Тізе буынын эндопротездеу операциясы ауылда жасалды

Ордабасы көпбейінді орталық ауруханасында жоғары технологиялы медициналық көмекті дамытуға және кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталған тізе буынын эндопротездеу бойынша шеберлік сыныбы өтті. Аудандық аурухананың мамандарымен Темірлан ауылында сәтті өткен тізе буынын эндопротездеу операциясына Жетісу облысы, Талдықорған қаласының көпсалалы ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері А.Байболов, Түркістан облысы клиникалық ауруханасының штаттан тыс бас травматолог-ортопеді Н.Сахов, облыстық клиникалық аурухананың травматолог-ортопед дәрігері С.Сағымбеков қатысты.
Бұрын аудандық ауруханада жамбас буынын эндопротездеу операциялары тұрақты түрде жүргізілетін. Енді жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыру және тәжірибелі мамандардың қолдауымен тізе буынын эндопротездеу операцияларын да аудан деңгейінде жасау мүмкіндігі пайда болды.
Мастер-класс барысында заманауи хирургиялық әдістер мен емдеу тәсілдері қаралды, сондай-ақ медициналық қызметкерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге ықпал ететін тәжірибемен алмасу жүргізілді. Мұндай жобаларды жүзеге асыру Ордабасы ауданының тұрғындарына тұрғылықты жерінде жоғары технологиялық медициналық көмек алуға мүмкіндік береді, мамандандырылған емдеудің қолжетімділігін арттырады және көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсартады.
Ордабасы көпбейінді аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінде науқастарға зааманауи құрал-жабдықтармен және жоғары білікті мамандармен тәулік бойы тиімді көмек көрсетіледі.
– Хирургия бөлімінде травматологиялық, урологиялық, гинекологиялық операциялар жасалады. Былтыр 6 науқасқа жамбас буын аймағын протездеу операциясын жасадық, сәтті шықты. Оның төртеуі тотальды эндопротез, екеуі биполярлық эндопротез. 2025 жылы мамандарымыз урологиялық науқастарымызға резектоскоп, цистоскоп аппараттарымыздың көмегімен, сонымен қатар гинекологиялық науқастарымызға лапароскопиялық операциялар жасады, – дейді хирургия бөлімінің меңгерушісі Наурызғали Айтбаев.
Аурухананың хиурургия бөлімінде хиургиялық, гинекологяиылқ, урологиялық, травматологиялық, нейрохирургиялық және камбустиялогиялық профильдер бойынша қызмет көрсетіледі. Бөлімде лапароскопияға арналған Карлшторз құрылғысының, С тәрізді сәулелік аппаратының көмегімен операциялар жасалуда. 2026 жылғы басты мақсаттардың бірі – тізе буынын протездеу операцияларын кеңінен жүргізу еді, ол да жүзеге асты. Гинекологиялық профильде 36 науқасқа лапароскопиялық операция жасалып, оның ішінде кистоэктомия, тубэктомия және конверсия операциялары жүргізілді.
Жалпы Ордабасы көпбейінді аудандық орталық ауруханасы емханалық және ауруханалық қызмет көрсетеді. Емдеу мекемесінің құрамында 1 аудандық емхана, 5 бастапқы медициналық-санитариялық көмек орталығы, 6 дәрігерлік амбулатория, 25 фелдьшерлік-амбулаториялық пункт, 14 медициналық бекет бар. Ұйымның емхана бөлігі тіркелген 82 мыңнан астам тұрғынға дәрігерлік қызмет көрсетсе, аурухана бөлігі ордабасылықтармен қатар көршілес Арыс қаласы мен Бәйдібек ауданының түрғындарына да, жалпы алғанда 260 мыңға жуық адамға медициналық көмек береді.
Емдеу мекемесі биылдан бастап көпбейінді аудандық орталық аурухана статусын алды. Ауруханалық қызмет 9 бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, қабылдау, терапия, перзентхана, хирургия, невралогия, жұқпалы аурулар, оңалту, паллиатив, балалар бөлімдері. Әр бөлім өз бағыты бойынша науқастарға кешенді ем, күтім және медициналық қолдау көрсетеді.
Ұлттық акридиттеудің қорытындысы бойынша аурухана бірінші санатты иеленген. Бұл сапа мен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Аурухана ұлттық жоба аясында 2022 жылы қайта күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. 285 төсек орны бар ауруханада балалар мен ересектерге тәулік бойы мамандандырылған стационарлық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, стационар алмастырушы бағытта 100 төсек орынды күндізгі стационар қызметі қарастырылған.
100 төсек орынды күндізгі стационарда пациенттердің ауруханада түнемей-ақ емделулеріне толық жағдай жасалған. Мұнда қызмет көрсету екі ауысымда ұйымдастырылған. Науқастар дәрігерлердің бақылауларымен емдік процедуралар және қажетті медициналық көмектерді алады. Күндізгі стационар пациентке ыңғайлы, қауіпсіз және сапалы қызмет көрсетіп, аурухана жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
– Аудан бойынша 100 күндізгі стационар төсек-орны бар. Оның 25-і аурухананың бас ғимаратында орналасқан. Науқастар кардиология, нефрология және гарстроэнтерология бойынша ем қабылдайды, – дейді күндізгі бөлім дәрігері Венера Балтабай.
Білікті дәрігер, іскер басшы Райымбек Тасырбаевтың жетекшілігімен жаңарған Ордабасы көпбейінді орталық ауруханасының дәрігерлері уақытылы емдеп, жаңа емдеу әдістерімен қызмет сапасын арттыруда.
Асыл ДОС


