Диспетчерлер екі сәбиді құтқарды

Oinet.kz 20-07-2026

дисперчерлер.jpg

Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының диспетчерлік қызметі шұғыл жағдайда жоғары кәсібилігімен танылуда. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Түлкібас ауданы М.Жарымбетов ауылында 10 күндік нәрестені шомылдыру кезінде сәби абайсызда суға тұншығып, тыныс алуы тоқтап, есінен танып қалған. Ата-анасы уақыт оздырмай 103 жедел желісіне хабарласқан. Шақыртуды қабылдаған диспетчер Қымбат Өтегенова жағдайдың ауырлығын бірден анықтап, «шақыртуды ұстап тұру» режиміне көшкен. Ол ата-анасына телефон арқылы нәрестеге алғашқы көмек көрсету жолдарын түсіндіріп, жедел жәрдем бригадасы жеткенге дейін байланыста болып, олардың әрбір әрекетіне бағыт-бағдар берген. Диспетчердің жедел әрі сауатты нұсқауларының нәтижесінде нәрестенің тынысы қалпына келді.

Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері нәрестеге қажетті медициналық көмекті көрсетіп, оны Түлкібас аудандық орталық ауруханасына жеткізді. Әрі қарай сәби дәрігерлердің бақылауына берілді.

Сарыағаш ауданындағы Ердәулет ауылының тұрғыны үй ауласындағы бассейнге абайсызда батып кеткен 2 жастағы баласына байланысты 103 желісіне шұғыл хабарласқан. Шақыртуды қабылдаған диспетчер Ф.Машарипова жағдайдың аса қауіпті екенін бірден бағалап, «шақыртуды ұстап тұру» режиміне көшіп, жедел жәрдем бригадасы жеткенге дейін ата-анасына алғашқы көмек көрсету алгоритмін нақты әрі түсінікті түрде жеткізіп отырған. Диспетчердің кәсіби әрі сабырлы нұсқауларының арқасында бүлдіршіннің жағдайы жақсарып, есін жиған.

Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы науқастың жағдайын қайта бағалап, қажетті медициналық көмекті көрсетіп, баланы әрі қарай ем қабылдау және дәрігерлердің бақылауында болу үшін Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына жеткізді.

Ал Созақ бекетінің №35 жедел медициналық жәрдем бригадасы тағы бір адамның өмірін аман алып қалды. Шақырту бойынша Созақ ауданының 55 жастағы тұрғынының жағдайы күрт нашарлағаны туралы хабарлама түскен. Дәрігер Е.Бажикова мен фельдшер М.Абдужанова жүргізуші Б.Ермахановтың басмқаруындағы көлікпен оқиға орнына жедел жетіп, науқастың жағдайын бағалау барысында оның клиникалық өлім жағдайында екенін анықтады. Медициналық бригада дереу жүрек-өкпе реанимациясын бастап, қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес барлық шұғыл реанимациялық іс-шараларды жүргізді. Мамандардың үйлесімді жұмысы, кәсіби шеберлігі мен жедел қабылдаған шешімдерінің нәтижесінде науқастың жүрек соғысы мен өздігінен тыныс алуы қалпына келтірілді. Науқасқа қажетті шұғыл медициналық көмек көрсетілгеннен кейін әрі қарай ем қабылдау үшін аудандық ауруханаға жеткізілді.

 Асыл ДОС


Ғасырмен құрдас дипансер сапалы медицина орталығы
Үндістан мен Түркістан тәжірибе алмасты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу