Жасанды интелект жұмысымызды жеңілдетеді

Ғани МЫРЗАБЕКОВ,
Түркістан қалалық емханасының басшысы:
Жасанды интелект жұмысымызды жеңілдетеді
– Ғани Бақтиярұлы, емханада қандай жаңа медициналық қызметтер немесе бөлімшелер іске қосылды?
– Кейінгі жылдары біздің мекемеде медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында бірқатар жаңа бөлімшелер іске қосылды. Атап айтқанда, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған мамандандырылған Ерте араласу бөлімшесі ашылып, балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтау және түзету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, педиатрия бағыты бойынша бейінді мамандардың (тар шеңберлі дәрігерлердің) қызметі кеңейтілді. Нәтижесінде балалардың даму ерекшеліктеріне ерте кезеңде баға беріп, ауытқулары бар балаларды дер кезінде анықтап, оларға ерте медициналық көмек көрсету жолға қойылды. Бұдан бөлек, цифрландыру аясында жасанды интеллект элементтері енгізілген медициналық ақпараттық жүйелер қолданысқа енгізілуде. Профилактикаға бағытталған жаңа бақылау және мониторинг қызметтері де іске қосылды.
Түркістан қалалық емханасында аймақтық қызметкерлердің жұмыс жүктемесін азайту және халықпен байланыстың тиімділігін арттыру мақсатында жасанды интеллект технологиялары енгізілді. Бұл өз кезегінде мейіргерлердің уақытын үнемдеп, еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде. Жасанды интеллект жүйесі пациенттерді дәрігер қабылдауына, скринингтік тексерулерден өтуге, флюорография және рентген зерттеулеріне, сондай-ақ балаларды профилактикалық екпелер алуға автоматты түрде шақырады. Скринингтік тексерулерден өту, профилактикалық екпелер алу және басқа да себептермен емханаға келуі қажет азаматтардың аты-жөндері мен байланыс нөмірлері жүйеге енгізіледі. Жасанды интеллект әрбір пациентке хабарласып, нақтылау сұрақтарын қою арқылы оларды тиісті тексерулерге шақырады. Бұл үдеріс операторлардың бақылауында болады және күнделікті түрде өзектендіріліп отырады. Қабылдауға келген азаматтар тізімнен шығарылып, кезек басқа пациенттерге бағытталады.
– Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін қандай нақты шаралар қабылданды?
– Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылданды. Ең алдымен, қызмет көрсету процесі толық немесе жартылай цифрландырылып, қағазбастылық айтарлықтай азайтылды. Атап айтқанда, еңбекке жарамсыздық парақтары мен 075 нысанындағы медициналық қорытындылар цифрлық форматта QR-код арқылы берілуде. Сонымен қатар, пациенттерді профилактикалық тексерулерге белсенді түрде шақыру жүйесі жолға қойылды. Бұл бағытта қоңыраулар мен хабарламалар арқылы ақпарат беру жүзеге асырылып, жасанды интеллект негізіндегі дауысты роботтар медициналық қызметкерлердің жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік беруде. Созылмалы аурулары бар науқастарды тұрақты бақылау күшейтіліп, олардың денсаулық жағдайына жүйелі мониторинг жүргізілуде. Бұдан бөлек, әйелдер мен балалар денсаулығына ерекше назар аударылып, үздіксіз бақылау қамтамасыз етілген.
Дәрігерлердің қолжетімділігін арттыру бағытында қабылдау процесі жетілдіріліп, медициналық қызмет көрсету сапасы жақсартылды. Сонымен бірге, пациенттермен кері байланыс жүйесі де жаңғыртылды. Қазіргі таңда колл-орталық арқылы түскен өтініштерді емхана деңгейінде арнайы сарапшы дәрігерге тікелей бағыттау тетігі енгізілді.
– Цифрландыру бағытында қандай жобалар жүзеге асырылуда?
– Алдағы уақытта жасанды интеллектіні ақпараттық жүйелермен толық интеграциялауды жоспарлап отырмыз. Бұл жүзеге асқан жағдайда жүйе пациентпен тікелей байланысқа шығып, оны дәрігер қабылдауына өзіне ыңғайлы уақытқа – күні мен сағатын, тіпті минутына дейін нақтылап жазуға мүмкіндік береді. Егер пациент белгіленген уақытта келе алмаса, жасанды интеллект автоматты түрде қайта байланысқа шығып, себептерін нақтылап, қайтадан ыңғайлы уақытқа жазып береді. Қазіргі таңда емханадағы жасанды интеллект жүйесінің мүмкіндігі жоғары: ол минутына 5 мыңға дейін, ал тәулігіне 100 мыңға жуық азаматқа хабарласа алады.
Сонымен қатар, әйелдер денсаулығын бақылауға арналған цифрлық қадағалау жүйесі енгізілді. «Дені сау ана – дені сау ұрпақ» қағидатын негізге ала отырып, әйелдердің, оның ішінде туу жасындағы және жүкті әйелдердің денсаулығын бақылау толық цифрлық форматқа көшірілді. Бұл бағытта медициналық ақпараттық жүйелер өзара интеграцияланып, «Google Docs» платформасы арқылы онлайн режимде деректер базасы қалыптастырылған. Жүйеде әрбір әйелге қатысты зертханалық және аспаптық тексерулердің нәтижелері, бейінді мамандардың қорытындылары және жеке медициналық ерекшеліктері енгізіледі. Әр дәрігер мен мейіргер өз учаскесіндегі пациенттердің мәліметтерін базаға уақтылы енгізіп отырады. Бұл жүйе арқылы қай пациенттің тексеруден өткенін немесе өтпегенін жедел анықтауға болады. Нәтижесінде мониторинг тиімді жүргізіліп, тәуекел топтағы әйелдерді дер кезінде бақылауға алу мүмкіндігі артты. Бұл өз кезегінде ауыр жағдайдағы жүкті әйелдердің санын азайтуға және ана мен бала өлімінің алдын алуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, емханада азаматтармен кері байланысты күшейту мақсатында Telegram-бот енгізілген. Бұл бот арқылы тұрғындар емхана қызметі туралы толық ақпарат алып, жиі қойылатын сұрақтарға жедел жауап таба алады. QR-кодтар емхананың барлық бөлімшелерінде орналастырылған, бұл ботқа қосылуды жеңілдетеді.
Тағы бір маңызды жоба – емханада «СЕНІҢ ЖИ КӨМЕКШІҢ» атты арнайы терминалдың іске қосылуы. Бұл жүйе арқылы азаматтар тіркеу бөліміне жүгінбей-ақ қажетті ақпаратты алып, дәрігерге жазылып, өз денсаулығына қатысты мәліметтерді жедел түрде біле алады.
Сұқбаттасқан
Сезім МЕРГЕНБАЙ


