Көпбейінді аурухана көрші аудандарға да қызмет көрсетеді

Oinet.kz 03-06-2026

2026 жылдан бастап Ордабасы көпбейінді аудандық орталық ауруханасы статусын алған медициналық ұйым емханалық және ауруханалық қызмет көрсетеді. Емдеу мекемесінің құрамында 1 аудандық емхана, 5 бастапқы медициналық-санитариялық көмек орталығы, 6 дәрігерлік амбулатория, 25 фелдьшерлік-амбулаториялық пункт, 14 медициналық бекет бар. Ұйымның емхана бөлігі тіркелген 82 мыңнан астам тұрғынға дәрігерлік қызмет көрсетсе, аурухана бөлігі ордабасылықтармен қатар көршілес Арыс қаласы мен Бәйдібек ауданының түрғындарына да, жалпы алғанда 260 мыңға жуық адамға медициналық көмек береді.

Ұлттық акридиттеудің қорытындысы бойынша аурухана бірінші санатты иеленген. Бұл сапа мен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Аурухана ұлттық жоба аясында 2022 жылы қайта күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда ауруханалық қызмет 9 бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, қабылдау, терапия, перзентхана, хирургия, невралогия, жұқпалы аурулар, оңалту, паллиатив, балалар бөлімдері. ді. Медицина қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында біз осы Ордабасы көпбейінді аудандық орталық ауруханасының әр қайсысы өз бағыты бойынша науқастарға кешенді ем, күтім және медициналық қолдау көрсететін бөлімдері жайлы жазуды жөн көрдік.

Аурухананың алғашқы баспалдағы – қабылдау бөлімі.

– Қабылдау бөлімі – аурухана жұмысының алғашқы әрі ең маңызды кезеңі. Мұнда мамандандырылған медициналық толық көлемде қамтылған. Бөлімде тіркеу орны, терапевтік, педиатриялық, травматологиялық және акушерлік-гинекологиялық посттар тәулік бойы жұмыс істейді, – дейді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Айдос Бегабат.

Қабылдау бөлімі – аурухананың жүрегі, алғашқы сенім мен күтімнің бастауы. 2025 жылы 30 мың 564 науқас қаралса, оның 12 мың 827-і аурухана жатқызылған. Бөлім тәулігіне 90-нан 120-ға дейін науқас қабылдайды.

ордабасы-3.jpg

Перзентханада ана мен нәрестеге тәулік бойы қауіпсіз медициналық көмек көрсетіледі.

– Перзентхана ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Бөлімнің материалдық-техникалық жабдықталуы деңгейі 94 пайызды құрайды. Жүктілік патологиясы бойынша ем қабылдаған әйелдердің саны артып, болу мүмкін патологиялардың алды алынды. Мекемеде күн сайын жалпы дәрігерлік тексерулер жүргізіледі. Әрбір ана мен баланың жағдайы жіті қадағаланады. Екінші деңгейлі перзентхана өз құзіретінің аясында барлық қажетті диагностикалық және емдеу шараларын жүзеге асырады. Жаңа туған нәрестелерді күтіп бақылауға және сапалы медициналық көмек көрсетуге толық мүмкіндігіміз бар. Гинеколог дәрігерлеріміз барлық операциялық көмек түрлерін жасай алады, – дейді перзентхана бөлімінің меңгерушісі Балжан Сұлтанова.

ордабасы-4.jpg

2025 жылы бұл перзентханада 2022 сәби дүниеге келді. Кесарь тілігі арқылы босану саны 231 жағдайды құрады. Оның 142-сі жоспарлы, 89-ы шұгыл түрде орындалды. Кейінгі жылдары преэкламсия мен босанудан кейінгі қан кету жағдайлары төмендеп, ана мен бала өлімі тіркелмеді.

Аурухананың маңызды бөлімдерінің бірі – жансақтау. Бұл бөлімде өмірлік маңызды жағдайдағы науқастарға тәулік бойы көмек беріледі. Мұнда жылдам және сапалы қызмет көрсетіледі. Әрбір секунд маңызды. Сондықтан мамандар науқастың өмірі үшін үздіксіз күреседі.

– Жансақтау бөлімі 6 төсек орыннан тұрады. Оның үшеуі ересектерге, үшеуі балаларға арналған. Мұнда мамандандырылған дәрігерлер мен қызметкерлер жұмыс істейді. Көпсалалы аурухана болған соң түрлі күрделі кардиологиялық, инсульттік, травматологиялық, хирургиялық операциялар жасалады. Сондай ауыр жағдайдағы науқастарға бейінді көмек көрсетіледі, – дейді жансақтау бөлімінің меңгерушісі Ғалымжан Тастемір.

ордабасы-6.jpg

Жансақтау өмір үшін жанталасатын ең жауапты бөлім. Әр науқасқа тәулік бойы үздіксіз бақылау жасалып, кешенді көмек көрсетіледі.

Балалар бөлімі кәмелет жасқа толмаған пациенттерге тәулік бойы жедел әрі тиімді медициналық көмек көрсетеді.

– Балалар бөлімі 40 төсек орынға лайықталған. Бөлім 13 жалпы, 7 бокс палатадан құралған. 7 бокс палатамыз орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілген. Қажеттілік туындаған жағдайда науқастарымызды толық оқшаулау мүмкіндігіміз бар. Кішкентай пациенттердің сырқатттарынан толық айығуына білікті үш дәрігеріміз көмектеседі. Мерзімінен ерте туған және салмағы аз нәрестелерге күтім жасайтын арнайы палатамыз бар. Ана мен бала күтімін толықтай қамтамасыз етуге мейіргерлеріміз оқытылып даярланған, білім-біліктіліктерін арттырып тұрады, – дейді балалар бөлімінің меңгерушісі Мөлдір Елемес.

Былтыр мұнда 2037 бала ем қабылдап, сауығып отбасыларына оралды. Әрбір балаға тәжірибелі мамандар қауіпсіз әрі тиімді ем көрсетеді. Мақсат – әр баланың денсаулығын қорғап, уақытылы көмек беру.

Асыл ДОС


Тізе буынын эндопротездеу операциясы ауылда жасалды
Күрделі ота жасап, емдеп оңалтатын аурухана
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу