Көз ішіндегі пирсинг тату кезекті сән бе әлде қорқынышты тренд пе?!

Oinet.kz 20-05-2020 941

Адамның қос жанары жан-дүниесінің терезесі іспетті. Көзіңді қараңғылық басса әлемнің жарығынан не пайда? Сол себепті қазақ халқы көзді ерекше күтіп-баптаған. «Көзіңнің қарашығындай сақта» деген тіркес осыдан қалған. Бүгінде сол нұрымызды өзіміз құртып алып жүргендейміз. Бұған себеп қусаң мәресіне жете алмайтын – мода. Пирсингті қазір денеге, бет-әлпетке тағу сәннен қалып барады. Әшекей темірді көздің ішіне тағу –  адамзаттың тағы бір ойлап тапқан ермегі. Қорқынышты тренд дерсіз! 

 3634e4d77e5a0ece.jpg 

Көз ішіндегі әшекей

Көздің сыртын қойып, ішіне алғаш «көз салғандар»  голландиялықтар болып табылады. 2002 жылы Голандияда хирург-пирсерлер тұңғыш рет көздің жанарына темір бұйымды тақты. Содан бері бұл процедура ел-елге тарап кетті. Әсіресе бұл тату мен пирсингтің «табынушылары» үшін жаңа ермек болды. Денесінің сау тамтығы қалмағандар енді «бос тұрған» көз ішіне сырғаны жарыса тағуда.  

Мүмкін еместей көрінетін процедура қарапайым түрде жасалады. Хирург лазерлі құрылғының көмегімен көздің шырышты қабығын тіледі де сол жерге әшекейді орналастырады. Ота кезінде пациентке жергілікті анестезия жасалады. Операция бас-аяғы 15 минутқа ғана созылады. Пирсингтің көлемі шамамен 4 мм болады. Формасы адамның қалауына байланысты таңдалады. Жұлдызша, үш бұрыш, дөңгелек, жүрек, сопақша  т.б. Олардың ішінде көп сұранысқа ие формалар жүрек пен жарты айдың бейнесі екен. Мұндай  отаның құны 500-1000 еуро. «JewelEye» деп аталатын сәндік процедураның анестезияға қарамастан ауыртатыны белгілі. Ойлап қараңызшы, көзімізге қыл немесе ұсақ шіркейлер түсіп кетсе ыңғайсыздық тудырып, жанымызға батып кетеді. Ал металлдың көзімізге батып, қажайтыны айтпаса да түсінікті. Сұлулық құрбандықты талап етеді дейтіндер мұндай азапқа шыдаса керек. 

Нидерланды институтының көз хирургі аталған әшекейлер көзге еш зияны жоқ дейді. Оның құрамында химиялық заттар мен өзге де қоспалар жоқ көрінеді. Бүгінде дейтін жанарындағы пирсинг иелері көз дәрігерлерге ешқандай шағым айтпапты. Десе де, офтальмолог мамандар көз пирсингінің зияны бар екенін айтады. Көз ары-бері қимылдағанда пирсинг те бірге қозғалады. Мамандар осы кезде әшекей көздің өзге бөліктеріне қажалып, кейіннен қанауы мүмкін екенін алға тартады. Ал мұндай жағдайдың қайталана беруінің әсерінен көздің уақыт өте келе көру қабілеті нашарлап, түрлі ауруларға душар етеді екен. 

Қой көздер жасыл көзге айналуда

Көздің түсі адамға табиғаттан беріледі және оны өзгерту мүмкін емес. Бірақ, бұл ХХІ ғасыр ғой. Ештеңеге таңқалмайтын жаһандық дәуір. Көзінің түсіне көңілі толмайтындар бұл күндері оны әп-сәтте өзгерте алады. Мәселен қой көзді бойжеткен бірнеше минуттың ішінде жасыл көзге айналып шыға келеді. Бұл сиқыр емес, бұл – «Lumineyes tehnology».

Көз жанарының айқындылығын күшейтіп, түсін өзгертуге мүмкіндік беретін жаңа әдісті ойлап тапқан дәрігер – Грегг Гомер.  Процедура лазердің көмегімен жасалады. Ғалымдардың зерттеуінше қоңыр түсті көздерде меланин пигменттері көп болады. Ал көздері көк адамдарда керісінше, аз болады. Көзге қоңыр түс беріп тұратын да меланин. Жаңадан жасап шығарылған технология көздің шатырша қабығындағы пигмент түстерін өзгертеді. Көздері қара, қоңыр адамдарға операция жасау барысында ең алдымен көздеріне лазер сәулесін түсіреді. «Бұл отаның денсаулыққа ешқандай да әсері жоқ» дейді жоба авторы. Бар болғаны 20 секунд ішінде жасалады. Арнайы лазер көздің шатырша қабығындағы қоңыр түсті пигменттерді түссіздендіреді. Мұндай ота көздің беткі терісінде ғана жасалатындықтан, көздің көру қабілетіне ешқандай әсерін тигізбейтіндігін дәрігер Грегг Гомер сенімді түрде айтуда. 

Ота жасалған соң, алғашқы аптаның ішінде көз бұрынғы түсіне оралып, артынша 2-4 аптаның ішінде көк түске боялады. Бұл отадан кейін көздің шатырша қабығы бұзылатындықтан, оның табиғи түсін қайтару мүмкін емес. Сол себепті оны жасатпас бұрын, жақсылап ойланып алған жөн. Отаның құны шамамен 5000 АҚШ долларына жуықтайды. Бұл әдісті Грегг Гомер 10 жыл бойы ойластырыпты. Осы уақытқа дейін өз еркімен келіскен 12 мексикалықтың отасы сәтті өткен. Бұрындары заңгер болып қызмет жасаған ол «Lumineyes» технологиясын офтальмологтармен бірігіп жасаушы ретінде отаның қауіпсіз өтуі үшін барын салуда. Әйтсе де мамандар лазердің көзге тигізер зияны болуы мүмкін деп қорқуда. Себебі ота барысында меланин көздің ішкі сұйықтығына кіріп кетсе мұның соңы глаукоманың асқынған түріне әкеліп соғады екен. Ал емделмеген глаукома соқырлыққа жетелейді.

Түрлі-түсті көздер

Көздің түсін өзгертетін тағы бір әдісті хирург-офтальмолог Делари Альберто Кан ойлап тапты. 2006 жылы ол бұл жаңалығын патенттеп алған. Жоғарыда атап өткен дәрігер Гомердің әдісінде көздің түсі тек жасыл түске ғана өзгерсе ал Альберто Кан көзді қалаған түсіңе бояп бере алады. Сонымен көздің түсін өзгертемін деп тәуекелге барсаңыз, онда маман шприцтің көмегімен көздің шатырша қабығына пигментті енгізеді. Пациент бұл кезде көздің алмасын ғана немесе көздің ағын да боята алады. Процедура анестезиясыз өтетіндіктен бұл пациенттің жанына бататыны сөзсіз. 

Медицина тарихына көз жүгіртек көзге отаны алғаш рет б.з.д 150 жылы римдік дәрігер Гален жасаған екен.  Археологиялық зерттеулер кезінде бұл маңда екі ұшты ине табылған. Осы құрал арқылы ежелгі емшілер көз катарактасын емдеген. Бертін келе офтальмологтар мұндай күрделі отадан бас тартып, көздің қасаң қабығына татуировка жасауды қолдана бастады. Әрине, сән үшін емес, көз деформациясын қалпына келтіру үшін. ХІХ ғасырда көз дәрігерлері бұл үшін ұшы иректелген инені қолданған. 

ХХ ғасырда көз татуы косметикалық процедураға айнала бастады. Дәрігерлер пациентке жәйден жәй көз түсін өзгертуді ұсынды. Мұндай сәнді тату әсіресе Америкадағы түрмелерде кең етек жая бастады. Тату салынған көз оларды қорқынышты әрі қай «банданың» мүшесі екенін айғақтады. Тіпті, алғашқы пациенттердің де аты-жөні белгілі. Олар «Кобра» лақап атымен танылған Луна штатының тұрғыны, америкалық Пол және аты-жөні белгісіз бразилиялық тұрғын. Алғашқы екеуі көздерін аспан көк түске бояса, үшінші ер кісі көзінің ағын қап-қараға бояды. Тату мамандарының айтуынша адамдар көбінесе ерекше, қанық түстерге құмар келеді екен: сары, қызыл, жасыл, көк, қара.  

Жұрттан ерек жүретін жандар ұнататын көз татуының зиянын мамандар жоққа шығармайды. Клиент қанша гигиенаны сақтап жүргенімен көздің шырышты қабығы арқылы организмге түрлі инфекция түседі. Сондай-ақ процедурадан кейін аллергиялық реакциялар туындауы мүмкін. Оның үстіне жарыққа тікелей қарай алмау, көздің жиі жасаурауы секілді проблемалар туындайды.  Тату шеберлері бояулардың санитарлық норма мен стандартқа сай еместігін мойындап отыр. Олардың қолданып отырған бояулары кәдімгі полиграфия мен автомобильдерді сырлауға арналған бояулар екен.

Қорыта айтқанда мөлдір-тұнық көзіңізді «былғағыңыз» келсе, татудан келетін мына басты үш жағдайды қаперіңізге алыңыз. Біріншіден, көзді түрлі-түске бояу денсаулыққа тікелей кері әсерін тигізеді. Екіншіден, көз татуы өмір бақи өшпейді. Үшіншіден, тату алғашқыда көзінде ақауы бар жандарға жасалғанын ұмытпаған жөн. Яғни, оны сау көзге жасау – нағыз ақымақтық! 

А.НҰР

1 тамшы қаннан 49 генетикалық ауруды анықтауға болады
Көзбен ойнаған модель
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу