Абдоминопластика. Сіз армандаған дене мүсіні ме?

Oinet.kz 11-03-2020 955

Сән – қатып қалған формула емес. Ол әр жылда, тіпті әр күнде өзгеріп отырады. Сол секілді әр заманның өзіне лайықты сәні болды. Мәселен, бір кездері белі жіңішке қыз-келіншектер жоғары бағаланса, енді бірде толық әйелдер сұлулықтың эталоны саналды. Әлемдегі ең жіңішке бел ХХ ғасырдың басында анықталған. Гиннестің рекордтар кітабына енген ағылшындық Этель Грейнджердің белі 33 сантимерді құраған. Құшақтасаң қолыңды екі орауға келетін белге Этельден кейін бүгінге дейін ешкім қол жеткізген жоқ. Рекорд жаңартпаса да әйелдер қауымы мүсінін қалыпты ұстауға күш салады. Көп жағдайда адамдар  артық майдан арылудың бір жолы – диетаны ұстанады. Алайда дәмді тағамнан бас тарту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әрі ауызды тыю ақылы қалаған мүсінге қол жеткізу ұзақ процесс. Сондықтан семіздіктен құтыла алмай жүргендер арықтаудың оңай жолын іздегісі келеді. Тіпті пышаққа түсуден де именбейді. Бүгінде пластикалық операцияның көмегімен денедегі артық теріні алып тастауға болады. Ол абдоминопластика деп аталады. Көпшілік абдоминопластиканы липосакциямен шатастырып жатады. Алайда ол екеуі екі түрлі ота. Липосакция артық майды алдыру болса, абдоминопластика артық, салбыраған теріден арылуға мүмкіндік береді.    

Screenshot_14.jpg

Алғашқы тәжірибе

Ішке жасалатын пластика өзінің даму тарихын ХІХ ғасырдан бастау алады. Хирург Маркс пен Демарс 1890 жылы абдоминопластикаға ұқсас ота жасады. Бір жылдан кейін балтиморлық дәрігер Джон Хопкинс денедегі артық теріні операцияның көмегімен алды. Бұл процедураны ол дермолипэктомия деп атады. Хопкинс бұдан кейін тағы ішті арықтатуға жол ашқан 8 ота жасайды. 1905 жылы Хирургтар Конгресінде француздық Молрестен мен Годе алғаш рет абдоминопалстика тақырыбында доклад жасайды. Олар қарынға пластика жасап қана қоймай кіндіктегі жарықты (пупочная грыжа) да алып тастады. Бір оқпен екі қоян атқан хирургтардың еңбегі жоғары бағаланды.  Кейіннен дәрігер Бабкок та  абдоминопластикаға өз үлесін қосты. Оташы Торек болса алғаш рет тілікті кіндіктің астынан жартылай формасында кесті. Заманауи пластиканың дәуірі Вернонның оталарынан кейін басталды. Оның жұмысын жалғай түскен хирург  Питангайдың тәсілдері бүгінге дейін қолданылып келеді.      

Тері – біздің қорғанымыз

Эстетикалық отаның терімен тікелей байланысы болғандықтан алдымен терінің адам үшін қаншалықты маңызы бар екеніне тоқталайық. Адамды сырқы ортадағы түрлі қауіптен қорғайтын тері ағзадағы зат алмасу үдерісіне қатысады. Негізінен су мен жылу алмасуда маңызы бар. Сыртқы ортаның температурасы қаншалықты ауытқығанымен, адамның дене температурасы үнемі тұрақты болады. Тері арқылы сумен бірге түрлі тұздар (хлорлы), сүт қышқылы, азоттық алмасу өнімдері сыртқа шығарылады. Тері қанайналым үдерісінде қан сақтау қоймасының да қызметін атқарады. Ересек адам терісінің қылтамырларында 1 литрдей қан болады. Теріде көптеген жүйке талшықтары, сезгіш жасушалар шоғырланған. Сондықтан тері сезім мүшесінің қызметін де атқарады. Адам тері арқылы бір заттың жанасқандығын, температураны, ауырғанды сезеді. Терінің витаминдер алмасуына да қатысы бар. Теріде болатын ерекше заттардан күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен Д витамині түзіледі. Теріде аздаған мөлшерде газ алмасу үдерісі жүреді, яғни оттекті сіңіріп, көмірқышқыл газын бөледі.  Бір сөзбен айтқанда тері – адамның қорғаныш қабаты. Осы қалқанымызды бұзған дұрыс па?

Абдоминопластика – күрделі ота

Әдетте абдоминопластикаға босанған әйелдер, бірден салмақ тастаған адамдар мен терісі қартая бастаған егде жастағылар жүгінеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, пластикалық операциялардың ішінде теріні алдыртуға адамдардың 7 пайызы  ғана бел буады екен. Бұл арықтаудың оңай жолы болса неге әйелдер ота үстеліне жата бермейді? Себебі абдоминопалстика біз ойлағандай жарты сағаттан кейін аяққа тұрып жүріп кете беретін процедура емес.

Отаның бірнеше түрі бар: мини, классикалық және эндоскопиялық. Дәрігер дене-бітіміңіздің жағдайына қарай отаны таңдайды. Алайда процедураның алдында шамамен алты айдай салауатты өмір салтын ұстауыңыз қажет. Алькоголь, шылымнан аулақ болу шарт. Әйтпесе ота үстінде жағымыз оқиғалар орын алуы әбден мүмкін. Сонымен мини абдоминопластика құрсақ қабырғасының тек төменгі бөлігін ғана қозғайды. Яғни мұнда тері алынбайды тек тартылады. Әрі тыртықтың орны білінбейді.

Классикалық түрінің құрылымы үлкен. Ота кезінде  хирург артық майды ғана алып тастамайды, сонымен қатар сыртқы тері мен  құрсақ қабырғасының бұлшықеттерін тартып тігеді. Бұл жағдайда кіндіктің орны ауысады. Классикалық абдоминопластиканың ең қиын тұсы да осы.  Алдымен оташы қарынның төменгі жағынан кішкене тілік тіледі де  қабырғаға дейінгі майлы тіндерді терінің пұшпағымен бірге алып тастайды. Одан кейін кіндіктің айналасын тіліп, оны басқа орынға ауыстырады. Егер пациентте кіндік жарығы болса онда оны артық, салбыраған терімен қоса алып тастайды. Соңынан жараның орнын тігеді. Пациенттің ішінде отадан кейін үлкен тыртық қалады.

Ал эндоскопияда құрсақ қабырғасының бұлшықеттері ғана тартылып, тері бүлінбейді. Процедура кішкентай тілік арқылы орындалатындықтан, оның ізі де білінбейді. Алайда бұл тек терінің серпімділігі сақталған пациенттерге ғана жасалады. Мәселен, алғаш рет босанған жас келіншектерге абдоминопластика түріне қарай 2-ден 5 сағатқа дейін созылуы мүмкін.

Ең маңыздысы отадан кейінгі күтім. Наркоздан оянғаннан кейін пациентке  оңалту жұмыстары жүргізіледі. Алғашқы аптада науқас орнынан тұрмайды және отаның орны ауырады. Бұл уақытта арнайы қойылған түтікше арқылы артық майлар ағатын болады. Түтікше алынғаннан кейін ғана пациент үйіне шығарылады. Тігісті 10-14 күннен кейін алады. Тігістің орны бітіп кеткенше ауыр жұмыс істеуге, шомылуға тыйым салынады. Абдоминопластиканың нәтижесін алты айдан кейін ғана көруге болады. Оның бағасы да сізді қызықтырып отырған болар? Елімізде сирек жасалатын операция 450 мыңнан басталады екен.   

Пайдасы біреу, зияны шаш етектен

Білікті дәрігердің қолынан шыққан ота әдетте қарсы көрсетілім бермейді. Егер хирург қателік жасаса немесе дұрыс күтінбесеңіз, армандаған сұлу мүсініңізден түк те қалмауы мүмкін. Отадан кейін көп жағдайда инфекция түсу және қан кету қаупі болады. Жараны өңдеу кезінде санитарлық талаптар  сақталмаса инфекция түседі, оның соңы іріңдеуге алып келеді. Сондай-ақ тігістердің арасы алшақ немесе тығыз болмаса серома дертіне шалдықтырады. Яғни жараның орнында жалқықтың (экссудата) жиналуы. Жұмсақ тіндерде қанның жиналып қалуы да өте қауіпті. Бұл гематома шеткі некроз деп аталады. Тіліктің орны тым тартылып тігілсе де айналадағы жұмсақ тіндер жансызданып қалады. Пластикалық операция кезінде пациент көп қан жоғалтса, анемияға шалдығуы мүмкін. Ең бастысы абдоминальді компартмент-синдромынан сақтану керек. Ол құрсақ ішінде қысымның көтерілуімен байланыстырылады. Егер қысым көтерілсе тыныс алушы мүше өкпенің ісінуіне әкеліп соғады. Міне, бір қарынның әлегі сізді шыр айналдыруы мүмкін.

Мамандар абдоминопластика салмақ тастауға көмектеспейтінін айтады. Ол тек көзге оғаш көрінетін салбыраған теріні ғана алып тастайды. Жоғарыда атап өткеніміздей абдоминопластика еріккеннің ермегі емес. Сондықтан оны бірқатар адамдарға жасатуға болмайды: жүрек ақауы бар, онкологиялық және қант диабеті, ЖИТС-те есепте тұрғандар, қан айналым жүйесі бұзылған және аутоимунді дертке шалдыққандар мен инфекциялық, созылмалы дертпен ауыратындарға пышаққа түспеген дұрыс. Мамандар болашақта тағы бала көтеретін аналарға жасамайды. Себебі ол ұрпақтың дамуына кері әсерін тигізеді.   

Пластикалық операция жұлдыздар арасында сәнде екенін ескерсек, пышақтың көмегімен ішін тегістеткендер де жетерлік. Бір кездері әдемі келбет, әсем дауысымен жастарды баурап алған Американың сары шашты сұлуыБритни Спирс дүркіреп тұрған дәуренін көтере алмады ма, қайдам, кейіненнен өз-өзін тастап жіберді. Шынашақтай қыздың бірден толып кеткені жұрттың көзіне тіптен оғаш көрінді. Кейіннен ес жиған ол сахнаға жаңа кейіпте қайта оралды. Сары басылымдардың жазуынша Бритни абдоминопластиканың көмегімен қыпша белге айналған.  Оның қатарында актриса, фотомодель Ким Кардашьян, атақты тележүргізушілер Кейт Госслин мен Роза Сябитова да бар. Эстетикалық отаны ерлер де жасатуға ниет білдіріп қалады екен. Мысал ретінде әртіс Аль Пачиноны айтуға болады. Ал сәтсіз абдоминопластиканың «иегері» – актриса Тара Рид. Оның іші отадан кейін бөлшек-бөлшек болып, тыртықтарға толып қалды.  

Жедел жәрдем қызметін қандай жағдайда шақыру керек?
Мезотерапия құпиялары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу