Заманауи медициналық орталық Жетісайда ашылды

Oinet.kz 17-07-2026

17.07.jpg

Денсаулық сақтау саласына салынған әрбір инвестиция – ел болашағына салынған инвестиция. Жетісай ауданының Асықата кентінде жаңадан бой көтерген «Aksu Samruk Medical Clinic» медициналық орталығының ашылу рәсіміне қатысып, тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуымен құттықтаған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров осылай деді.

Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барған өңір басшысы адам өмірі мен денсаулығы мемлекеттің ең жоғары құндылықтарының бірі екенін атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

– Бүгін өңіріміз тағы бір маңызды әлеуметтік нысанмен толықты. Денсаулық сақтау саласына салынған әрбір инвестиция – ел болашағына салынған инвестиция. Сондықтан жаңа медициналық орталықтардың ашылуы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, ана мен бала денсаулығын нығайтуға, халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Өңірде өндіріс орындарын ғана емес, әлеуметтік нысандарды да көбейту – басты міндеттердің бірі, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі Түркістан облысы құрылғаннан бері денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. 1991-2017 жылдары өңірде 386 денсаулық сақтау нысаны салынса, соңғы сегіз жылда облыста 214 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген.

17.07.26-1.jpg 

Жергілікті кәсіпкер Елдос Байыспаевтың жеке инвестициясы есебінен 2 млрд теңгеге салынған медициналық орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда тәулігіне 280 адамға дейін қызмет көрсетіледі. 10 орындық күндізгі және 40 орындық тәуліктік стационар жұмыс істейді. Жоба аясында 70 жаңа жұмыс орны ашылды.

17.07.26.jpg

2024 жылдың мамыр айында басталған құрылыс нәтижесінде бой көтерген, жалпы аумағы 2565 шаршы метрді құрайтын орталықта терапевт, кардиолог, хирург, травматолог, лор, эндокринолог, невропатолог, гастроэнтеролог, дерматолог, офтальмолог, стоматолог, гинеколог, уролог, педиатр және басқа да бағыттағы жоғары білікті мамандар қызмет көрсетеді. Сонымен қатар орталықта күрделі операциялар жасауға мүмкіндік қарастырылған. Балалар мен ересектерге арналған вакцина бөлмелері, зертханалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған лифт, заманауи жедел жәрдем көліктері жұмыс істейді.


6 айда 60 мыңға жуық азаматқа дәрігерлік көмек көрсетілді
Түркістанда алғаш рет онконауқасқа аса күрделі операция жасалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу