, қарабайыр соқырішегі ұстайды. Мұндай жағдайда әйелге операция жасай береді және жүкітілігін сақтайды.

Мамандар мұндай жағдайда асқынулардың да болу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Жалпы әйелдің басқа бұрын білінбей келген аурулары шығады, бұның барлығы әйелдің жалпы жағдайына байланысты. Аурулары асқынса, жүктіліктің 25-26 аптасында дәрігерлер шағын кесарь тілігін жасай алады, мұндайда сәби 800-900  грамм салмақпен туылады. Шақалақ салмақ жинағанша бірнеше ай ауруханада жатады.

Ұшақпен ұшу мезігілінен бұрын босануға әкеледі

Шындық. Жүктіліктің 20 аптасына дейін ұшуға болады. Бірақ ұшу уақыты аз болуы қажет. Егер жүкті әйелде жүрек қан тамырлары немесе демікпе секілді созылмалы аурулары болса, 22 аптаға дейін ұшақпен ұшу оның түсік тастауына әкеліп соғуы мүмкін. Ал 22 аптадан кейін ұшса, мезгілінен бұрын босанып қалуы мүмкін. Іштегі баланың салмағы мұндай жағдайда 500 грамм шамасында болады. Акушер-гинеколог мамандардың айтуынша, бұл ретте уақыт ерекше рөл ойнайды. Ұшақ қонып, әйелді баласымен медицина мекемесіне жеткіземін дегенше уақыт өтіп кету қаупі жоғары. Автокөлік және пойызбен ұзақ жол жүрудің де қауіпті екені ескертіледі.

Жүкті әйелдердің 40 пайызында мерзімінен бұрын босанып қалу кездеседі. Дәрігерлер мұндай жағдайға апаратын бірнеше факторды атайды. Олар – стресс, соққы, құлау немесе басқа да жарақаттар. Бірақ ең көп таралған және негізгі фактор – экстрагениталды аурулар, оның ішінде гестациялық қант диабеті, жүрек аурулары, қан ауралары, эндокриндік жүйе аурулары, бұрын болған құрт ауруы, көптен бері емделмеген жыныстық инфекциялар.

30 жасқа дейін босану керек

Жалған. Бұрын расында да солай саналған. Тіпті ЭКО-ның өзіне 39 жасқа дейін шектеу қойылған. Қазір 30 жастан кейінгі жүктілік – ғажайып жаңалық емес. Барлық туушы әйелдердің жартысынан көбі – 30 жастан асқандар.

Акушер-гинеколог 53 жастағы әйелді босандырғанын айтады. Әйел адам оның қабылдауына келіп, климакс мерзімі келгеннен бе ішінің ауыратындығын, өсе бастағанын айтып, шағымданыпты. Сөйтсе, УЗИ аппараты әйелдің құрсағына бала біткенін анықтап, ішінің ауруы – толғақ екенін дәлелдеген. Сонда 9 ай бойы әйел өзінің жүкті екенін де сезбепті. Аз уақыттан кейін әйел дені сау бала дүниеге әкелген.

Жүктілік кезінде тоқуға және шашты қиюға болмайды

Жалған. Бұл наным-сенімге жатады. Медициналық тұрғыдан бұған шектеу жоқ. Дегенмен мамандар жүктілік кезінде шашты, тырнақты бояуға кеңес бермейді. Ал кең таралған кірпік жапсырудың процесін жүкітілікке және құрсақтағы балаға еш зияны жоқ деп санайды.

Айта кету керек, акушерлердің де өз сенімдері бар. Мысалы, олар босанғанда әйелден түймесіз, замоксыз киімде болуын және шашын жіберіп, жүзік пен сырғаларын шешуді сұрайды. Гүлнар Досмырзаеваның сөзінше, әйел адам өзінің табиғи болмысымен қалғанда босану процесі жеңіл өтеді.

Жүкті әйелдерге антибиотиктер қабылдауға болмайды

Жалған. Әрине, оларды барынша қабылдамаған дұрыс. Жүкітіліктің 24-26 аптасына дейін антибиотиктер қабылдауға шектеу бар. Бірақ, жүкті әйел тұмауратса, қызуы көтеріліп, ағза өздігінен күреспесе дәрігерлер оған жеңіл ампицилин, цефазолин секілді антибиотиктерді жазып береді. 24-26 аптадан кейін құрсақтағы бала қалыптасып біткен соң антибиотиктерді қабылдауға болады.

Жүкітілік кезінде темекі тартуды дереу тоқтату керек

Шындық. Темекі тартуды дереу тоқтатып, спирттік ішімдіктер ішуге тиым салынады. Тіпті, әу баста жүктілікті жоспарлау кезінде мұндай теріс қылықтардан бас тарту керек, себебі олар баланың дұрыс дамуына кедергі келтіруі әбден мүмкін.

Жүкті әйелдерге физикалық жаттығулар жасауға болмайды

Жалған. Керісінше, дәрігерлер жүкті әйелдерге жүктіліктің кез-келген мерзімінде спортпен шұғылдануға кеңес береді. Ең бастысы, бұл ауыр физикалық жаттығулар болмауы керек.

Жүктілік денсаулыққа пайдалы

Жалған. Егер әйел адамда етеккір ауыр, тұрақсыз циклда болса, жүктіліктен кейін олар қайта қалпына келеді. Бірақ, әйел жүрек аурулары, қант диабеті секілді аурулармен ауырса, жүктілік керісінше оның жағдайын ушықтыруы мүмкін.

Акушер жаңа туған нәрестелерді ауыстырып алуы мүмкін

Жалған. Мамандар бұлай болуы мүмкін емес дегенді айтады. Босану залында бір ғана палата бар, яғни әйел адам сол жерде босанып, сол жерде баланы бірінші рет емізеді және сол жерде акушер анасының аты-жөнін, баланың жынысы, салмағы қағазға жазылған білезікті сәбидің қолына тағады. Қазір «Қауіпсіз анна» бағдарламасы аясында бала туыла салысымен анасымен бірге жатады. Тіпті, кесарь тілігі жасалса да анасы реанимациядан шыққанша бала қасында болады. Егер, бала реанимацияға түссе, анасының көзінше оған аты-жөні жазылған білезік тағылады.

Серіктеспен босану Қазақстанда кең таралып барады

Шындық. Серіктеспен босану бүгінде 90 пайызға дейін жетеді. Мамандар босанудың мұндай әдісін жан-жақты қолдайды. Айтуларынша, босанушы әйелдің жанында жақын адамының болуы оған психологиялық тұрғыдан көп көмек болады. Тіпті, босанудың өзі ашық және жария өтеді. Әрі серіктесі дәрігерлердің барлық әрекеттерін бақылай алады.

Босанғаннан кейін дене бітімін қалпына келтіру өте қиын

Жалған. Барлығы әйелдің өзіне байланысты. Кейбіреулер бір айдың ішінде спорт пен салауатты өмір салтының арқасында қалпына келеді. Мамандар босанғаннан кейін спорт залға бара беруге болатынын айтады. Жаңа туған әйелге ауыр жаттығуларға шектеу бар, бірақ иога залына баруға әбден болады.

Ауруханада қауіпті ауру жұқтырып алу мүмкін

Жалған. Барлық стационарлар жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Әр медициналық мекемеде эпидемиолог маман бар. Ал, асқынулар мен адам өлімінің болуы жеке жағдайларға байланысты. Сондықтан 12 аптаға дейін қауіпті факторларды анықтап, аман-есен босанудың жоспарын құру керек.

Әйел неғұрлым көп босанған сайын ағза нашарлайды

Жалған. Егер әйелдің дені сау болса, ешқандай экстрагениталды аурулары болмаса, 10 бала туа алады және өзін жақсы сезіне алады. Астаналық акушер-гинекологтың пікірінше, босанудың адам денсаулығына еш зияны жоқ.

Балаларды күнге күйдірген
Сүт безінің қатерлі ісігі жасарып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу