Мейірімі төгілген «Алтын дәрігер»

Oinet.kz 04-06-2020 1163

 Өмірде қарапайым, қашанда көмек қолын созуға дайын тұратын кең жүректі азамат Манап Мұстафаұлы Досанов 63 жасқа аяқ басып қалыпты.

1f90c61b816c5261c00f5491ccd7f8c7_XL.jpg

Бойында ерекше талғамы бар жас жігіт Алматы қаласындағы мемлекеттік медицина институтын дәрігер педиатр мамандығы бойынша бітіріп елге оралғанда туыс- бауыр ерекше қуанды.

Жас маманды Шымкент қаласындағы № 2 балалар медициналық бірлестігіне жұмысқа қабылданғанда бұл қуаныштары еселене түсті.

Туыс-бауыр, дос-жарандарына ғана емес, көз қуанышы бүлдіршіндеріне ем іздегендердің баршасына қуаныш сыйлайтын ақ желеңді абзал азаматтың біліктілігі жоғары бағаланып, 36 жасында Шымкент қаласындағы №4 балалар бірлестігі емханасының меңгерушісі қызметіне келді.

Ал, отыз жеті жасында, яғни 1994 жылы Шымкент қалалық №5 емханасы балалар бөлімінің меңгерушісі тізгінін ұстады. Білікті басшы бөлімшеде тіркеуде тұрған әр баланың денсаулығын, оның әлеуметтік жағдайын, отбасының жай-күйін жақсы зерттеп, білу арқылы жүргізуді қолға алды.

Бес жылдың ішінде тұрғылықты жердегі сәбилердің денсаулығына және ана мен балаға деген қамқорлық аясында емханаға қатысты барлық медициналық көмек жүзеге асырылды.

Сол күндерді еске алудың өзі – бір бақыт.

Таңертең жұмысқа келгенде дәлізде өзіңнен бұрын келіп жолыңды тосқан ата-аналар отырады. Алдында немесе жан- жағында жанары жаутаңдаған кішкентай «көжектері». Бөлмеге қалай енсең, киіміңді солай жылдам ауыстырып:

- Кіріңіз! – дегенді айтқанша асығасың. Алдыңа бар жан-дүниесімен дәрігерге сенген, періштедей пәк дүние тұра қалады. Сондай кездерде Манап өзінің балалар дәрігері мамандығын таңдағанына іштей қуанатын. Қабылдауында келген баладан:

- Ия, қай жерің ауырады? – деп сұрайды.

- Білмеймін, - дейді ол иығын көтеріп.

- Жақсы, балақай – дейді жаны толқыған Манап тебіреніп. – Барлық бала ауру дегеннің не екенін білмей өтсе, қанеки еді.

Уақыттың бір орнында тұрмайтыны сияқты, денсаулық сақтау құрылымдарында да ішкі өзгерістер, жаңалыққа бетбұрыстар болып жатты. Қала тұрғындарының саны артуына байланысты амбулаториялық жүйелер тармақтала бастады.

Шымкент қаласының өзінде медициналық көмектің кепілдік берген көлемін көрсету желісі ұлғайып, бастапқы медициналық –санитарлық көмектен бастап, зертханалық бөлімдер, мамандандырылған тексеру бөлімдері белең алып, күндізгі және амбулаториялық стационар алмастыру арқылы көрсетілетін қызметтер білікті де білімді мамандарды күтіп тұрды.

Манап Мұстафаұлы осы кезге дейін жинақтаған тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетін елге медициналық көмек көрсетуге арнауды ұйғарды. Бұл ұйғарымға, әрине, денсаулық сақтау жүйесінің басшыларының да тікелей қолдауы әсер етті. 2006 жылы Сайрам ауданы медицина бірлестігінің «Бадам» дәрігерлік емханасының аға дәрігері жауапкершілігі жүктелді.

Осы жылдар аралығында емдеу ісіндегі заманауи жетістіктерді игеру мақсатында Манап Мұстафаұлы Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында балаларға жедел хирургиялық көмек көрсету, 1992 жылы осы институттың педиатрия мамандығы бойынша білімін жетілдірді.

Ізденістен жалықпайтын азамат 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында педиатрияның жаңа қырларын оқып-үйренсе, осы оқу ордасында 2007 жылы денсаулық сақтау саласын басқарудың қазіргі кезеңдегі мәселелері жөнінен дәріс алды.

Елу екі жасында Шымкент қалалық №4 емхананың бөлім меңгерушісі қызметіне келген Манап Мұстафаұлына 2011 жылдан Шымкент қалалық №7 емханасының «Бадам» дәрігерлік амбулаториясы бөлім меңгерушісінің міндетін атқару тапсырылды. Қандай жұмыста да Манап Мұстафаұлы адалдығы мен адамгершілігінен танбай, дәрігер деген биік атаққа лайықты екендігін таныта білді.

Халыққа сіңірген еселі еңбегі жоғары бағаланып, өз ісіне жетік маман, Манап Мұстафаұлы Досанов Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Жарлығымен ел ордасы Астана қаласының 10 жылдығы мерейтойы төсбелгісімен, Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының, сондай-ақ Шымкент қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен және Ұлттық Медицина Қауымдастығының «Алтын дәрігер» төс белгісімен марапатталды.

Ел игілігі үшін тер төгіп жүрген, денсаулық сақтау саласының озық қызметкері Манап Мұстафаұлын 63-ке толған мерейлі жасымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасына ырыс, береке тілейміз.

Даниярбек ПІРТАЕВ, 

№12 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігерінің орынбасары

Тектілік кімнен көп беріледі?
Тізерлеп отыру орындыққа отырудан пайдалы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу