Түркістанда алғаш рет онконауқасқа аса күрделі операция жасалды

Түркістан қалалық орталық ауруханасында онкологиялық науқасқа алғаш рет гастропанкреатодуоденальды резекция атты жоғары технологиялық әрі аса күрделі операция сәтті орындалды. Бұл – онкохирургия саласындағы ең күрделі хирургиялық операциялардың бірі. Күрделі операцияны Түркістан қалалық орталық ауруханасының онкохирургы Ержан Ақбердиев МӘМС аясында сәтті орындады.
– 53 жастағы пациентіміз Түркістан қалалық ауруханасына жоспарлы түрде жатқызылды. Гастропанкреатодуоденальды резекция операциясы жасау керек деген шешім қабылданды. Бұл онкологиялық аурулардың ішінде ең күрделі әрі ең ұзақ жасалатын операция саналады. Операция барысында асқазанның шамамен үштен екі бөлігі, ұйқы безінің жартысы, он екі елі ішек, өт қабы мен өт жолдары толық алынады. Сонымен қатар, онкологиялық хирургияның халықаралық стандарттарына сәйкес ісіктің таралу қаупін төмендету мақсатында аймақтық (регионарлық) лимфа түйіндері де толық көлемде сылынды. Ең бастысы адам аман, операция сәтті өтті. Пациент үйіне қайтуға дайын, – дейді Ержан Тұрарбекұлы.
Гастропанкреатодуоденальды резекция – бірнеше сағатқа созылатын, бірнеше кезеңнен тұратын және ағзалардың анатомиялық тұтастығын қайта қалпына келтіруді қажет ететін жоғары күрделіліктегі хирургиялық операция. Аталған операцияның Түркістан қаласында алғаш рет сәтті орындалуы – өңірдегі онкологиялық хирургияның дамуы жолындағы маңызды жетістік.

– Осы ауру басталмас бұрын мені өт мәселесі мазалады. Сол бойынша тексергенде ісікті анықтап, операция жасады. Онкохирург Ержан Тұрарбекұлының емдеуімен операция сәтті өтті. Құдайға шүкір, барлық емім аяқталды. Аурухана басшылығына, дәрігерлерге, медбикелерге алғысым шексіз, – дейді Шардара ауданының тұрғыны Халима Мамырқызы.


